АВТОБУС ЖЕЛІЛЕРІН ДАМЫТУ — ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Алматы қаласының  әкімі аудандардың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайларымен таныса келіп, Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, қалалардың «шеті жоқ қала» принципі бойынша дамитынын атап өтті.

Алатау ауданына жұмыс сапарымен барған шаһар басшысы көлік инфрақұ­рылымымен, тұрғын үй салудың қарқы­нымен, энергетикалық кешендерді модер­ни­зациялаумен танысты, өртке қарсы қызметті дамыту, балалардың ойын алаң­дарының, әсіресе батуттар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылады.

Мегаполис үшін автобус желілерін дамыту мәселесі өзекті бағдарлардың бірі. Оны дұрыс шешу үшін 200 авто­бусқа арнал­ған №3 автопарк және жеке тасымал­даушының 130 автобустық базасы салы­нуда. Кәсіпорын басшыла­рымен бағыт­тарды субсидиялау, жыл­жымалы құрамды жаңарту және жүргізушілер мен басқа мамандық иелерін дайындау мәселелері талқы­ланды. «Автобустар жаңаруда, қала­лықтардың сапалы қызметке деген сұранысы артуда, демек тасымалдау­шылар персоналының біліктілігі жоғары болуы тиіс. Колледждермен бірге жұмыс істеп, жүргізушілердің, механик­тердің, электрик­тердің және басқа да мамандық иелерінің жетіс­пеушілігін шешуге болады», – деді Бақытжан Сағынтаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту мәселелері шешімін табуда. Қала әкімі Алатау ауданына қарасты  «Алғабас» мөлтек елді-мекеніндегі тұрғын үй құры­лысы­ның барысымен танысты. Мұнда 8,3 га учаскеге 23 үй салынуда.

Бақытжан Сағынтаев  мөлтек аудан­дарды орталықтандыру принципі бойынша дамыту қажеттігін әрі  барлық әлеуметтік инфрақұрылымдардың жа­қын орналасуы тиіс екендігін атап көрсетті. «Мұнда сквер, емхана, тіпті дүкен қарастырылмаған. Сон­дықтан Жайлы қалалық орта басқарма­сына кейінгі жобалардың бірінші қабат­тарына әлеуметтік нысандардың орна­ла­суын қарастыруды тапсырамын», – деді мегаполис басшысы.

ЖЭО-2  мекемесінде болған кезінде қала басшысына ауаның залалдануын азай­туға қатысты жүргізіліп жатқан шаралар туралы баяндалды. Б.Сағын­таев тиісті қызметтерге барлық нұсқа­ларды  саралап, қысқа мерзім ішінде нақтылы ұсыныстар беруді тапсырды.

Қазіргі кезде Алатау ауданының 13 мөлтек елді-меке­нінде ұзындығы 118 шақы­рым болатын 442 көшеге жол төсе­луде. Ұзындығы 23,6 шақырымды құ­райтын 24 көшені жөндеу жоспар­лан­ған.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *