АУРУ ШАҚЫРҒАНҒА АУРУ ӘУЕС

немесе ЖРВИ-ға жеңіл-желпі қарауға болмайды

Ауа райындағы түрлі өзгерістер  қыстың күні болатын тұмау-сымауды өршітіп жіберетіні  бар. Сондықтан болар,  денеміз қызып, түшкіріп, пысқыра қалсақ,  тұмауратып қалдым деп  жатамыз, ал мамандар  болса, дене қызуын көтерген жағдайдың барлығына тұмау деп үрейлене  қарауға  болмайтынын, ауру  шақырғанға ауру әуес болатынын ескертеді. Әйтсе де, «сақтансаң, сақтаймын» деген қағидаға сүйене отырып, біз ЖРВИ  мен тұмаудың алдын алу үшін не істеуге болады, одан сақтану жолдары қалай деген сауал төңірегінде Алматы қаласындағы №29 емхананың жалпы тәжірибедегі, жоғары санатты дәрігері Талиға РАЙЫМБЕК кеңес береді.

Өздеріңізге белгілі, қазіргі  эпидемио­логиялық ахуал алаңдатарлық жағдайда болып тұр. Қытайда бұрқ ете қалған коро­навирус  әлем жұртын алаңдатып, қауіп қай жерден  сап ете қалады  деген күдік­терін оятып,  адамдардың өз денсаулық­тарына деген жауапкершіліктерін арттыра түсті. Адамдардың сақтану шараларын қолдана бастауы дәрігерлерді де қуантады. Кез-келген уақытта сақтық шараларына дәл  осындай жауапкершілікпен қарайтын болсақ, біз көптеген жұқпалы дерттерді  алдын-ала ауыздықтау мүмкіндігне қол жеткізер едік. Бірақ біз қай кезде болсын, қауіп-қатер орын алып, ол асқына баста­ған кезде ғана сақтануды қолға аламыз.

Ал енді ЖРВИ  мен тұмаудың белгілері және одан сақтану жолдары туралы айтар болсақ,  ЖРВИ, яғни жедел респираторлық вирусты инфекциясы мен  тұмаудың алғашқы белгілері өте ұқсас келеді.  Екеуін­де де дене қызуы күрт көтеріліп, адамның денесі дірілдеп, қалшылдай бастайды. Біресе ысынып, біресе суынады. Жөтел қысып, тамақ бітеліп, тыныстың тарылуы мүмкін.  Балаларда осы белгілермен қатар құсу, жүректің жиі айну белгілері орын алуы мүмкін. Егер де осы белгілер орын алған жағдайда науқас үйден шықпай, дереу жедел жәрдем шақыртуы керек. ЖРВИ  асқынып кетсе, тұмауға ұласып кетеді. Ал тұмау өте қауіпті, кей жағдайда ол  адамның өліміне соқтырады. Балалар үшін тұмау өте қауіпті.  Сондықтан одан сақтану шараларын мұқият сақтаған  жөн. ЖРВИ мен тұмаудан сақтанудың ең басты жолы – адам көп жиналған жерге бармай, адамның өзін оқшау ұстауы болмақ.

Сырттан келген кезде қолды сабындап жуып, мұрын қуысын жылы сумен шайқап тастау керек.

Адамдармен құшақтасып, амандасудан аулақ болу керек. Өйткені, ЖРВИ мен тұмау адамнан адамға осындай қауышу­лардан және ауа тамшылары арқылы  жедел жұғады.

Қоғамдық орындарға барғанда, қоғамдық көлікке мінген кезде бетперде тағып жүру керек.

Үйде жатқанда үйді жиі желдетіп, ауасын тазартып тұру маңызды.

Сұйық сусындарды көп ішу керек.

Құрамында С дәрумені  мол  жемістер мен көкөністерді көбірек  пайдаланған дұрыс.  Цитрусты жемістерді пайдаланудың да зияны жоқ, бірақ цитрусты жемістер барлық адамға жаға бермейді, кей адам­дардың, әсіресе балалардың оған қарсы аллергиясы болуы мүмкін, сондықтан оны өте талғаммен пайдаланған дұрыс.

Жалпы, қыс пен көктемде жиі орын алатын осы жұқпалы аурулардан сақтану­дың бірден-бір жолы оған қарсы екпе алу дер едік.  Алда көктем келе жатыр. Көктем  суық тиіп ауыратын сырқаттардың да маусымы болғандықтан, екпе ектіруді ескерген жөн. Екпе көп қауіптің алдын алуға жәрдем­де­седі.  Апа-әжелеріміздің де емін жоққа шы­ғаруға болмайды. Адырас­пан тұтату,  пияз­ды турап оны ыдысқа салып  бөлме­лерге қойып қою инфекцияны өлтіруге көмек­теседі. Ең басты қорғаныс әр адамның өз денсаулығына  жауапкерші­лікпен қарауы, олай болса, денсаулығы­мызды сақтайық,  ауырмайық. Дұрыс кеңестерге құлақ асып,  дәрігерлік көмекке дер кезінде жүгінейік.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *