АТЫН АЙТСАҢЫЗ, ӘН ҚАЛЫҚТАП ТҰРҒАНДАЙ БОЛАДЫ

Қазақ әндерінің қоры тағы бір қазынамен толығып отыр. Бұл қазына композитордың немесе сазгердің жеке дүниесі емес, ақынның кітабы. Жәй ақын емес, әнге айналған ақын Шөмішбай Сариевтың «Сәлем, саған туған ел» кітабы «Sansam» баспасынан жарық көрді.

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль сый­лығының, «Жыл адамы» – Алтын адам сыйлығының, Пла­тина-Тарлан сыйлығының және «Халық­тың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лау­реаты, ғалым, ақын!

Мұның бәрі қазіргі жағ­дайда қажет дүниелер шығар, өйткені, тұлғаның ой өлшемі мен елге сіңірген еңбегін осылар ай­ғақтап тұрады. Алайда, осылар­дың бәрін бір ғана сөз алмастыра алады. Ол – «Шөмішбай  Сариев» деген сөз.

Шөмішбай Сариев қайталан­бас мөрге айналған есім. Оған анық­таманың да, түсінік­теменің де керегі шамалы. Сан ұрпаққа ән салдырған, сан ұрпақты тамсан­дырған ақын бұл. Тіпті, кейбір жас әнші алғаш сах­наға шық­қаннан бастап,  қар­тайған шағына дейін осы ақынның сөзімен ән айтып келді. Бұл мыңның біріне бұйыра бермейтін бақыт!

Біз осы күнге дейін әнге сөз жазуды екінші қатардағы мәселе санап келдік. Әдебиеттің жеке жанры ретінде қарастыру қолға алынған емес. Осындай салғырт көзқарастың салдары шығар, қазір екінің бірі отыра қалып, әнге сөз жаза беретін жағдайға жеттік. «Қазақ даласы ән салып тұрған» заманнан бастап өнердің деңгейі ән мен күй арқылы баға­ланатынын біле тұра, көзжұм­байлық жасап келдік, ойдағыдай көңіл бөлінген емес.

Таяуда ғана Қазақстан Жазу­шылар одағының кезекті Пле­нумында ән сөздерін қарайтын комиссия құрылатыны жайында шешім қабылданып, орын алып келген осы олқылығымыздың орны толатындай көрінді. Ал белгілі ақынымыз Шөмішбай Сариев бүкіл ғұмырын осы салаға арнап келеді.

Өнердің бір шыңы – әнге сөз жазу. Тау-тасы тайғанақ шыңға өрмелеп көрмеген адам оның жолы қандай екенін біле бермейді. Дайын өлеңге жазылған ән – басқа әлем, әнге сөз жазу – басқа дүние. Осы­лардың ақ-қарасын, мән-маңызын елеп-екшеп жатқан ешкім жоқ. Айыр­масы жер мен көктей дүниенің байыбына барып, жете зерттеп жатқан сыншыларды да, өнер­танушыларды да өзім байқай қой­мадым. Бұл төңіректе айтар әңгіме көп, ол өз алдына басқа тақырып. Алайда, осының бәрін тағы бір ойға салып  отырған Шөмішбай Сариев­тың жаңа кітабы біраз мәселеге қозғау салады деп сенемін.

Кітаптың аннотациясында «Өрісті ой-толғамдарға жетелей­тін «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында жарық көрген бұл кітап – болашақ ұлттық құндылығымызға айналар деген үмітпен оқырман назарына тарттық» деп өте орынды жазы­лыпты. Атын атасаңыз, көңілі­ңізге ән келетін ақынның жаңа кітабы тұтастай ән сөздері мен оның ноталарынан тұрады. Бұл қалың көпшілікпен бірге, музыка мектеп­тері мен музыкалық жоғары оқу орындарында, өнер орда­ларында жүрген өнерпаз­дарға да таптыр­майтын дүние.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *