АВТОБУСТА ОТЫРҒАН ҚЫЗ

Алматы – егемен еліміздің ертеңін жалғайтын, келешегіміздің кірпішін қалайтын жастар қаласы. Мың бояулы шежірелі шаһар еліміздің әр түкпірінен асқақ арманын арқалап келген жастардың қаласы болып қала береді. Ата-ананың үкілі үміті мен сенімін арқалап, жоғары оқу орындарында білім алып жүрген бүгінгі жастар ертең қоғамның қозғаушы күшіне айналатыны ақиқат. Ұрпақ ұғымы ұлт ұғымына ұласатындықтан, ұрпақ тәрбиесі ұлт тағдырына тікелей байланысты екені белгілі. Тәрбиені тілге тиек еткенде әр отбасында, әсіресе, қыздардың тәрбиесіне өте мұқият қараған абзал. Себебі, бүгінгі бойжеткендер ертең «бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербететін» болашақ аналарға айналатынын ұмытпағанымыз жөн.

Балнұр АХМЕТ

Жастарды жамандағанымыз емес, алайда Алматы көшелерінде жүрген кейбір қыздарды көріп сүйсінесің, көбісін көріп күйінесің. Жалбыраған шаштарын түрлі түске бояп, көше­лерде жартылай жалаңаштанып, әр түрлі сән көрсетіп жүрген қазақтың қыздарын күнде көріп жүргеніңізге күмәнданбаймыз. Шынын айтқанда, «Бүкіл әлем – сенің сахнаң» деген жарға жығатын жарнамадағы мәтінді ұрандатып, ашық-шашық жүруді ұят санамайтын қазақ қыздарының көбейіп келетіні жаныңа батады. Қоғамдық көлікте жыртық-жыртық джинсы киіп, қыпша белін, кіндігін көрсетіп, нәзіктігімен ер-азаматтарды сүйсіндіріп, төңіректегілерді тәнімен тамсандырып тұрған қазақ қыздарын көргенде олар үшін іштей ұяласың. Әсіресе, ыстықты сылтауратқан қазақ қыздарының жаз мезгілінде жартылай жалаңаштанып шығатындығы жаман әдетке айналғаны өкінішті.

Қазақ қызы өзінің тағылымды тәрбие­сімен, мінез-құлқымен, киім киісімен, іс-әрекетімен, жүріс-тұрысымен өзгелерге үлгі-өнеге болғаны қандай әдемі! Айтпақшы, іс-әрекет, жүріс-тұрыс демекші, жақында қоғамдық көлікте бара жатқанда айналасын­дағы адамдарды елемей, екі аяғын созып орындыққа жайғасып отырып алған қазақ қызының қылығы көзге өте қатты ерсі көрінді. Үйінде отыр­ғандай құрбыларымен емін-еркін әңгімелескен бойжеткен өзінің бұл қылығына қоғамдық көліктегі жолау­шылардан қысылған да жоқ. Авто­буста отырған қазақ қызының бұл қылығына ешбір қазақ ескерту жаса­ған да жоқ. Себебі, қазіргі жастардың ешқайсысы айналадағы адамдардың ақылына мұқтаж емес.

Жалпы, жастардың қазіргі мінез-құлқы, киім-киісі, іс-әрекеті, жүріс-тұрысы – мұның бәрі ұялы телефонның «теріс тәрбиесі». Өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналған ұялы телефон ХХІ ғасырдағы адамзат баласының қасіретіне айналғаны ақиқат. Адамзат атаулының телефонға телміріп, келе­шекке кете беруі өте қауіпті әрі қорқы­нышты тұңғиыққа батырады. Телефон­ның ішінде өмір сүретін қазіргі қазақ жастары қайда бара жатыр екен осы?.. Біз қазақ жастарының қолына теле­фонын емес, кітабын ұстап келе­шек­ке қадам басқанын қалаймыз. Көңілде бір ғана ниет – қазақ жас­тары жамандыққа жетелейтін жолмен келе­шекке кете бермесе екен, жас­тардың жүре­гіндегі ақыл көзі ашылса екен дейміз. Күндіз-түні қолдарынан таста­майтын теле­фондары жастарды адамгер­шілік асыл қасиеттерден арыл­тып, тексіздікке, теріс тірлікке тәр­биелеп, жамандыққа жете­леп, санасын улап, жан-дүниесін жала­ңаштап жатқанын жас ұрпақ көңіл көзімен көре білсе екен. Қазақ қызы қашан да қылығымен сүйсіндірсін.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *