АВТОБӨЛШЕК САУДАСЫ НЕГЕ КЕНЕТТЕН ТЕКСЕРІЛДІ?

Бәрі қазақстандық белгілі мұзда мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Теннің қапылыста болған қайғылы қазасынан кейін басталғандай. Өйткені, ол жеңіл көлігінің айнасын ұрламақ болған ұрылардың үстінен түсіп, солардың қолынан қапияда опат болғаны белгілі. Осыдан соң-ақ елдегі Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалалардағы автомобиль бөлшектерін сататын базарлар жіті тексеріле бастаған болатын.

Құттыбек Аймахан

«Кар сити» базарында ұрланған бӨлшектер сатыла ма?

Атап өтетіні, биылғы шілденің 20-сынан кейін қаламыздың бүкіл ішкі істер қызметкерлері аяғынан тік тұрып, шаһардағы ірі автобөлшек сататын «Жібек жолы» базарын тексере бастады. Міне, соның нәтижесінде бұрын қолда­ныста болып, пайдаланылған автобөл­шектер сатумен айналысқан және Алматыда тұрақты мекен-жайы болма­ған 416 азамат тез арада жергілікті поли­ция бөлімдеріне жеткізіліп, тыңғы­лықты тексеруден өткен екен.

Ал ертесіне қаламыздың оңтүстік батысындағы Төле би мен Өтеген батыр көшелерінің қиылысында орналасқан «Кар сити» автобөлшектер базарына жүзден астам ішкі істер, қылмыстық және ювенальды полиция және есірткі бизнесімен күрес басқармасының қызметкерлері сау ете қалған. Бұл ретте, тіпті, «Кар сити» автобазарының аумағы 200-дей құқық қорғау қызметкерлері күшімен толықтай қоршауға алынды десе де болғандай…

Сөйтіп, кездейсоқ басталған тексе­рістер барысында ешкім де сыртқа шыға алмай қалған дейді. Оны айтасыз, керек десеңіз, базар жанына қойылған автокө­ліктерді күзетушілерінің өздері де қажет­ті құжаттарын көрсетпей, тексеру жүр­гізуші полицейлер құрығынан босана алмаған.

Осы мезетте басқа құқық қорғау­шылар базарлардағы сауда қатарларын сүзіп шыққан. Осыған байланысты олар автобөлшектер сатушыларының жеке куәліктерін, саудаға рұқсат беретін қағаздарын (лицензия) қарап өткен. Осы орайда автобөлшектер сатушылардың басым көпшілігі Алматы қаласына көрші облыстардан келгендігі анықтал­ған. Ал олардың кейбірі біздің қалада бірнеше жылдан бері тұратындарын айтып ақталғандай болған.

 

Бұрын пайдаланған бӨлшектер жіті тексерілді        

Сөйтіп, кездейсоқ тексеру кезінде тексе­руші полицейлер кәсіпкерлерге алдымен «Ұрланған автобөлшектер сатып жатқан жоқсыңдар ма?» деген бір- ауыз сұрақ қойған. Әрине, осыған байланысты көпшілік сатушылар өзде­рінің таза сауда жүргізіп отырғандарын алға тартқан. Керек десеңіз, олардың арасындағы қайсыбір пысықай кәсіп­керлер «Не дегеніңіз бұл?! Ұрланған дүниені сату шариғат бойынша «харам» деп саналмай ма?» деп өз істерінің адал екендерін айтып, соңғы сөздерімен сендіре ақталмақ болған.

Жалпы, сауда болған соң небір қи­тұрқы әрекеттердің орын алатыны бел­гілі. Сондықтан да тексерістің болаты­нынан алдын-ала хабарланған кейбір аса қу әрі сақ кәсіпкерлер сол күні, тіпті, дүңгіршектерін құлыптап кетіп үлгерген. Ал күдік тудырды деп саналған қайсыбір сатушыларды поли­цейлер арнайы аппаратуралармен жарақ­талған маши­наға апарып, құжат­тарын база бойынша тексерген. Оның үстіне бұл жолы «Кар сити» базарында негізінен бұрын пайда­ланған автобөл­шектер жіті тексерілген.

Әрине, заң бойынша полицейлердің саудагерлерді жаппай тексеруге ешқан­дай құқықтары болмаған еді. Сондықтан да олар бұл жолы тек көзбен шолып шығу түрінде ғана тексеріс жүргізгенін айта кеткен жөн. Соған орай, Алматы қаласы ІІД-нің ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Әрине, тексеру кезінде өзде­рінің ұрланған заттарды сатып жатқанын ешкім де мойындаған жоқ. Соған қарамастан, оларды еденге жатқызып қойып тексерген жоқпыз. Бәрібір де заңды білмеу ешкімді жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі. Осы орайда біз осыған айрықша мән бердік. Ал ұрлан­ған заттарды сатып алып, қайта сатумен айналысатындарды қылмыстық полиция күшімен анықтауға тырысамыз. Бұл ретте азаматтардың Қылмыстық кодек­ске сәйкес ұрланған заттарды сатып алғандардың 3 жылдан аса уақыт­қа бас бостандығынан айырыла­тынын есінен шығармағаны жөн», – деп атап көрсетті.

Қысқасы, «Кар сити» автобазарында қапылыста өткен тексеру нәтижесінде ішкі істер бөлімдеріне 94 адам жеткізіл­ген. Оның ішінде біздің елімізде заңсыз жүрген 17 Өзбекстан азаматы анықтал­ды. Одан қалды, тексеру жүргізілген «Жібек жолы» және «Кар сити» автоба­зарларында жұмыс істейтін жүзден астам адамда бірде-бір құжат болмай шыққан. Сондай-ақ, олардың арасында 50 саудагер көші-қон заңын өрескел бұзса, соған дейін іздеуде жүрген тағы тоғыз адам құрықталған. Әсіресе, аяқ-астынан жүргізілген тексеріс барысында ұрланған заттарға қатысы бар деген күдікпен 5 саудагер ұсталған. Өйткені, олар көлік айнасы мен әйнегінің, авто­көлік бүйірінде тұратын айна ұстағыш­тың, тұманға қарсы жарық жүйесінің, автомагнитола секілді көптеген бөлшек­тердің қайдан әкелінгенін құжат жүзінде дәлелдей алмаған. Сол себепті, қолда­ныста болған заттарды сатып жүрген оларға қатысты жедел іздестіру жұмыс­тары кезінде белгілі бір қызығушылық туындатқан. Ал егер олардың қылмыс­тары, яғни автобөлшектердің қылмыс­тық жолмен келгені нақты дәлелденсе, онда ол күдікті 5 адамның әрқайсысы бес жылға сотталып кетуі де ғажап емес.

 

Алматыдан соң Астана мен Шымкент автобазарлары да тексерілді         

Осылай Алматыдан басталған тексе­ріс­терден кейін  еліміздегі тағы екі ірі мега­полис – Астана мен Шымкент қалала­рының автобөлшек  базарлары түгел назарға іліккен. Бұл ретте бір ғана Аста­наның өзіндегі екі автобөлшек сауда орталығын тексеруге ғана 400-дей поли­цейлер тартылған екен. Оларда да дәл Алматыдағыдай жеңіл көлік айна­ларынан бастап, қуаттағыш, дөңгелек пен әйнектерге дейін бөлшектер қажетті құжаттарымен салыстырыла тексерілген. Сондай-ақ, іс-шара барысында кәсіп­керлердің  ҚР Қылмыстық кодексінің 196-бабына сәйкес, яғни ұрланған затты пайдаланғаны үшін  жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертіліп өткен.

Ал Шымкент автобазарларындағы тексеру Астанадан сәл бұрын басталып, шырайлы шаһардағы автобөлшектерді алып-сататын ең үлкен сауда орталығын  бірден  200-ден аса полиция қызметкері «басып қалған». Сөйтіп, мұнда да авто­бөлшектер сатушылар мен алушылардың әрқайсысы жеке бас құжатынан бастап, бөлшектердің қайдан келгені жайлы түсінік берді.

Нәтижесінде бұл  кенеттен басталған тексеріс кейбір полицейлер үшін «үлкен олжамен» бітіп, сөредегі автобөлшек­терді қайдан алғанын айта алмаған 37 сатушы-кәсіпкер бірден жергілікті полиция бөліміне жеткізілген. Дегенмен, заңсыз әрекеттері шығып жатса да, тексерістер саудагерлерге ұнаған жоқ. Осы орайда сатушылар: «Бұл жерде ақымақ адам жұмыс істемейді. Өйткені, біз алып келген затты алдымен тексеріп аламыз. Ұрланған зат керек емес. Заңды білеміз. Құжатын қарап аламыз. Өйтке­ні, Алматыда құжатсыз жүрген келім­сек­тер қуылып жатыр.  Көлік бөлшегін ұрлаушылар мен қолды болған мүлік сатушыларды құрықтауға кіріскен сақшылар заңсыз еңбек мигранттарын да шетінен қамап жатыр», – дейді.

 

Базар жағалағандардың дені құжатсыз жүр

Осылай үш күн ішінде жүргізілген тексерістер қалада 430 көші-қон заңын бұзған шет ел азаматы ұсталып, әкімші­лік жауапқа тартылған. Оның 121-ін елдеріне қайтарыпты. Сосын сол күні кешкісін құрылыс басынан тағы да заңсыз жүрген 15-тен астам шет ел аза­ма­тын анықтаған полицейлер, бұлардың қатары әлі де көбейе түсуі мүмкін екенін айтады. Себебі, құзырлы орган қызмет­керлері сенбі-жексенбі күндері де қаланың қуыс-қуысын түгел тінтімек болып алақандарын ысқылап отыр.

Әрине, күнкөрістің қамымен Қазақ­станды жағалағандардың дені құрылыс нысандарында жұмыс істейді. Тіпті, тексеріс барысында олардың кейбірі қоғам­­дық тамақтану орны мен базар айма­­ғында еш алаңсыз алшаң басып жүр­ген жерінен ұсталыпты. Онымен қоймай, олардың барлығы құжат көрсете алмай тосылып қалған. Осыған орай, Алматы қалалық ІІД Көші-қон поли­циясы бас­қармасы взвод командирінің орынбасары Жарас Байсалбаев: «Ондай­лардың қолға түскендерін ішкі істер бөліміне алып барып, жан-жақты тексе­реміз. Ал бұл ретте қолында құжаттары бол­мағандарды заңды немесе заңсыз жүргенін анықтай­мыз. Көбіне олардың барлығы Өзбекстан, Тәжікстан және Қыр­ғызстанның азамат­тары болып келеді», – дегенді айтады.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *