АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АКАДЕМИГІ

мемлекет және қоғам қайраткері Қилыбай Үсенұлы Медеубеков туралы бір үзік ой

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» дейді дана халқымыз.  Кейінгі жаңа буын жас ұрпақ тәрбиелеуде ірі тұлғалы  азаматтарымыздың еңбегі мен өнегесін  айтып, үлкен  жетістіктерге қалай жеткенін, тәжірибелік мән-мағынасын айтып беру, жеткізу сол ағалардың көзін көрген, тікелей тәлім-тәрбиесін алған мына біздерге парыз деп түсінемін. Өзім өнегесі мен шарапатын  көп көрген  Қилыбай Үсенұлы Медеубеков ағамыз арамызда болғанда  биылғы жылы 15 мамырда 90 жасқа келер еді.

Қилыбай ағамыздың ғылыми еңбек жолы мен өмір мектебі мына біздер мен кейінгі буын жастар үшін мектеп. Бойындағы білімге деген құштарлығы мен барлық күш-қайратын, құлшынысы мен талпынысын өзіне бағындыра біліп, еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының әлі де шешімін таппай жатқан күрделі кезеңінде өз ғұмырын ғылым жолына арнауының өзі Қилыбай ағаның көреген­дігі, әрі ел үшін пайдалы болатын жолды дәл тауып таңдауы деп білем. Әрине, ең алдымен, Қилыбай Үсенұлы Медеубеков ағамыздың тұлға болып қалыптасуына ықпал еткен өзінің туып-өскен ортасы, отбасында алған тәрбиесі және оның өзінің жақсы адам болуға деген зор құлшынысы деп ойлаймын.

«Адам баласының жақсы мінез-құлқы жараты­лысынан емес, өскен  ортасында көрген үлгі-өнегеден», – дейді М.Әуезов.

Ағамыздың туған ауылы, өскен ортасы Оңтүстік Қазақстан – қазіргі Түркістан облы­сын­дағы Қазығұрт ауданының Қызыл Дихан мекені еді. Мақтанышпен айта кетейін, осы ағамыздың туып-өскен ауылынан 20-дан аса ғылым докторлары мен кандидаттары шыққан! Және де аға өзінің өмірлік тәжірибесін, көрген-білгендерін ізінен ерген біздерге үйретуден әсте жалыққан емес. Біз абзал ағаға қарап бой түзедік, өмірде өнегелі сабақ, тәлім-тәрбие алдық. Ол да жасы кіші ағайын-туыстарға ақыл-кеңестерін айтып, әсіресе білім алуға талпынған ауыл жастарын қолдан келгенше қолтығынан демеуге дайын тұратын еді.

Қазығұрт тауының оңтүстік етегінде 1929 жылдың 15 мамырында дүниеге келген Қилыбай аға аудандағы орта мектепті бірінші болып қызыл аттестатқа бітіреді де, сол жылы аудандық партия комитетінің жолдамасымен Мәскеу қаласына К.А.Тимирязев атындағы Мәскеу ауылшаруа­шылығы академиясына зоотехник мамандығы бойынша оқуға түседі.

Оқуға ынтасы мен жігерлілігін, еңбекқорлығы мен ғылымға деген құштарлығын сезе білген аты әлемге әйгілі профессор-академик, қой шаруашы­лығы бойынша ғалым Алексей Иванович Нико­лаев академияны қызыл дипломмен бітірген оны аспирантураға алып қалады.  Ставрополь өлкесінің асыл тұқымды қой өсіру шаруашылықтарында жүріп, кандидаттық диссертациясын  сәтті қор­ғайды. Одан кейінгі өмір жолы туған елі Қазақ­станда, Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы бойынша тәжірибе станциясында жалғасын та­уып, аға қызметкер, бөлім меңгерушісі, дирек­тордың орынбасары, директор, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасы басшысының орын­басары лауазымдық сатыларынан сүрінбей өтеді.

Бойында ғалымдық қабілетімен қатар басқару­шылық, ұйымдастырушылық қарымы мол, өзін ісімен көрсете білген, отыздан енді асқан жігер­лі жас маман 1962 жылы Қазақ мал шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры қызме­тіне тағайындалады.

Қилыбай аға директорлыққа барған кезде институт қаладан шалғайда орналасқан  Алматы облысының «Мыңбаев» ауылына енді ғана көшірілген болатын және институттың ғимараты да, зертханасы да, тіпті, қызметкерлер тұратын үйлері де жоқ, әрі бұдан басқа да көптеген шаруа­шылық, тұрмыстық-әлеуметтік мәселелер әлі шешіл­меген еді. Барлық қызметкерлер жүруге онша жарамды емес жолдармен Алматы қаласынан қатынап жұмыс істеді. Осындай қиыншылыққа қарамастан, үлкен ұйымдастырушылық еңбегімен, санаулы жылдарда бүкіл Кеңес Одағына үлгі ретінде көрсететін ғылыми қалашыққа, жұмақ мекен­­ге айналдырды,  тұрғын үйлер салынып, зерт­ха­налары ең жаңа заманауи жабдықтармен жарақталып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуге қолайлы жағдай толық жасалды.

Ауыл шаруашылығы ғылымының ірі ұйым­дастырушы екенін бүкілодақтық және әлемдік ғылым саласында жүрген мыңдаған әріптестері мойындаған Қилыбай аға сол кездегі республи­каның бірінші басшысы болған Дінмұхамед Ахмет­ұлы Қонаевпен, Бәйкен Әшімовпен, Асанбай Асқаровпен қызметтес болып, сондай алып тұлғалардың үлгі-өнегесін бойына сіңіре білген қоғам, мемлекет қайраткері  еді.

Ол он екі жыл бойы Қазақстан мен Қырғыз­стан бойынша ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесін үздіксіз басқарып, ВАСХНИЛ-дің вице-прези­денті, 1972 жылдан ВАСХНИЛ-дің корреспондент-мүшесі, 1982 жылдан академигі, ал 1996 жылдан Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі болды.

1978 жылдан бастап 1990 жылға дейін тұрақты түрде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Жо­­­ғарғы Кеңестің төрағасы, Қазақстан Компар­тиясы Орталық Комитетінің мүшесі ретінде қызмет етті.

Ол ВАСХНИЛ-дің  Шығыс бөлімшесінің төраға­сы қызметін атқарған уағында институттар саны күрт көбейді, барлық ғылыми-зерттеу инсти­туттарының материалдық және өндірістік базалары нығайтылды,  ғылыми кадрлар мен ғылыми мектептер саны көбейтілді, ғылым мен өндіріс ара­сындағы байланыс нығая түсті, ғылыми зерттеу­лердің тиімділігі артты.

Қ.Ү.Медеубеков – ірі ғалым, дарынды селек­­ционер, практикалық мал шаруашылығының білгірі. Академиктің қойды асыл тұқымдастыру мен селекцияландыру, оның ішінде шет елден әке­лінген мал тұқымдарын жер жағдайына бейімдеу мен соның негізінде өнімділігі жоғары жаңа қазақ­стандық қой тұқымын алу тәсілі зоотехникалық ғылымға қосқан баға жетпес үлесі болып табыла­ды. Міне, осындай жаңа тәсілмен алынған қой тұқымдары: қазақтың етті-биязы жүнді ақсең­гір типтес тұқымы мен ақжайық тұқымды қойлар. Қ.Ү.Ме­деубеков өзінің оқушыларымен бірге  әлемдік қой шаруашылығындағы алдыңғы орынға таласа алатын өнімділігі жоғары қой тұқымдары­ның 3 түрін және 7 түрлі тұқымдық топтар мен тип­терді шығарды. Осындай ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегі, озық ғылыми ізденістері мен зерттеулері арқылы еліміздің экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан халық қалау­лысы десем, артық болмас деймін.

Ұстазымыз бүкіл саналы ғұмырын білім-ғылым­ның қыр-сырын терең меңгеруге арнаған және сол білімін іс-тәжірибесінде жүзеге асыра білген, қазақтың даласындай пейілі кең, жаны жомарт, жауапкершілігі мол еңбегінде толағай табыстарға қол жеткізіп қана қоймай, талай жастардың биік белес, заңғарлардан көрінуіне ұйытқы болып, қолдау көрсеткен өз заманының озық ойлы ірі тұлғасы еді.

Академик Қ.Ү.Медеубеков мамандардың, аспирант шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөлен­ген, сыйлы да беделді селекционер-ғалым болуы­мен қатар қамқоршы педагог та еді. Оның педаго­гикалық еңбегі жемісті болды. Ол 45-тен аса ғы­лым канди­дат­тары мен 20-ға жуық ғылым докто­рын дайында­ды. 500-ден аса еңбегі жарық көрді, оның ішінде оннан аса монографиялары мен оқу құрал­дары да бар. Қазақ тілінде жазылған оқу­лықтары мен оқу құралдары бүгінгі күні студенттер мен ауылдағы мамандар, дәрісханалардағы шәкірт­тер үшін қолдан түспейтін кітап болып табылады («Қазақстан қой ша­руашылығы», «Қой түрлері»). Ағамыздың шәкірт­тері бүгінгі таңда алыс-жақын шет елдерде – Ресейде, Моңғолияда, Қырғызстан мен Өзбекстанда және тағы басқа елдер мен өз елімізде алуан түрлі лауазымды қызметтерде дарын­ды ғалымдар мен тәжірибелі мамандар ретінде ел игілігін арттыру мен экономикасын дамыту жо­лын­да аянбай еңбек етіп жүр.  Мұның бәрі Қилы­бай ағаның салған сара жолының арқасы деп білемін.

Өмірінің соңғы жылдарында академик Қ.Ү.Ме­­деубеков Қазақ ұлттық аграрлық универси­тетінің докторлық диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде жоғары білікті ғылыми кадрларды даярлау бойынша жемісті ғылыми жұмыс жүргізді.

Табысты ғылыми, мемлекеттік және қоғамдық жұмыстары үшін академик Қилыбай Үсенұлы «Пара­сат», «Қазан революциясы», екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен, Қазақ КСР Жоғары Кеңе­сінің, ВАСХНИЛ-дің Құрмет грамоталарымен ма­рапатталды, ҚР Мемлекетік сыйлығының лауреа­ты, академик А.И.Бараев атындағы Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты болды. К.А.Тимиря­зевтің Алтын медалімен марапатталды. Қазақ­станның аграрлық ғылымын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін оған «Қазақстан Республика­сының ғылым және техника саласының құрметті қызметкері» атағы берілді.

Академик Қилыбай Үсенұлы Медеубеков  туралы мағлұмат 1991 жылы АҚШ-та жарық көрген әлемнің ең көрнекті ғалымдары, саяси және мемлекеттік қайраткерлер туралы мәліметтер кітабында жарияланды.

Абырой мен бедел оңайлықпен келмейтінін  біл­мейтін адам кемде-кем! Ал өз еңбегімен осын­дай дәрежелерге жеткен Қилыбай ағамыз өмірде қандай адам еді?

Ең алдымен айтатыным, ол кісінің қарапайым­дылығы, кеңпейілділігі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті, ата-баба қанымен, анасының сүтімен бойы­на туа біткен жоғары адамгершілік қасиеті, еңбек­қорлығы, ізденімпаздығы,  ұдайы  жаңалық­тарға деген талпынысы, жоғары ұйымдастыру­шылық қабілеті мен алған бетінен қайтпайтын қайсарлығы дер едім. Бұл Қилыбай ағамызға Алла Тағаланың берген сыйы деп түсінемін. Ал Алланың сыйы тек лайықты жандарға ғана нәсіп болатынын бәріміз де ұғынамыз.

«Өз есіміңді мәрмәр тасқа емес, адамдардың жүрегіне жаз» деген екен бір атақты ғалым. Айна­ласына мейірім сәулесін шашып, талай жандарды шуағына бөлеген Қилыбай ағаның есімі де жүректерде жазулы деп сенемін!

Дарынды зерттеуші, дара туған ғалым және орны ерекше тұлға болған ағамыз 2015 жылғы 3 мамырда 86 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қилыбай ағаның асыл бейнесі, ұлағатты өнегесі, ол кісінің ағалық қамқорлығы біздің жадымызда мәңгілік сақталады.

 

А.С.БЕГМАНОВ,

«Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты (АШАІМИ)» РМК директоры, экономика ғылымының кандидаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, ҚазҰАУ Құрметті профессоры, «Құрмет» орденінің иегері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *