Ауылға көшу ойыңызда жоқ па?!

Елбасының «Рухани жаңғыруындағы» «Туған жер» бағдарламасының іске асып жатқанының дәлелі болса керек, бүгінде елді-мекендер еңсесін тіктеп, тұрмысын түзей бастады. Ұлтжанды азаматтардың арқасында талай ауыл көркейіп, гүлдене түсті. Көркеймегенде ше? Бүгінгі ауылдың келбеті қаладан еш кем емес. Тақтайдай тегіс жол. Әдемі ғимараттар. Жасыл-желекпен абаттанған көше, гүлмен көмкерілген аула да ауылда… Тіпті, кейбір елді-мекендерде қаладағы самсап тұрған дүкенің де, сапалы қызмет ұсынатын түрлі тұрмыстық мекемелер де жетіп-артылады. Керек десеңіз, арнайы демалыс орындары анау-мынау емес, тау-таудың ортасында да бар. Құрт-майыңыз бен саумалыңыз да сонда. Шіркін, ауыл десеңізші! Айтпақшы, Сіз  ше, қаланың ығы-жығы тірлігінен шаршамадыңыз ба? Қолыңызды бір сілтеп, ауылға көшіп кеткіңіз жоқ па? Айтыңызшы… 

 

Айдын БАҒДАТҰЛЫ,

Қазақтың спорт және туризм академиясының

Денешынықтыру және спорттың теориялық негіздері 

кафедра меңгерушісі:

 

Ауыл деген – құт мекен!

 

– «Ұлтымыздың түп қазығы – ауылда». Біз қалада тұрғанымызбен көпшілігіміз ауыл баласымыз. Рас, бір кездері ауылды өзінің ажарынан алыстатып алғанбыз. Кәсіп болмағандықтан жастар қалаға үдере көшті. Қаншама үй иесіз қаңырап бос қалды?! Мал басы азайып, күнкөріс қиындаған заман болған. Бірақ бүгінде сол олқылықтың орны толды. Ауыл тамырына қан жүгіріп, тұрмыс түзелді. Ұлтжанды азаматтардың ықпалымен ауылда мектептер салынып, халық игілігі үшін қызмет көрсететін мешіт, балабақша, емхана секілді көптеген ғимараттар бой көтеруде. Оған дәлел де, дәйек те көп. Осы тұста Елбасының «Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» дегені ойға оралады. Жайнаған ауыл тірлігін көргенде патриотизмнің ең биік үлгісін көрсетіп, туған ауылының, кіндік қаны тамған жерінің түрлі мәселелерін шешуге үлес қосып жүрген барлық азаматтарға шексіз алғыс білдіремін. Ауыл деген – құт мекен! Өз басым, ауылға барсам қуанып қайтамын.

 

 

Бағдагүл МЕКЕБАЕВА,

№3 емхананың бухгалтері:

 

Үй іздеп жүрміз…

 

– Кезінде арман қуып Алматыға келген жастардың бірі едік. Бүгінде жасымыз елуді еңсеріп, алпысқа қарай аяқ басқан жайымыз бар. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, әне-міне дегенше зейнетке де шығамыз. Оның үстіне, қаланың көпқабатты үйінен де жалығады екенсің. Ауылға көшсек деген ой бізде жоқ емес. Кейде тіпті, анамның күрең шайын, ыстық наны мен ақ қаймағын аңсаймын. Ауылда өскен перзентке ауыл қалай жат болсын? Содан да болар, бүгінде қала маңындағы елді-мекендердің бірінен жер үй іздеп жүрміз. Сатып алсақ деп. Немерелеріміз үшін бау-бақша ексек, оның өзі де біз үшін ермек болмай ма? Ауламызға  гүл егіп, ағаш отырғызсақ дейміз…

 

 

Аида ҚАНАҒАТҚЫЗЫ,

«Daryn productіons» компаниясының продюсері:

 

Ауылға көшу жоспарымызда жоқ

 

– Рас, кейінгі кездері ауылдың күнкөріс деңгейін жақсартуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қаланың жігітіне тұрмысқа шыққан соң осында тұрақтап қалдық. Өзім Алматы облысы, Нарынқол ауданына қарасты Қайнар ауылының тумасымын. Әкем өмірден өткенімен, қара шаңыраққа інім ие. Анам мәдениет саласында қызметкер, келіні шайын құйып, немерелері апалап жанынан шықпайды. Сондықтан да  болар, ауылға бір бүйірім бұрады да тұрады. Менің ауылымның тұрмыс-тіршілігі көп ауылдан көш ілгері. Далаға шықсаң қазақтың радиосы саңқылдап тұр. Көшелері оқтаудай түзу. Тап-таза. Кешке қарай сиырын сауып, қойын қоралап жатқан жандарды көргенде ауылдың тұрмысы қандай екенін байқау да қиын емес. Бүгінгі таңда қала тірлігіне бейімделіп алдық. Балаларым балабақшаға барады. Жұбайым да, өзім де қызметтеміз. Ауыл жаққа жиі қыдырып барғанымызбен, жалпы, көшу ойымызда жоқ. Сондықтан ауылға көшу жоспарымызда жоқ.

 

 

Мирас БЕКТЕН,

жалдамалы жұмысшы:

 

Ауылға кетем…

 

– Ауыл дегеніміз – қайнаған еңбек пен ұлттық руханияттың қайнар көзі екен ғой. Шынымды айтайын, қала тірлігінен шаршадым. Неге дейсіз бе? Өйткені, басыңда баспанаң, тұрақты жұмысың болмаған соң бәрі бекер екен. Тапқан ақшаң жалдап тұратын пәтерің мен шай-пұлыңнан артылмайлы. Жалдамалы жұмысшымын. Дүкенде жүк тасимын. Оның өзі де бірде бар, бірде жоқ. Қазірше бойдақпын. Ал отбасым болса ше? Оларды қалай асыраймын? Кейінгі кездері осындай сұрақтар мазалайтын болды мені. Ұзынқұлақтан естуімше, біздің ауылда өкіметтен төмен пайызбен несие алып, оған мал сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отырған жандар көп екен. Мен одан да соларға барып жұмыс істеп тәжірибе жинақтамаймын ба? Сосын өзім жеке кәсіп ашсам деген ойым бар. Тұрақты жұмыспен айналыссаң, отбасын құруға болады ғой. Әйтпесе, мына жүрісімнен ештеңе шықпайтыны анық. Мамыражай ауылымның тірлігіне не жетсін?! Ауылға кетем…

 

Қуаныш ЖАҚСЫБАЕВ,

«Магнум» сауда кешенінің қызметкері:

 

Бір аяғым – ауылда, бір аяғым – қалада

 

– Ауыл ма, ауыл әрине жақсы! Бірақ мен қалада жүрмін. Жуырда үйлендім. Келіншегім ауылда, шаңырағымда ақ жаулықты анам бар. Ағайын-туғаным да сол жақта. Онда қалада не істеп жүрсің дейсіз ғой. Әрине, отбасы қамы. Бас құраған соң жауапкершілік екі еселенеді екен. Анама еркелеп жүре бергенмін бе, бойдақ кезімде уақытты бос өткізгендеймін. Қазір тіршілік үшін көп нәрсе керек екенін қатты сезініп жүрмін. Ауылда жұмыс орны бар болғанымен, бар жасты қамтып жатыр деп айта алмаймын. Сондықтан қала мен ауылдың ортасында шауып жүрмін. Ауыл жаққа екі аптада бір барамын. Қаланың шеткі аудандарынан жер сатып алып, үй салып жатырмын. Қалада да, ауылда да құтханаң болғаны дұрыс. Мен үшін тұрмысты көтеру үшін қала жақсы. Ал ауылым қашан да менімен бірге!

 

 

Сауалнаманы әзірлеген – Қ.Жұмаділова

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *