АУЛАЛАРДАҒЫ ЗАҢСЫЗ «ТҰРАҚТАР» АЛЫНЫП ТАСТАЛДЫ

  •  Біздің рейд

57Әсел ДАҒЖАН

Медеу ауданы әкімінің есебі кезінде тұрғындар тарапынан аулалардағы көлік тұрағының орнын жекешелеп алған азаматтар үстінен шағым айтылған болатын. Сол мәселе бойынша жұма күні аудан әкімдігінің Экология және қоршаған ортаны қорғау және Коммуналдық шаруашылық бөлімдері «Самал-1» ықшамауданына рейд ұйымдастырып, аудан аулаларын аралаған болатын.

Аулалардағы тұрақ орнын заңсыз меншіктеп алған кейбір азаматтардың үстінен тұрғындар ғана емес, өрт сөндіру қызметкерлері мен жедел жәрдем де шағым түсірген көрінеді. Жұманың таңында рейдке шыққан тілшілер мен Медеу ауданы табиғатты қорғау полициясы және аталған ауданның бөлім мамандары біраз жәйтке куә болды. Яғни, «Самал» ықшамауданының  кейбір тұрғындары көлік тұрағы орнын меншіктеп, темір қойып, шынжырлап тастаған. Тал-терекке бейнебақылау орнатып, бір ғана көлік сыятын жерді темірмен қоршап қойған. Коммунал­дық шаруашылық бөлімінің бас маманы Ермек Бай­мұханбетовтің айтуынша, жыл басынан бері аудан бойынша тұрғындардың өздері меншіктеп алған тұрақтан 15-ке жуық темір құралдар алынып тасталған.

58Рейд кезінде көлік тұрағының орнын шынжырмен құлыптап қойған темірлер алынып тасталды. Тағы бір аула­да бір тұрғын «көлік тұрағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» үшін ағашқа шеге қағып, бейнебақылау орнатқан. Олар өздерінің бұл әрекеті заңсыз екенін біле ме, білмей ме, ол жағы беймәлім. Өйткені, рейд кезінде заңды бұзған тұрғындардың бірде бірі  төбе көрсетпеді. Сол маңдағы­лардың айтуынша, бәрі жұмыста көрінеді.

– Талға шегемен бейнебақылау орнатып тастаған. Анау желіні көрдіңіз бе, пәтеріне кіріп тұр. ПИК төрағасының айтуынша, иесі №88 пәтердің тұрғыны. Егер сол адам иесі екені анықталса, «Жасыл желектерді қорғау ережесі» бойынша жеке тұлға болса 15 АЕК бойынша айыппұл салынады, – деді, Экология және қоршаған ортаны қорғау бөлімінің аға кеңесшісі Аслан Баймұратов.

Неліктен тұрғындардың тұрақты меншіктеп алу заңсыз деп танылады? Біз рейдке шыққан мамандарға осы сауалды қойған едік. Бізге олар Алматы қаласының аумағын көріктендіру ережесін ұсынды. Ереженің І тарау 16-шы тармағы бойынша «аула аумағының ішіндегі жолдарда арнайы көліктің өтуіне тосқауыл болатын арқалықтарды, блоктарды және аумақтарды оқшаулайтын өзге қоршау­ларды тұрғызуға және орнатуға, сондай-ақ, олардың орналасуына қарамастан бөлшектенген көлік құралдарын қоюға, арнайы бөлінген тұрақтардан басқа жерлерде тұруына тыйым салынады» делінген.

Рейд кезінде тұрақты меншіктеп алған тұрғындар қара көрсетпесе де, «Самал» ықшамауданының ПИК төрағасы Ерлан Бисембаевтың болғанын айта кету керек. ПИК төрағасы аулада бұдан өзге де мәселелер жетіп- арты­латынын жеткізді.

59– Бес жылдан бері осы қызметтемін. Біздің ауладағы проблемалардың бәрі жалпы қалаға тән. Ескі гараждар ауланың сәнін бұзып, артық орын алып тұр. Олардың орнына біз көпшілікке арналған автотұрақ немесе балалар ойнайтын аула тұрғызбаймыз ба. Гараждың бәрі ескі, мүжілген. Онда тек «бомждар» ғана тұрады. Айналасы қоқысқа толы. Көптеген гараждар иесіз, тастанды. Ал кейбіреуі ата-анасынан мұрагерлікке алып қалғандық­тарын айтады. Заң бойынша гараждар сатуға, мұрагерлікке қалдыруға жатпайды. Егер гараждың иесі көшіп кетсе немесе қайтыс болған жағдайда жарты жылдың ішінде гаражды бұзуға алып кетеді. Қазір кімнің қалтасында ақша бар, солар гаражға иелік етуде, – деп ПИК-нің төрағасы бізбен бар шындықты бөлісті.

Одан өзге ауладағы көліктің көбеюі де өткір мәселе болып тұрғанын естідік. «Таңертең ауладағы бүкіл машина оталғанда демалатын таза ауа таппайсың. Бірнеше қабатты паркингтер бізге өте керек-ақ», – деді «Самал» ПИК басшысы Ерлан Бисембаев.

Жұманың таңында өткізілген рейд кезінде аула ішіндегі қозғалысқа кедергі келтірген тұрғындардың іс-әрекеті Алматы қаласын Көріктендіру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны белгілі болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *