АУҒАНДА ҚАНТӨГІС ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ?

АҚШ пен «Талибан» келісім жасамақшы

Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бейкүнә ауған халқы соңғы қырық жылдан бері соғыс, атыс-шабыс, жарылыс, қақтығыстан  көз ашпай келеді. Мұндай бей-берекетсіздіктің елге әкеліп отырған  қайғы-қасіреті өлшеусіз, зардап-залалы  мен шығыны шаш-етектен.

Статистикалық мәліметтер  1979–1989 ж.ж. 40-шы армиясын кіргізіп, КСРО қатысқан  Ауған соғысында  2 млн. адам­ның  көз жұмып, 5 млн. тұрғынның  жұрты­нан безіп, бас сауғалап босқынға айнал­ғанын  айғақтаса, кейбір деректер  одан  әлдеқайда  көп  болғанын  айтады.

«Ауғанстан үкіметінің өтінішімен  шектеулі әскер жібердік, олар өздерінің интернационалдық борышын» өтеді деп ақталғанымен, он жылдық соғыс бары­сында өз кезегінде Кеңес Одағы да орасан зор шығынға батты. 15 мың  жауынгерінен айырылып, 54 мың солдаты мүгедек болып, 416 мың  адам әрқилы ауруларға ұшырап қайтты. Кейбір толық емес есептеулерге қарағанда  КСРО  Ауған үкіметін қолдауға жылына 800 млн. доллар, онда жіберген өз әскерлерін  ұстап тұруға  жылына 3 млрд. доллар жұмсаған.

Бұл орайда 40-шы армияның қолбас­шысы болған генерал Борис Громов: «Шамамен айтылған шығынның өзі адам шошырлықтай болғандықтан біздің үкіметтің оны жариялауға батылдары жетпеді. Соған қарағанда, Кеңес Одағының Ауған революциясын  қолдауға кеткен қаржы-қаражаттың  дәл есебін ешкім айта алмайды», – деген пікір білдірген.

Ауған елі  экстремистік және террорис­тік топтардың қаскөйлік әрекеттерінен әлі де арылған жоқ. Басқасын айтпағанда,  күні кеше, яғни  биылғы жылдың  17 тамы­зында Кабулдағы  үйлену тойы үстінде жасалған жойқын жарылыстан  63 адам  опат болып, 182  адам әр түрлі жарақаттар алғаны хабарланды. Мұны Ауғанстан президенті Ашраф Гани  оппозициялық «Талибан» қозғалысынан көргенімен, олар  өздерінің бұған еш қатысы жоқтығын жеткізді. Есесіне теракты радикалдық терроршыл «Ислам мемлекеті» ұйымы өз мойындарына алды. Мұндай қастандық әрекеттердің бұдан әрі жалғаспайтынына  ешкім кепілдік бере аламайды.

Сондықтан да  бүгінгі таңда  Ауған хал­қының  мұңы мен зары, арман-тілегі: «қантөгіс қашан тоқтап, қашан  тыныш­тық пен бейбітшілік  орнайды?»  деген  сауалға барып тіреледі.

Бүкіл әлемдік қауымдастықтың  және  көптеген халықаралық  ұйымдардың алдында тұрған  бірден-бір күрделі де көкейтесті  мәселе де осы – Ауғанстанда  тұрақтылық пен  бейбітшіліктің орнауы.

Бұл бағытта БҰҰ  шама-шарқынша шаралар мен амал-әрекеттер қолдануда.

Ең алғаш  1980 жылдың қаңтарында  АҚШ-тың  талап етуімен  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Кеңес Одағының  Ауғанстанға белгілі бір мөлшерде  әскер кіргізуі басқыншылық ретінде айыпталып, дереу  қарулы күштерін кері әкетуін талап еткен қарар қабылдады. Мәселе  БҰҰ Бас Ассамблеясының  төтенше  сессиясында  қаралып, Қауіпсіздік кеңесінің  қарарын  108 мемлекет қолдап, 14 ел қарсы дауыс берді.

Көптеген халықаралық  ұйымдардың  ықпалымен  1991  жылдың  13 қыркүйе­гін­де  КСРО мен АҚШ  Ауған халқының  сыртқы күштердің араласуынсыз өз тағдырын  өзі шешуі, әскери  қимылдардың тоқтатылуы, БҰҰ бақылауымен шұғыл  еркін де ашық сайлау  өткізу және өтпелі кезеңнің  іс-шараларын  жасау жөнінде   бірлескен мәлімдеме   жариялады. Сол күннен бастап қос тараптан да  қару-жарақ жеткізілу тоқтатылды.

Катар астанасы Дохадағы АҚШ пен «Талибан» өкілдерінің кездесуі.

Осы жылдың 15 қарашасында  Кеңес Одағы мен  ауғандық оппозиция өкілдері кездесіп, кеңес-американ мәлімдемесінде айтылған талаптардың орындалуы туралы келісімге келгендей болды. Өкінішке қарай,  қарсыласу мен қарулы қақтығыс  күні бүгінге дейін жалғасуда.

Санап қарасақ  БҰҰ-ның Қауіп­сіздік кеңесінде 1999–2008 ж.ж. аралы­ғында:  1999 ж. (1265), 2000 ж. (1296), (1325), 2005 ж. (1612) және 2008 ж. (1820), (1833)  қарарлар қабылданып, оларда  қарулы қақтығыста  бейбіт тұрғындарды, әйелдер мен балаларды  қорғау  секілді  өзекті мәселелер  қарастырылған.

2001 жылдың аяғында  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстанда бейбітшілікті қамтамасыз ету және соғыстан бүлінген инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін  НАТО мен АҚШ әскерлерінен құралған ИСАФ (Халықаралық қауіпсіздік күштерінің) Ауған жеріне кіруіне рұқсат  берді.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскерлері 2001–2014 ж.ж. қарулы ұрыс қимылдарын жүргізіп, тәліптерді  тізе бүктіргенімен, қозғалысты біржолта жойып, елде бейбітшілік пен саяси тұрақтылық орната алмады. 2014 жылы 140 мыңдық  американ мен НАТО жауынгерлерінің  көп бөлігі шығарылып,  белгілі бір бөлігі қалдырылды.

2017 жылдың күзінде  Дональд Трамп­тың  бұйрығымен  Ауғанстанға қосымша  4 мың  жауынгер жіберіліп, американдық әскерилер саны 14 мыңға жетті. Бұған тағы сондағы 4,5  НАТО  сарбаздарын қосыңыз. Өздерінің айту­ларынша олар тікелей ұрыс қимылдарына қатынаспайды, тек қана  Ауған үкіметінің әскерлерін  террористік топтармен соғысуға  жаттықтырып,  дайын­даумен айналысады.

Бірақ та Ауған жерінде шетелдік әскерлердің болуын өз ішіндегі ресми билікке қарсы қарулы топтар және көршілес Иран мен Пәкістан, Қытай  мемлекеттері қаламайды.  Осыған қарап,  кейбір сарап­шылар  «Талибан» сияқты  оппози­циялық  ұйымдарға  аталған   мемлекеттер дем беріп, қару-жарақпен қамтамасыз етуде», –  дегенді айтады.

Ақиқатын айтар болсақ,  қазіргі күні  «Ауған қайшылығын» шешу жөнінде  Құрама Штаттардан бастап, бұған бас қатырып жатқан жетекші елдер, халық­аралық деңгейдегі  сарапшылар мен мамандар  жетерлік.

Шамасы  Ақ үй әкімшілігінің  Ауған­стандағы  бірден-бір оппозициялық  күш талиптермен  келісімге келмей, мәселенің шешілмейтініне көздері жеткен тәрізді. Оның үстіне  Ауған жерінде мыңдап сана­латын әскерін қаржыландыру  федералдық бюджетке  де ауыр тиюде.

Осыдан екі жыл бұрын  21 тамызда президент Д.Трамп Форт-Майер әскери базасында  теледидар арқылы сөйлеген сөзінде  өткен 16 жыл ішінде АҚШ-тың  Ауғанстан операциясына 700 млрд. доллар шығын жұмсағанын, 2 мыңдай солдатынан айырылып, мыңға жуық жауынгерінің әр түрлі жарақаттар алғанын ашық айтып, мойындаған-тын.

Амалсыздықтан болар, жақында  АҚШ пен «Талибан» ұйымының өткен жылдан бері Катар астанасы Дохада  жасырын келіс­сөздер жүргізіп  келе жатқаны жария болды. Сірә, мұндай  қадам-қарекетін Вашингтон  алдын-ала  НАТО бойынша  әріптестерімен  және Еуроодақпен  келіс­кен болуы керек.

Бір айта кететіні, АҚШ атынан  келіссөз жүргізу міндеті  түбі ауғандық, Мазари-Шарифте туып, Кабулде лицейде  оқып, жоғары білімді Бейруттағы американ университетінде алған, американдық тәжірибелі  дипломат Залмай Халилзадке жүктелген.

«Талибан» ұйымы келіссөзге  Ауған­стан үкіметінің  қатысуына үзілді-кесілді қарсылық танытты. Өйткені,  олар оны  бүкіл халық сайламаған «заңсыз  үкімет» деп есептейді. Алдағы  28 қыркүйекке бел­гіленген  президенттік сайлауды да  қабыл­дамайтынын, сол күні сайлау учаскелеріне шабуыл жасайтынын жасырмайды.

Американдық әйгілі The Washіngton Post және The New York Tіmes басылым­дарының жазуынша, Дохада өткен келіс­сөздер  аясында  «Талибан» ұйымының   «әл-Кайданы»  Ауған жерінде  әскери жат­тығулар  жүргізуіне  жол бермей ығыстырып  шығаруды  міндетіне алатындығы,  АҚШ-тың  өз әскерлерін біртіндеп әкетуге, алдымен  14 мың жауынгерінің 5 мыңын, кейінгі екі жылда қалғандарын  шығаруға уәде  беретіндігі  талқыланып келісілген.

Десе де, екі жақтың  келісім-шартқа қол қоюының кешеуілдеуіне   қазіргі ресми билік  президент Ашраф Гани  бастаған Ауғанстан үкіметінің  қарсылығы кедергі болып тұр.

Кешегі 16 тамызда  АҚШ президенті Д.Трамп  Ауғанстан  мәселесі бойынша  Ақ үй әкімшілігі мамандарымен  кездесіп, онда  мән-жайды  арнаулы өкіл Залмай Халилзад баяндап берді. «Талибан» ұйымымен екіжақты келісімнің  шарттары  мен талаптары, американ әскерлерінің  шығарылуы туралы  айтылды.  Трамп Twіtter парақшасында «жақсы кездесу» болғанын,  оған өзінің қанағаттанғанын жазды.

Ықпалды елдердің  араағайындығын 26-27 тамыз күндері  Норвегияның аста­насы Ослода   Ауған үкіметі мен «Талибан» ұйымы өкілдерінің  келіссөзі  белгіленген. Оның қандай нәтижемен аяқталары әзірге белгісіз. Егерде  расында да бейбітшілік пен тыныштықты қалайтын болса, екі жақ та ерегіс пен қарсыласуды қойып, Ауған халқының мүддесі үшін ымыра мен мәмілеге барулары тиіс.

Ең соңғы келіп түскен жаңалық:  АҚШ пен «Талибан» тобы Дохадағы сегізінші рет  кездесуде  американ мен НАТО әскер­лерінің Ауған жерінен шығарылу мерзімін нақтылай келіскен. Ендігі қалғаны  қалай шығарылатындығын  айқындау болмақ. Мұны  пәкістандық  Down газетіне талиб­тердің өкілі  Сухейль Шахин  телефон арқылы хабарлаған.

«Талибан» ( «тәлімгер», «оқушы» мағынасында) 1994 жылы пуштун тайпасы құрған  исламдық қозғалыс. 1996–2001 ж.ж. Ауғанстанда билік құрып, Пәкістанның солтүстігіндегі Вазиристанды да өзіне қаратты. Олар құрған  Ауғанстан  Ислам Әмірлігімен Біріккен Араб Әмірлігі (БАӘ), Пәкістан және Сауд Арабиясы дипломатиялық қатынас орнатты. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2003 жылы  «Талибанды»  террористік ұйым деп таныды. 1995 жылы БАӘ-нің қолдауымен Гильменд провинциясын иемденіп, Гулбеддин Хэкманиярдың  тобын талқандады. Кабулдың іргесінде оларға Ахмад Шахтың дивизиясы тосқауыл жасап, тоқтатты. 1996 жылғы 27 қыркүйекте ешбір қарсылықсыз Кабулды басып алып, Ауғанстан  Ислам Әмірлігінің құрылғанын жариялады. 2001 жылғы 11 қыркүйектегі  Америкадағы  атышулы жарылыстан кейін АҚШ  Ахмад Шах пен Бурханнуддин Рабанидің  басшылығындағы Солтүстік альянстың қолдауымен арнайы әскери операция жүргізіп, талибтік  Ауғанстан  Ислам Әмірлігін құлатып, биліктен кетірді. Талибтер  жартылай Пәкістан жеріне ығысып, жасырын әрекет етуге көшті. Содан бері  билікке жету жолында  тоқтаусыз күрес жүргізіп келеді. Күрестерінің негізгі түрі  Кабул сияқты үлкен қалалар мен елді мекендерде халық көп жиналған жерлерде жанкештіні жұмсап, жойқын жарылыс жасау. 2017 жылғы тамызда «Талибан» басшылығы АҚШ президенті Д.Трампқа хат жазып, оны американ әскерлерін Ауғанстаннан шығаруға шақырды. 2018 жылдың 9 маусымында  үкіметпен ымыраға бару үшін 15 күндік  тыныштық жариялады. Талаптары орындалмаған соң 22 маусым күні түнде үкімет әскерлеріне шабуыл жасады. 2019 жылғы мамырда  РФ Сыртқы істер министрі  Сергей Лавров молла Барадар Ахунд  бастаған  «Талибан» өкілдерімен келіссөз жүргізгені мәлім болды.

Ұстанатын  идеологиясы – исламдық ашаризм. Бұған қарсы тұрғандардың  бәрін адасушы  санап, қудалауды жөн көреді. Өздері басып алған жердің бәрінде шариғат заңын енгізіп, теледидар мен музыкаға, музыкалық аспаптарды, компьютерді пайдалануға, бейнелеу өнеріне, ішімдікке, шахмат ойнауға, ақ түсті аяқ киім киюге  тыйым салады.

«Талибан»  ұйымы қатарында 27 мыңнан астам  сарбаз бар. Кейбір деректер бойынша мұнан да көп. Олар қазіргі күні  Ауғанстан территориясының  40 пайызына билік жүргізеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *