АУДАРМА САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ СЫН-ПІКІРГЕ ДАЙЫНБЫЗ

Менеджмент мамандығында білім алатын студенттер алдағы оқу жылын жаңа оқулықпен бастағалы тұр. Әсіресе, қажет еңбектерді орыс тілінен қазақ тіліне аударып, екі есе жұмыс жасайтын қазақ бөліміндегі студенттер үшін сүйінші! Жоғары оқу орнының студенттері әлемге танымал және бірегей Рикки Гриффиннің «Менеджмент» кітабын қазақша оқиды. 

Бұған дейін он екі рет басылып шыққан оқулықты түпнұсқадан қазақшаға сөйлету үшін бес адам еңбектенді. Ұжымдық жұмыспен жарық көрген еңбек қандай қиындықтарды жеңіп, қазақша сөйледі? Кітапты аударуға қатысқан Нархоз университеті Менеджмент кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымының кандидаты Таспенова Гаухар Аманбайқызы мен PhD докторы, доцент Абдулина  Гүлнар Абдулинқызымен сөйлескен едік. 

–       Гаухар Аманбайқызы, аударма жұмысы кезінде кітап кем дегенде өзінің мағынасының бірнеше пайызын жоғалтады деп жатады. Жұмыс барысында қандай қиындықтар болды?

–       Елбасы Н.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтып өткендей, бұл жобаны жүзеге асыру біріншіден, мыңдаған қазақстандық студенттерді оқытудың сапалы дең­гейіне қол жеткізуге, екіншіден, білім саласындағы жаһандық бәсекеге бейім­делген кадрлар дайындауға мүмкіндік береді.

Қазақ бөлімінің студенттері қазақ­ша әдебиеттердің жетіспеушілігінен орыс тіліндегі материалдарды қазақ тіліне аударуға мәжбүр болатын. Бұл – құпия емес. Енді осы олқылықтың орны толып, еліміздегі барлық жоғары оқу орнындағы студенттердің, оның ішінде қазақ бөліміндегі студенттердің аударма жұмысына шығындалатын уақыты үнемделмек. Әлемнің жетекші универ­ситеттерінде оқытылатын оқулықтар біздің студент-жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл еңбектер күшті адам капиталын қалыптастыра алады.

Дегенмен, аударма жұмысы өте мұқияттылықты, сауаттылықты талап етеді. Оның үстіне бұл Елбасының арнайы тапсырмасы болғандықтан, ол бізге жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағын арттырды десем болады. Сонымен қатар, біздің жасаған жұмы­сымыз республиканың барлық оқыту­шы­лық-ғылыми бірлестіктері қызме­тінің қай дәрежеде екенін көрсетеді. Сондықтан аудармашылар тобы студент түсінікті тілмен жазылған оқулыққа ие болу үшін әрбір сөз, әрбір сөйлемді жіті тексеріп, жаз бойы демалмастан жұмыс жасады.

Аударма кезінде негізгі экономи­калық терминдерге қатысты әр түрлі қиындықтар болды. Бұл терминдерді қазақ тілінде дұрыс жеткізу үшін сөз­дік­термен және экономикалық әдебиет­тің үлкен көлемімен жұмыс жасадық. Әдеби редакторлармен ұдайы келіспеу­шіліктер де болды. Мәселен, «делеги­рование», «лоббирование», «лидерство» сияқты негізгі терминдер қазақстандық оқу құралдарында «делигерлеу», «лоб­бир­леу» деп аударылған. Біз оны «жұмысты бөліп тапсыру», «мүддені қорғау» және т.б. терминдерді пайда­ландық.

Мысалы, «horіzontal and vertіcal communіcatіon, leadershіp» терминдерін біз «горизонтальді және вертикальды коммуникация, көшбасшылық» деп аударғанбыз. Әдеби редактор оны бізден кейін оқулықта «деңгейлес және сатылы коммуникация, жетекшілік» деп ауыстырды. Осы терминдерге қатысты аудармашылар мен әдеби редакторлар арасында келіспеушілік және қызу талқылаулар әлі де жалғасуда. Ғылыми терминдердің аударылуы, қазақ тілін­дегі түсініктер, шет тілінен енген кірме сөздер, терминология, стиль, аударма­шылар бірлестігін қалыптастыру және дамытуға қатысты басқосулар жиі өткі­зіліп тұрды. Бірақ бар проблемаларға қарамастан, оқулық сапалы аударылды деп айта аламын. Басында оқу проце­сімен аударманы қатар алып жүрсек, кейіннен еңбек демалысы уақытымен ұласты.

Аудару процесі – өте қызықты да күрделі жұмыс екендігіне көзіміз жетті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз айтқандай, әрбір жоба мүшесінің бар ынтамен жұмыс жасаған­дығы есімде. Команда мүшелерінің кәсіби шеберлігі мен өзара қарым-қатынасының дұрыс түзілуі нәтиже­сінде командалық жұмыс сәтті жүрді. Оқулық кейс-стадилермен, қызықты және заманауи мысалдарымен пайдалы. Мысалы, «Стратегиялық менеджмент» тарауы «The Hungry Games» киносы негізінде түсіндіріледі. Бұл жоба біздің ағылшын тілі бойынша кәсіби тұрғыда біліктілігімізді арттырды. Қазіргі таңда осы «Менеджмент» оқулығы бойынша 25 тақырып бойынша видео-дәрістер дайындалып жатыр. Бұл студенттер үшін өте тиімді болмақ. Үлкен жұмыс жаса­лып, кітаптың өз оқырманына жетуіне қарамастан біз алдағы уақытта аударма сапасына қатысты айтылатын әр түрлі сын-пікірлерге дайынбыз. Ол бізге қателіктермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сын бар жерде үнемі өсу, сапа болады.

–       Гүлнар Абдулинқызы, аударма жұмысына қатысты өзіңіздің алып-қосарыңыз қандай?

–       Ағылшын тілінен тікелей қазақ тіліне кітап аударудағы бұл біздің тұңғыш тәжірибеміз. Әрі әлемдік әдебиеттегі  аталмыш озық оқулықты түп­нұсқадан аудару – негізгі талап болатын. Әрине, ғылыми аударма бары­сында біршама қиыншылықтар болды. Бірінші мәселе – аударма барысында пәннің болмысы мен мазмұнын жоғал­тып алмайтындай, автордың көзқарасы тұрғысынан, соған лайықты аударып, оқырманға түсінікті болуын мақсат тұттық. Автордың өзіне тән қолтаң­басы мен стилін жоғалтып алмауды көздедік. Екінші мәселе – термино­логия. Жәй аудару емес, ғылыми дәлді­лікке қол жеткізу оңай шаруа емес. Мұнда менеджменттегі дәстүрлі түсінік­тер­мен қатар, жаңа ұғымдар мен тұжырымдар бар. Аудармашылар мен Ұлттық аударма бюросының мамандары кеңесіп отырып жұмыс жүргізді. Терминдерді аударып қана қоймай, оны ғылым пәніне сәйкестендіру маңызды. Сонымен қатар, әлемдік қолданыстағы менеджмент, процесс, процент сияқты терминдерді солай қалдыру ұйғарылды. Аударма кезінде менеджмент пәнін толық ашуға, оның өзіне тән қыр-сыр­ларын түпнұсқадағыдай беруге мән бердік. Оқулықта келтірілген жетекші бизнес саласының мамандары мен ғалымдардың «цитаталарын» аударуда түпнұсқаға сай, мәнін жоғалтып алмай беруге мүмкіндігінше тырыстық.

Жоба әрқайсымызға жоғары деңгей­дегі жауапкершілікті жүктеді. Оның үстіне аударманы оқу процесі, дәріс­теріміз бен ғылыми жұмыстарымызбен қатар алып жүруге тура келді. Басты мақсат – нәтижелі жұмыс. Бұл аударма ісі еліміздегі рухани жаңғырудың тари­хи кезеңіне қосқан шынайы үлесіміз әрі біздің біліміміздің түйіні мен тәжірибеміздің көрсеткіші болғандай.

–       Оқулықтың мазмұны қызықты­рып отыр. Не жайлы жазылғанын қысқаша айтып өтесіз бе?

–       Менеджменттің дәстүрлі аясы­мен қоса, стратегиялық менедж­мент, ұйымдық мінез-құлық, инновацияларды басқару, венчурлік бизнес, ақпараттық технологиялар, жаһандық менеджмент сияқты тақырыптар қамтылған. Оқу­лықтағы әр тарау бойынша студент­тердің талдау дағдысы мен пайымын тексеру мақсатында үш деңгейлі «Қайталау сұрақтары», «Талдау сұрақ­тары» және «Тапсырма сұрақтары» бар. Оқулықтың ерекше бөлімі ретінде бес бағыттан тұратын «Алуан әлем», «ТехТаным», «Нұсқау», «Жұмыр жер­дегі бизнес», «Бизнестен тыс» «бөлек айдарларды да» атап өтуге болады. Әр тарау соңында берілетін нақты жағ­дайларға негізделген кейстер студент­тердің теорияны тәжірибе жүзінде түсініп, іске асыруына бірден-бір тиімді құрал. Бұл кейстерде компаниялардың озық тәжірибесімен қатар, сәтсіздікке ұшыраған тәжірибелері де қарасты­рылған. Ол студенттердің қоғамдағы менеджменттің маңызын түсінуде аналитикалық ойлау, басқарушылық шешім қабылдау дағдысын меңгеру, жекелеген стратегиялық көзқарастар­дың қалыптасуында маңызы зор. Міне, осындай мазмұнды құрылымы және дәстүрлі менеджменттің классикалық және заманауи тәсілдері аясында ұсы­нылған маңызды материалдар ауқымы­мен сипатталатын үздік оқулықпен білім алу біздің жастарымызға жаңа сапалы білім белесіне шығу мүмкіндігін ашып отыр. Рухани әлемге бой алды­ратын озық оқулықтар бойынша білім беру әлемдік стандарттарға сай бәсекеге қабілетті мамандарды дайындауға мүмкіндік беріп отыр.

–       Сұхбаттарыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *