АТЫНА ЗАТЫ САЙ АЗАМАТ

Досым әрі курстасым Қонысбай Дүйсенов алпысқа келдім дегенде, сенерімді де, сенбесімді де білмедім. Болмысына қарасаң, сол баяғы желіп жүрген жиырма бестегі жігіттей көрінеді

Қонысбаймен 1987 жылы бұ­рынғы Киров, қазіргі әл-Фараби атын­дағы университетке оқуға түсуге тал­пыныс жасап келген сәтте танысып, содан бері қоян-қолтық араласып, туыстай болып кеттік. Мен, Қонысбай, Дәулет бірге дайындалып жүріп оқуға түстік. Кейін бізге кіші Дәулет келіп қосылды. Сол уақыттан бері қайғымыз бен қуанышымызды бірге бөлісіп, бірге қуанып, бірге қайғырып келеміз. Қонысбай біздің топтың старос­тасы болды. Жәй ғана староста емес, туған ағамыздай қамқоршы бола білді. Ұйымдастырушылық қабілеті өте жоғары еді. Әсіресе, сессия кезінде мұғалім­дермен тіл табысып, үлгерімі нашар курстас­тарымыздың өзіне жақсы баға алуына көмектесетін. Сессия кезінде түннің бір уағына дейін біздің үйде емтиханға дайындаламыз. Көз талып шаршаған кезде ұйқыға жатамыз. Ол кезде Айжан қызым бір жастан жаңа асқан кезі. Күндіз ұйықтап алады да, түнде ұйықтамайды, ойнап отырады. Нұрсұлу екеуіміздің біріміз онымен бірге ояу отыруымыз керек. Ұйықтап кетсең, жылап оятып алады. Көзіміз жұмылса кішкентай саусағымен тырнап, аш дейді. Көзің ашық болу керек. «Сен бақ, мен бақпен» таңды атыратынбыз. Таң ата Айжан қызым әрең ұйықтайтын. Ал күндіз бетін салқын сумен жуып оятайық десек оянбайтын. Сөйтсек, түн мен күнді ауыстырып алыпты ғой. Екіден асқанда ғана уақытысында ұйықтайтын болды. Ондайда Дәулет бала жылап жатыр ма, оған бәрібір ұйықтай беретін. Ал Қонысбай ұйықтай алмайтын, өте сергек еді. Айжанның кішкене қыңқылынан-ақ оянып кететін. Ол кезде қоғамдық көлік таңғы алтыдан бастап жүреді. Соны күтіп жатып, сағат алтыда жатақханасына кетуші еді. Сол Айжанымыз қазір екі баланың анасы.

Қонысбай Алматы қаласына кел­геннен кейін Алматы үй-құрылыс ком­бинатында жұмыс істеді. Қатардағы жұмысшыдан бригадир дәрежесіне көтерілді. Сол жерден Алматы облыстық комсомол комитетінің аппаратына жұ­мыс­қа ауысып, комсомол ұйымы тара­ғанға дейін сонда жұмыс істеді. Міне, осы уақыттан бастап Қонысбайдың өмірінің жаңа кезеңі басталды.

Тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміз өмірінде орын алған өзгерістер, партия, комсомол ұйымдарының, колхоз, совхоздардың тарауы, өндіріс орындары­ның жабылуы халыққа үлкен дағдарыс әкелгені белгілі. Ауыл жұртының, туған ауылын, қара шаңырағын тастап «өзен жағалаған өлмейдінің» кебін киіп, қалаға қарай ағылғаны да осы тұс болатын. Осы кезеңде халықтың көбі алып Алматының бауырын сағалады. Күнкөріске жарайтын жұмыс табылғанмен, баспанасы жоқ баяғы сол қазақ «жетім бұрышты» жағалады. Қазақтың, әсіресе, жастардың баспанасыз жүргенін байқаған ел азаматтары «Шаңырақ» баспанасыздар ұйымын құрып, қазақ жастарына үй салуға жер учаскелерін бере бастаған болатын.

Сол жер бөлінген ықшамаудандардың ішіндегі көлемі мен халқы жағынан да ерекшесі «Шаңырақ-1» және «Шаңырақ-2» ықшамаудандары болды. Тұрғын­дардың басым көпшілігі жастар, орташа жас мөлшері 30 бен 40 жастың аралығы. Жер берілді, бірақ жол, электр жарығы, су жоқ. «Тұрғындар қалалық мәслихат депутаты Бәтима Шайхина мен Қоныс­байды 1993 жылдың  мамыр айында ықшамауданның өзін-өзі басқару комитетінің басқарушысы етіп сайла­ғанда, мұндағы жағдай ауыр еді. Көптеген адамға жер учаскелері бөлініп берілгенмен, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан ешбір жағдай жасалынбаған еді. Ол кезде мұнда автобус жүрмейтіндіктен халық күнде­лікті нан, сүт, тағы басқа азық-түліктерін алу үшін 6-7 шақырым қашық­тықтағы дүкендерге жаяу барып, сол кезеңдегі талон карточкасымен кезекке тұратын. Ал талон карточкасыз дүкен­дерден азық-түлік босатылмайтын. Талон  қалада тіркеуде тұратындарға ғана берілетін. Сондықтан халықтың қамын ойлаған олар бірінші кезекте жер учаскесі бар тұрғындар үшін қалалық әкімшілік арқылы уақытша төлқұжат тіркемесін алу мәселесін шешкен еді. Сонау тоқсаныншы жылы Алматыға осынша қазақты тіркеуге тұрғызу ерлікпен пара-пар тірлік саналатын.

Су мәселесі тіпті қиын еді. Су таситын машина (водовоз) қолы тисе су тартатын, ол келмеген күндері тұрғындар су іздеп әр жаққа шұбырумен  күндерін өткізетін. Электр жарығы да қиын болды. Ток желі­сінің әлдебір жерінен ақау кетсе болды, үйлердің терезесінен 10–15 күнге дейін май шамның жарығы сығырайып тұратын.

Міне, осы күрделі мәселелерді аудан, қала басшыларының алдына табанды түрде қойып, «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2» ық­шам­аудандарына ортақ жалғыз жолы бар М.Өтемісұлы көшесімен осы ықшамау­данға қатынайтын №103 авто­бустың маршрутын ашуға Қонысбайдың себепкер болғанын қазіргі Алатау ауданындағы «Шаңырақ» ықшамауданы тұрғындарының бірі білсе, бірі біле бермес.

«Шаңырақ-1» ықшамауданына су құбыры магистралін тартқызып, көше бойларынан су алатын колонкалар орнатып, соның арқасында көптеген тұрғынның ауызсуды өз үйлеріне тартып алуына да көмегі тиген ықпалды адам­дардың бірі Қонысбай Дүйсенов болғанын үлкен құрметпен айтуымыз керек. Оның кейде «Шаңырақты» «электрлендіруге» де қосқан үлесім бар деп әзілдейтіні бар. Ол сөзі де рас.

Бұл – Қонысбайдың сол уақыттағы іс-әрекетінің бір парасы ғана. Кейде демалыста балалармен бірге барып, үйіне қонатынмын. Қонысбай таңғы сағат бестен тұрып алып, әр түрлі жағдай­лармен келген адамдармен сөйлесіп, ақыл-кеңес беріп жататын. Бірде мынадай қызық жәйт болды. Перзент­ханада босанып жатқан әйел Қонысбайға біреулерден хат беріп жіберіпті. Онда әлгі әйел өзінің аман-есен босанып, перзент­ханада жатқанын, уақыты біткендіктен ауруханадан шығарғанын, күйеуі мұның қайда жатқанын білме­гендіктен келмегенін, күйеуіне хабар беруін өтініп жазыпты. Туыстарын іздеп келгендер, іздеп келген адамдарының адресін сұрап Қонысбайға келетін. Уақыт талғамайтын, түннің бір уағында келіп тұратын. Бірақ соның біріне Қонысекең қабақ шытпай, қолынан келгенше көмегін көрсетіп жататын.

Қонысбайдың бауырмал­дығын­да шек жоқ десе де болады. Інілерінің бәрін өз қолымен үйлендірді. Үйлі-жайлы болуына көмегін тигізді. Қонысбай жақсы жар, өнегелі әке. Жан жары Шолпанның сал ауруына шалдыққанына да біршама жыл болды. «Шолпаным аяғынан тік тұрып кетіп, бала-шағасының ортасында ойнап-күліп бірге жүрсе» деген үмітпен түнет­пеген әулиесі, қаратпаған дәрігері қалмады десе де болады. Өкінішке орай, ешбір емнің шипасы дарымады. Бірақ Қонысбай бұл қиыншылыққа да «Алланың азаматтығым мен адамгершілігіме берген бір сынағы шығар» деп сабырмен қарап, Шолпанның қабағына көлеңке түсірмей аялап, бар жағдайын жасап отыр. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, ұлдары Қуат пен Қанат азамат болып өсіп келеді. Қонысбайдың ата, Шолпанның әже болатын қуанышты күндері алыс емес. Екеуі де білімді, білікті, еңбекқор. Өткен жылы Қуат үйленіп, келінді болды. Бұйыртса, жақында немерелі болады.

Өзінің ғана емес, өзгенің де жағдайын ойлап, жанашыр болып жүретін, бүгінде сол халық игілігі жолында қызмет атқарып жүрген Қонысбай Дүйсенов бақытты отбасы деген құрметке лайықты жан. Басыңнан бағың таймасын дейміз өмірдің өр биігіне құштар жан-досқа!

Айтуған БАРАҚБАЕВ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *