АУДАНЫҢЫЗҒА НЕ ЖЕТІСПЕЙДІ?

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Шетсіз қала» бағдарламасын қолға алып, шаһарымыздың шет аудандарын гүлдендіруді бастады. Осыған байланысты біз де қаламызға кейіннен қосылған аймақтарда не бар, не жоқ, тұрғындар үшін не жетіспей жатыр деген сауалдарға жауап іздегенді жөн көрдік. Ел не дейді екен, көңіл бөле отырайық. 

Бұл қала тұрғындары мен қонақтарының бәріне ортақ мәселе болғандықтан, сіз де өз аймағыңыздың хал-жайын айтып, редакциямызға хабарласуыңызға әбден болады. 

 

Альбина КУРБАНОВА,

№197 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі:

–       Сұлусай елді-мекенінде 1983 жылдан бері тұрамын. Бұрын Талғар ауданына қарайтын, соңғы 6-7 жылдан бері Медеу ауданына қараймыз. «Абзал 1а» көшесінде тұрамын. Ең басты проблема – ауызсу мәселесі мен авто­бус. Суды тасып  ішеміз. Көлігі бар­ларға қиын емес шығар. Жаяу барып-келіп тасу өте қиын. Әсіресе, қыста қиналамыз. Қалаға жеткізетін жол ауылдан өте алыс, бес шақырым. Су мен автобусты бізге уәде еткелі неше жыл­дың жүзі болды. Күніне үш рет қалаға қатынайтын шағын автобус жүргізсе де ризамыз. Көк базардан дачаға дейін нөмірі 60 автобус қана жүреді. Ары қарай ауылға жету үшін 5 шақырым жолды жоғары қарай жаяу жүреміз. Тек биыл ғана газ жүргізген. Бірақ оны қосудың өзі өте қымбат. Құжаттары да өте көп жинайтын. Мұғалім болған­дықтан айтайын, мектебіміз өте кішкен­тай. Спорт зал мен спорт алаңы жоқ.

 

Мәдениет КӘРКЕНОВ,

Наурызбай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

–       Үржар көшесінде тұрамын. Осы шағынауданда өмір сүргелі он жылдай болды. Проблема деген жетерлік.  Ең ірілерін айтсам, жол салу керек, жаяу жүр­гіншілер жолы жоқ, арық салу керек. Үржар, Ақшатыр, Сейдімбек, Аққу көшелерінде мүлдем асфальт жоқ. Көктем, күз айларында нөсер жаңбыр жауса көшеде аяқ алып жүру өте қиын. Бала-шағамыздың мектепке жетуінің өзі бір мұңға айналады. Көшеге жарық шамдар қажет. Орталық бір көшеде ғана жарық бар. Жылдың төрт мезгілінде қалған көшелер тасқараңғы.  Мұның артында қауіпсіздік мәселесі тұр. Осыларды шешіп берсе, біраз қиынды­ғымыз жеңілдер еді.

 

Сәуле КҮЛКІМБАЕВА,

Көлсай ауылы, Қойгелді батыр көшесінің тұрғыны: 

–       Бұрын Талғар ауданына қараған­быз, 2015 жылдан бері Медеу ауданына қараймыз. Медеу ауданына көшкелі асфальт салынып, жол жөнделді. Балалардың ойын алаңын жөндеп берді. Көшеге жарық орнатты. Бұл жұмыс­тарына ризамыз. Дегенмен, ауылда проблема баршылық. Көбіне үлкен адамдар тұрады, оларда қан қысымы ауруы бар дегендей. Оның үстіне қазір күн өте ыстық тұр. Бізге медпункт керек еді. Аяқасты қысым көтерілсе, барып өлшетіп, дәрі не укол секілді алғашқы көмек алғанға жақсы болар еді. Дәрігерге қаралу үшін 5-емханаға бару керек. Енді өзіңіз есептеп көріңіз, қалаға дейін 4 шақырым бар. Ал емха­наға дейін оншақты шақырым болады. Сонда ауырып отырған адамның күйі не болады? Жарық жиі өшеді. Звондасақ, жауабын бермейді. Суға да қиналып отырмыз. Мектеп тоғыз жылдық, сол үшін балаларымыздың жартысы қалада оқиды. Оған қоса ауылда мұғалім өте аз болған соң қаладан келетін мұғалімдер бар. Олар бізге сонау вокзал, Абай—Алтын­сарин көшелерінен келеді. Ауыл­ға жету үшін 3-4 автобусқа отыруға мәжбүр. Енді бұған елдің көбі шыдай бермейді. Сол үшін бізге тағы екінші автобус керек еді. Бар автобустың интервалы бір сағат. Көк базарға дейін баратын автобус керек еді. Әйтпесе, 107 автобусқа дейін отырып көпірге дейін барамыз. Одан 29 автобусқа мініп, одан үшінші автобусқа отырамыз. Осы аралықта екінші автобус жүрсе де тамаша болар еді.

 

Қалима МОЛДИЯРОВА,

Наурызбай ауданы, «Таусамалы» ықшамауданының тұрғыны:

–       Сейділда көшесінде мен тұрған сонау 2003 жылдан бері жарық жоқ. Қазір жаз кезі, қайта күн ұзақтау. Қыста тасқараңғыда жүру қиын. Бала­лар ойнайтын бірде-бір алаң салын­бады. Қала­ның орталығына бара қалсақ, әрбір үйдің ауласындағы балалар ала­ңын көріп, немерем «бізде неге жоқ?» деп жылайды. Біздің жаққа келсе­ңіз, өзіңіз де көресіз, ойнайтын алаң жоқ, бала­лар көше кезіп, қаң­ғырып жүр. Был­тыр ғана жол төселген, енді маши­налар ағызып, бар жылдам­дықпен ұшады. «Лежащий полицей­ский» дейді ғой, ол да жоқ. Балалар мен немерелер үшін қорқамыз. Олар ойынның қызығымен жүгіріп жүріп, қай жақтан машинаның келіп қалғанын байқамай қалады. Кеше ғана алдымнан бір бала жүгіріп шыққан, ұстап қалдым, қай жақтан келе қалғанын байқап үлгер­медім, бір машина бар сигналын бипыл­датып, көшені азан-қазан қылды. Баға­нағы «лежащий полицейский» дегенді орнату үшін учасковыйға бару керек дейді, онда барсаң әкімшілікке жібереді екен. Сонымен, кішкентай ғана нәрсені үлкейтіп, қиындатып жүрміз өзіміз.

 

Данияр АҚАЕВ,

Ішкі істер бөлімінің қызметкері:

–       «Томирис» ықшамауданы Шын­қожа батыр көшесінде тұрамын. Біздің ауданда 18 шақырым жол жасалу керек болған. Бес айдан бері 1 шақырымға жетер-жетпес жол ғана салынды. Бор­дюр мен арықтар ғана жасалған шығар. Ауласы қызыл сызықтан асып кеткен үйлер бар. Ол жерлерге арық түсу керек. Ол үйлерге әлі ескер­тілме­ген. Күзде сабақ басталар кезде мек­тепке баратын балаларымыз қиналады. Жол деген ақ шаң. Жаңбыр жауса тіптен, батпаққа кіріп, жүре алмай қаламыз. Бұған дейін неше рет қала әкіміне хат та жаздық. Міне жөндейміз деген жол құрылысы әлі ортасына да жетпеді.

Сауалнаманы жүргізген –

Әсел ДАҒЖАН.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *