АУЫЛЫҢНЫҢ ҚАДІРІН ЖЫРАҚТА ЖҮРСЕҢ БІЛЕРСІҢ НЕМЕСЕ ЖАҢАРҒАН «ЖАҢАҚОРҒАН» ШИПАЖАЙЫ ТУРАЛЫ

 Салауатты өмір салты

 

 ӘнуарбекӘУЕЛБЕК

 sanaturyaЖаңақорған жақтың тумасы болған соң, елдің бәрі менен сондағы шипажай жайында көп сұрайтын. Кейде білгенімді айтып, кейде жалтара жауап беруге тура келіп жататыны да рас еді. Он сегіз жасында ауылдан Алма­тыға кетіп қалған бала сол уақытта шипажайға барып ем алып көрді ғой дейсіз бе? Бала кезде ішін, қуыс-қуысын ойсыз, алаңсыз аралап, бозбала кезімде сыр­ты­нан қыз-қырқынын ғана тамашалап жүргенім бол­маса, шипажайдың өзіне мән беріп көрмеген екенмін.   

Алматыда оқу бітіріп, балалы-шағалы болып, ақыл тоқтата бас­таған кездері ғана «Жаңақорған» шипажайы туралы өз бетімше зерт­теп біле бастадым. Сонда көзім жеткен нәрсені бір ауыз сөзбен айт­қанда, Жаңақор­ған­ның батпағы – жер бетінде сирек кездесетін шипа­лы қа­сиетке ие ерекше батпақ. Бірақ, осы бір ауыз сөздің арғы жағында талай сыр жатыр…

 Шынымды айтсам, мен зерттеп біл­гелі бері қай заман, одан бері «Жаңа­қорған» шипажайында ғана емес, бүкіл еліміздің өмірінде де сан түрлі өзгеріс­тер, жаңа­лықтар болды. Біздің шипа­жайдың басына бақ қонып, дүрілдеп тұрған кездері де, басына қонған бақты бағалай білмей, қуарып, қураған уақыттары да болмай қалмаған. 

Қыр-сырын білетін көнекөздердің айтуын­ша, шипажайға жан бітірген Теріс­кен көлінің кереметі жайлы ертеден айты­лып келсе де, оның нақты емдеу орны ретінде жұмыс істеуі 1918 жылдан басталған сияқты. Алғашқы кездері КСРО-ның Жол қатынастары министрлігіне, кейін денсаулық сақтау жүйесіне, ал 1960 жылдан бастап Қазақ­стан Кәсіподақтары федерациясы құзырына қарайды. 1941-45-жылдары соғыста жараланған жауынгерлерді емдейтін әскери госпитальға да айналған.

1997 жылға дейін оннан астам бас­шының жетекшілігімен хал-қадерінше тіршілік еткен шипажай жұмысы  ара­сында аздап ақсап, тіпті, бірнеше ай бойы­на өз қызметін тоқтатуға да мәж­бүр болған. Өтпелі кезеңнің салқыны қатты тиген уақыттарда қаңырап қала жаздаған шипажай ғимараты, тіпті, жекешелендіру науқанының екпінімен шетелдіктердің қолына да өтіп кете жаздайды. Елдегі ойлы да зиялы, ел қамын жеген жанашыр азаматтар, әрине, бұған жол бермеді.

Көптің қалауымен 1997 жылы шипа­жай тіршілігі барлық жағынан ақсап, тоқырап тұрған кезінде оның басшы­лығына Амангелді Абдуллаев келеді. Бұрын Жаңақорған  ауданының «Бір­лік» кеңшарының директоры болып, елдің ризашылығына бөленген ол келе сала, төленбеген салық қарызы, жұмыс­шылар жалақысы сияқты күрделенген мәселелерді шешіп, мекеме жұмысын қайта жолға қояды. Қазір шипажайдың бас директоры болып, сауықтыру орталығының қыр-сырын білуге ерте араласқан Амангелді ағаның ұлы – Бақытжан Абдуллаев қызмет етіп келеді. Шипажайға деген жанашырлық көзқарас пен тынбай ізденіп еңбектену өз нәтижесін бермей қоймады. Оған Қызылорда облысының басшылығы да, Жаңақорған аудандық әкімдігі де әрқа­шан қолдау білдіріп, сауықтыру орта­лығының жағдайын жақсартуға жыл сайын қолдан келген көмегін беріп келеді.

Мақтанған соң, дұрыстап мақта­найын да, шипажай аумағынан 1988 жылы табылған минералды судың құра­мы дүние жүзіне аты мәшһүр Кавказ­дың Железноводск қаласындағы мине­ралды қайнар көзінен шығатын шипалы судың құрамымен бірдей екенін елі­міздің арнайы ғылыми-зерттеу орта­лықтары анықтап, қуана дабыл қақты дегенді де естігенбіз. 1994 жылдан бері ішкі ағзалар ауруларын емдейтін емдік қасиеті жоғары, құрамы жөнінен Железноводскінің Смирновский суы­мен сәйкес келетін бұл минералды су ем алушылардың денсаулығын түзеуде оң нәтижесін  беріп келеді екен.   

2008 жылы шипажайдың 90 жыл­дық мерейтойына орай «Жаңақорған» шипажайы АҚ-ның бас директоры А.Абдуллаевтың «Теріскен тірегі» атты сауықтыру орнының тарихынан жан-жақты мағлұмат беретін кітабы жа­рыққа шыққан болатын. Шипажай тари­хын баян ететін осы бір жұқа кітапшадан қажетті мол мағлұмат алуға болады. 

Шипажайдың бүгінгі хал-жағдайын директордың емдеу ісі жөніндегі орын­басары Ғабит Үйсінбаев мақтанышпен айтады. Бүгінде шипажай 7 корпустан тұрады, барлығы 420 орынға арналған. Жылдың қай мезгілінде болсын, емделушілер қатары бір сәт үзілген емес. Орта есеппен жылына мұнда 15 мың адам ем қабылдайды. Жұрттың дер­тіне дауа, жанына шипа болатын балшық өзінің түсімен де, түрімен де, қасиетімен де таңдандырады.  Шипа­жайдың негізгі емдік қоры да осы – «Теріскен» көлінің табиғи қара батпағы мен тұзды суы.

Жаңақорғандағы темір жол бекеті мен автобекеттен шипажайға баратын ар­найы көлік қатынасы жолға қойыл­ған.   

Шипажайда қосымша жасалатын физиотерапиялық емдеулер

 Ультрадыбыс, электрофорез, УВЧ, амилипульс, солюкс, УФО, лазер тера­пиясы, үгудің алуан түрі. Емдік меди­цинаның соңғы үлгідегі диагности­калық аппараттары мен УЗИ, ФГДС, ЭКГ зерттеулері жолға қойылған.

 Шипажайда емделетін сырқат түрлері

 1. Сүйек-буын аурулары: полиар­трит, артрит, артрозоартрит, остео­хондроз, ревматроидты полиартрит, бруцеллезді полиартрит;

2. Перифериялық нерв жүйелерінің аурулары: неврит, полиневрит, радикулит, полирадикулоневрит, омыртқа жұлын жарақаттарының зардаптары, грыжа Шморля;

3. Гинекологиялық аурулар: созыл­малы аднексит, сальпингоофорит, бірінші және екінші бедеулік;

4. Урологиялық аурулар: созыл­малы простатит, ерлер ұрықсыздығы, ерлер белсіздігі;

Минералды сумен емдеу:

5. Асқазан, бауыр, ішек, өт жолдары аурулары: созылмалы гастриттің барлық түрі, колит, дуоденит, гепатит, холесистит, өт жолдарының дискене­зиясы, созылмалы пиелонефрит, семіздік, подагра;

6. Стоматологиялық сырқаттар: парадонтоз, стоматит, гингивит.

Байланыс телефондары: 8 (724) 35-22-3-80, факс: 22-3-87; 

E-Maіl: jana_sanatorіa@maіl.ru, веб-сайты: http://janakorgan.kz.

«Ақшамның» анықтамасы

 «Жаңақорған» шипажайы АҚ Қызылорда облысы, Жаңақорған кентінің жанында, қарт Қаратау мен ежелгі Сыр өзенінің ортасында, екінші Мекке аталатын тарихи қала Түркістанның іргесінде орналасқан. Өзінің кли­маттық ерекшелігі мен табиғи емдік-шипалық балшығының арқа­сында алыс та жақын шет елдерге танымал байырғы шипажайлардың бірі болып табылады. 1918 жылдан бастап халықтың денсаулығын қалыпқа кел­тіріп, сонау сұрапыл соғыс жылдары жаралыларды балшығы мен тұзды суымен емдейтін госпиталь қызметін атқарып және кейінгі бейбіт өмір­де жүз мыңдаған демалушыларды сауықтырып, зор абыройға бөленіп келеді. Шипажайдың негізгі емдік қоры — «Теріскен» көлінің табиғи қара батпағы мен тұзды суы. 1994 жылдан бері шипажай төңі­регінен ішкі ағзалар ауруларын емдейтін емдік қасиеті жоғары, құрамы жөнінен Железноводскінің Смирновский суымен сәйкес минералды су табылып, ол ем алушылар тарапынан лайықты бағасын алып отыр.

 Керек дерек

 Шипажайдың 7 корпусы бар. Шипажай 420 орынға арнал­ған. Шипажайдағы демалушыларға арналған орын­дар – жай орын, люкс, особняк деп бөлінеді. Барлық орын­дар санитарлық нормаларға сәйкес келеді.

Шипажайда демалушыларға 260 адамдық асхана қыз­мет көрсетеді. 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *