АУЫРЫП ТҰРДЫҢ, АУНАП ТҰРДЫҢ…

Дегенмен, ота жасату оңай еместігін оны басынан өткерген жандар жақсы түсінетін шығар.  Мен қазір «кәрілік келіп қалдың қай жағымнан» дейтін жасқа келген адаммын.  Адамның жасы ұлғайып, сол кәрілік деген шіркінмен ере келетін сырқаттардың  да сырын табу оңай  емес көрінеді.

Әйтсе де,  басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса,  Жаратқанның уақытын жеткізбеген ажалына арашасы болар деген үмітпен дәрігерлерге жүгінетіміз ақиқат. Мен де сырқатым сыр беріп, ота жасату қажеттілігі туындаған соң,  Алматы қаласындағы   Medіterra заманауи  медицина орталығының дәрігерлеріне қаралған едім.   Денсаулығым жөніндегі кітапшамды  мұқият ақтарып көрген орталық дәрігерлері ота жасатпасам, бұл аурудың асқынып,  күрделі сырқатқа ұласып кететіндігін айтып түсіндірді. Орталықтың  бас дәрігері Алмат  Лесұлы Егізековтің қабылдауында болдым.  «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп қазақ текке айтпайды ғой, Алмат бауырымның әрбір сөзі,  ауруымның жағдайын түсіндіргенінің өзінен сырқатымнан біржола айығып кеткендей күй кештім. Дәрігерлердің барлығының мінезі шіркін, дәл осы Алматтай болса, науқастардың барлығы ауруханаларға қорықпай-ақ барар еді. Өкінішке орай, бес саусақ бірдей емес қой. Бүгінгі көп дәрігердің жүйкесі жұқа,  жылы сөзге сараңдау. Балаларым ота жасату керек дегенде көнбей қойған басым Алмат  Лесұлының  айтқанына көніп, ота жасаттым.  Орталықтағы құрал-жабдықтар да қаламыздағы көп емдеу мекемелерінде жоқ  заманауи жабдықтар екен. Қолы шипалы, аузы дуалы алтын қолды дәрігерлер сырқатымды сылып алып тастады. Сөйтіп, тоқ ішектің қызметіне кедергі келтірген пәлекеттен құтылып,  ауруымнан  айықтым.   Өзіңе жақсылық жасаған адамға сенің де жақсылық жасағың келіп тұрады емес пе, сол ниетпен өзім сүйіп оқитын «Алматы ақшамы» газетінің денсаулық мәселелеріне арналған «Дәругер» беті арқылы Medіterra заманауи  медицина орталығының дәрігерлеріне   алғысымды жеткізгім келеді. Әсіресе, бас дәрігер Алмат Лесұлы Егізековке және ең басты емдеуші дәрігерім, қазіргі медициналық технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, епті саусақтарымен маған ота жасаған  торакальды  хирургия және өкпенің қабыну аурулары бөлімінің меңгерушісі Ешмұратов Тимур Шарханұлына алғысым шексіз. Олар күніне қанша адамға ота жасайды. Соның барлығы  Алмат пен Тимурдың адамгершілік қасиеттеріне сүйсініп, Тимурдың қолының жеңіл, емнің  шипалы екендігін айтып, алғыстары мен ақ баталарын жаудырып кетіп жатқандарын көргенде риза боламын да, дәрігерлердің барлығы осындай болсашы деген ізгі ниетімді білдіремін. Аман болыңдар, жаны ізгі жандар. Есік ашып, төрлеп жатқан 2019 жыл сіздердің отбастарыңызға тек жақсылық пен жан жылуын төксін.

 

 

 Ізгі тілекпен,  ағаларың  Ерқанат САҒАТБАЙҰЛЫ.

  Алматы қаласы.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *