Атымтайлар «Жомарт жүрек» атанды

Рая ЕСКЕНДІР

Қазақтың қанында бар қайырымдылық қасиет тұрғысындағы іс-шаралар жиі төбе көрсетіп жатады. Дегенмен, Қоғамдық даму министрлігі былтырғы жылы «Жомарт жүрек» деп аталатын сыйлық тағайындаған еді. Мұның басты ерекшелігі белсенді тұлғалардың, еріктілердің өздері бастама көтеріп, қайырымдылық танытқанында болды. Сонымен қатар, аталмыш сыйлық туған өлкеміздің дамуына елеулі үлесін қосып жүрген меценаттарға, белсенді тұлғаларға, бизнес-құрылым өкілдері мен еріктілерге табыс етілген еді.

Биылғы жылы да үрдіске айналған «Жомарт жүрек» өз иелерін тапты. «Ramada Almaty» отелінде өткен марапаттау салтанатына Алматының өркендеуіне, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына демеушілік жасап жүрген қайырымы мол жандар жиналды. «Жомарт жүрек» байқауы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылып отырған бірегей жоба. Сондықтан бұл жобаның мәні де, мағынасы да аса маңызды.

Ең алдымен, халықтың азаматтық белсенділігін арттырып, туған өлкемізді дамытып, гүлдендіруге атсалысуға, белсенділердің үздік іс-тәжірибесін таратуға, мейірім мен қайырым тұнған идеяларды насихаттауға бағытталған жоба бұл жолы да ұмтылған биігінен табылды. Байқаудың тағы бір басты ерекшелігі – жүректері жомарт, ниеттері ақ азаматтардың қатарының жыл санап артып келе жатқандығы. Мәселен, былтыр еліміздің барлық аймағынан байқауға қатысуға ниет білдірген 50 үміткердің 4-еуі Алматы қаласының тұрғыны болса, биылғы жылы «Жомарт жүрек» қалалық байқауына 40-тан астам өтініш келіп түскен екен.

Сонымен, салтанатты шараның алғашқы сөз кезегін Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысы Диас Есдәулетов алып, қолдау көрсеткен барлық қайырымды жандарға алғыс білдірді.

Сонымен қатар, еліміздегі ірі әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға, ата-ана қамқорынан тыс қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен зейнеткерлерге көмек қолын созып, қайырымдылық танытып жүрген қайырымды жандар «Жыл меценаты» аталымына ие болса, бұл құрметке «Жұлдыз-сауда» ЖШС директоры Олег Тунгусов ие болды.

Жеңімпаз азамат басшылық етіп отырған ұйым жыл сайын көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін арнайы сауда жәрмеңкелерін және балалар үйлерінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне қаржылай және басқа да көмек көрсетумен айналысып келеді. Алматы қаласында осындай қайырымды жандардың арқасында 1200 орынды мектеп, барлық құрылғылармен қамтылған емхана, соңғы үлгідегі заманауи диагностика орталығы ашылды. Қаламыздағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасы осындай қайырымды жандардың арқасында керемет келбетке ие болды.

Биылғы «Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл тұлғасы» аталымын Қазақстанның Еңбек Ері, Білім беру саласының үздігі Аягүл Миразова өз иесіне табыс етті. «Жыл тұлғасы» иесін ауып, ІТ саласының үздігі Равиль Насифулин лайық деп табылды.

– Менің басқа кәсіппен айналысып, қомақты қаржы табуға барлық мүмкіндігім бар еді. Дегенмен, ақшадан гөрі ардың қымбат екендігі белгілі ғой. Сондықтан адамгершілік қасиеттер басымдық танытып, қайырымдылыққа бел шеше кіріскен едім. Түрлі әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарының қажетсіз деп тапқан, істен шыққан компьютерлерін жинап алған едім. Барлық «қажетсіздерді» қайта құрастырып, компьютері жоқ балаларға тарту еттім.

Әсіресе, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі отбасы балаларына ауадай қажет компьютерлерді сыйға тартқанымдағы олардың қуанышын көрсеңіз. Екі жыл ішінде 300-ге жуық балаға компьютер мен ноутбук сыйға тарттым. Әлі де осындай қайырымдылық істі жалғастыра беретін боламын. Және мұндай қайырымдылығым үшін ешкімнен сыйлық алмаймын, – деген Равиль Насифулиннің адами қасиетіне қалай сүйсінбеске!

Қайырымды жігіттің бастамасын қуана қоштаған Аягүл Төреқызы да қуанышын жасыра алмады. Қоғамда осындай жандар көп болса екен. Өзім білім саласының қызметкері болғандықтан, балаларға жасалып жатқан барлық жақсылықтарға ерекше қуанып отыратын жанмын. Сондықтан Равиль бауырымыздың жүрегі жомарт, жаны таза азамат екендігін осынау іс-әрекетінің өзі-ақ дәлелдеп отыр емес пе?

Осындай атымтай жомарттар көп болсын, мен әркез «бай болсаң халыққа пайдаң тисін» деген тәмсілді айтып жүремін. Міне, осы сөзімізге Равильдің ісі дәлел болып тұр, – деді.

Алматы қаласы бойынша «Туған жер» арнайы жобасына 130 жеке және заңды тұлғалар, 40 қоғамдық мекеме тартылып отыр. «Жомарт жүректің» «Жылдың үздік ұйымы» аталымын қалалық Қоғамдық ұйым хатшысы Алтынай Көбеева «Рух» қоғамдық бірлестік директоры Алма Бекпанға табыс етті. 2006 жылы құрылған бұл ұйым 400-ден астам бағдарлама, жоба, іс-шараларға ұйытқы болып келеді. Басты мақсат мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдап, рухын көтеру.

Соңғы жылдары еріктілер қозғалысы еліміз бойынша қарқынды дамып келеді. Волонтерлер қатарында жастармен бірге аға буын өкілдерінің саны да арта түсуде.

«Жомарт жүрек» сыйлығының «Ерен еріктілік» және «Туған өлке» аталымдарын «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қали Сәрсенбай «Волонтерлер лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова мен «ДСУ-13» АҚ директоры Михаил Грачевқа табыс етті.

Белсенділігімен көзге түскен Айсұлу Әлімжанқызы бүгінде қаламыздағы 39 университет студенттер көшбасшылығы «У-39» қауымдастығының үйлестірушісі. Алматының мың жылдығына орай өткізілген «1000 жақсы іс», т.б. әлеуметтік жобалардың ұйымдастырушысы. Волонтерлер лигасындағы 5 мың волонтердің басын қосып, түрлі игі істерге мұрындық болып жүр. Михаил Грачевтің қолдауымен қаламыздағы 28 Панфиловшылар саябағы, Б.Момышұлы ескерткіші, Офицерлер үйі, Ықылас атындағы халық музыкалық  аспаптар музейі сынды тарихи орындар жарықпен қамтамасыз етіліп, қала тұрғындары жиі келетін көрікті орындарға айналып отыр.

Қаламыздың дамып, көркеюіне және тұрғындарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыс салтының жақсаруына өз үлестерін қосқан «Жомарт жүректі» жандардың қатары арта берсін дейік.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close