Аула сыпырушыға атақты адамдардың өзi сәлем беретiн

Таяуда «Алматы Ақшамында» (№28, 12.03.11.) «Нобель сыйлығының лауреатын сағындырған аула сыпырушылар шын мәнiнде құрметтi кәсiп иелерi едi» атты мақала жарияланған едi. Осыған орай редакцияға қоңырау шалып, пiкiр бiлдiрушiлер аз болмады. Солардың бiрi «Мамыр-1» ықшамауданынан хабарласқан оқырманымыз М.Ахметованың пiкiрi көңiлiмiзден шықты.

– Аула сыпырушы туралы ойласам, артта қалған студенттiк жылдарды сағынышпен еске аламын. Бiз ҚазГУ-дiң Бас почтамттың жанындағы ескi корпусында оқыдық, – дейдi М.Ахметова. – Қазiр бар ма, жоқ па, бiлмеймiн, осыдан бiраз уақыт бұрын сол университеттiң аула сыпырушысы болған кiсiнi қалалық МАИ-дың кеңсесiнен көрiп қалдым. Көзiме сондай жылы ұшырады. Әлгi кiсi де тоқтай қалып, бiр жақынын көргендей менiң хал-жағдайымды сұрап, бiраз шүйiркелестiк. Жасы сол кездiң өзiнде тоқсанның iшiнде болатын. Әлi тың.

– Мұнда жай жүрсiз бе? – дедiм.

– Мына бiр мотоцикл бар едi, соны немереме заңдастырып берсем бе деймiн, кiм бiледi жасымыз таяу адамбыз, – дедi де сол кездегi кейбiр адамдарды сұрай бастады.

Мына бiр мақала сол бiр жайды есiме салды. Шынында ол кездiң бар кәсiп иелерi өзiнше құрметке ие едi ғой. Тiптi, жатақхананың коменданты, вахтерiне дейiн жақын жандар болып кететiн. Ал әлгi аула сыпырушы ақсақалға университеттiң студенттерiн былай қойғанда, даңқты ұстаздар, атақты академиктердiң өзi тоқтап сәлем берiп, хал-жағдай сұрасып, тiптi қалжыңдасып та кететiн. Демек, бұл ол кездiң адамдарының қарапайым өмiр салтын ұстанып, «ұлық болсаң – кiшiк бол» деген қағидаға соншалықты адал болғандығын бiлдiрсе керек.

Ал ендi аула сыпырушы неге құрметтi болды? Өйткенi, олар өз жұмысын адал атқарды. Олар бiздi тазалыққа үйреттi.

Жазып алған – Ж.ҚҰДЫС.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *