Атың кім, айналайын?

Ауылда Қисық деген қария болды. Өзі сондай қызық адам болатын. Көшеде бала өтіп бара жатса, кәмпит берем деп шақырып алып,  қытықтап ойнай­тын және сілең қатпайынша босатпайтын.  Тағы Врачбай деген кісі болды, ол кісі шы­нында дәрігер болды.  Соғымбай, Шұлғау­бай, Жылқыбай, Сиырбай, Айырплан деген де кісілер болған.  Қазір Айлун, Лунара,   Мил­лена, Айлин, Аделя, Азиада, Жасмин, тағы басқа да шет елден енген   есімдер көп. Осы біз балаға есім берген кезде оның мәңгілік бала болып қалмай­тындығын, оның ертең ержетіп, ата-ана, одан кейін ата-әже болатындығын неге ескермейміз осы. Сонымен, бүгінгі біздің сауалнамамыз балаға есім қоюға байланысты. Бала­ңызға қандай есім қояр едіңіз?

 

 

Балаға ат қойғанда абай болған жөн

 

Қазіргі жастардың көбі ата-анала­рымен ақылдаса бермейді. Өздері қалаған аттарды қоя береді. Бұл  дұрыс емес.   Бала солардыкі болған­мен, өмірге кел­ген нәресте әулеттің ізін жалғай­тын, сол әулеттің тегін алып жүретін  адам болғандықтан оған жақсы есім берілгені дұрыс. Өзімнің төрт немерем бар.  Тұңғышымыздың есімі Іңкәр. Оны біз қойдық, екінші неме­ремнің есімі  Кәусар,  оны құда­лар қойды. Ал қалған екеуін  ұлым мен келінім өздері қойды.  Илияс, Илла­да.  Біз Ілияс деп қоймай­мыз, олар Илияс деп атойлап шығады, ал Илладаны өте жақсы көреміз, бірақ есімін айтуға келгенде тілімізді бұрап әрең айтамыз. Әжесі Илла дейді.  Жастардың   балала­рына жаңаша есім қойғандары дұрыс шығар, бірақ ұлты­мызға жақын, ертең қартайғанда сол есімі жасына лайықты болуын еске­руіміз керек. Қазір біз қазақы есімдер­ден алшақтап барамыз. Жас­тарға адамға ат қойғанда абай болың­дар дегіміз келеді. Адамның есімі – оның тағдырына ықпал ететіндігін де ескергеніміз жөн.

Жанкелді БОТАБАЕВ,

зейнеткер.  

 

 

Маскүнем болса қайтесіз?

 

Балаға ат қойғанда,  өте абай болған жөн! Мысалы ұлға Абай деп есім бердіңіз. Ол маскүнем болып кетсе қайтесіз. Сен балаңа жақсы есім бердің бе,  сол есімді не үшін қойға­ныңды, мақса­тыңды түсіндіре біл.  Сол адамның кім, қандай адам болған­дығын  санасына сіңір. Сонда  барып бала өз есіміне құрметпен қарап, оның атына кір келтірмеуге тырысады.  Кім баласын жаман болсын дейді, деген­мен ертеңгі өмірлерін  ойлаған жөн. Лунара деген­нен гөрі, Айым, Айсұлу деген қазақ қызына жарасымды есім қойсақ болмай ма? Ұл-қызымызға ат қой­ғанда  да ту­ған туыспен ақылда­сып қой­ғанымыз дұрыс деп ойлай­мын.  Қазір балаларына қайтыс болып кеткен әжелерінің, аталарының, ағала­рының есімдерін қою дәстүрі қалып­тасыпты. Сонда келін  баласы арқылы өзінің атасы немесе  енесінің, болмаса қайын аға қайын апасының атын атап жүре ме? Есінде сақтау деген олардың есімін жаңа туған сәбиге беру деген сөз емес шығар, осы мәселені де  ойластырғанымыз жөн деп ойлаймын. Бала болған соң ұрасың, ұрсасың дегендей, сонда атын берген атала­рымызды ұрып, соғып жатқандай болмаймыз ба?

Жанар АБЫЗОВА,

журналист-кәсіпкер.

 

Айзере, Айша, Айсұлу деген есімдер ұнайды

 

Рас, қазір жас отбасылары балала­рына жаңаша есім қойғылары келеді. Кейбірі  үлкен тұлғалардың есімдерін ырым­дап қойып жатады. Кейде сол ырымдап қойған есімді алып жүре алмай, ата-анасын ұятқа қалдырып  жататын  жағдайлар болады. Сондық­тан  балаға ат қойғанда  ата-ана  өзіне сол баланы есіміне лайықты етіп тәрбиелей аламын ба, есіміне лайықты  азамат етіп  қалыптастыра аламын ба деген сауал тұруы керек ата-ананың алдында. Балаңа  Бауыржан,  Абылай, Әлихан, Нұрсұлтан, Иманғали деген есім берген екенбіз, олай болса баланы сол атына заты сай  етіп тәрбиелейік. Жалпы, маған ұл балалардың есімде­рінен Арман, Асылжан, Әлижан, Асқар, Жан­келді, қыздардың есімде­рінен Әмина, Айзере, Зере, Айсұлу, Айша деген есімдер ұнайды. Егер неме­релерім өмірге келсе, осы есім­дерді қояр едім.

Жұмагүл  ОСПАН,

кәсіпкер.

 

Балаға  ат қоюдың өзі дәстүріміздегі салтанатты да жауапты рәсімдердің бірі. Олай болса,  баланың атын қойғанда өзіміздің  пікірімізбен  ғана санаспай, ағайын-туғанмен  де ақылдасқан  жөн шығар.  Өйткені, бала деген біздің болашағымыз, сол бола­шағымыз – ұл-қызымыздың  есімдері болашақтарына  жолашар есім болсын дегіміз келеді. Ат қойғанда сол есімнің қандай мағына беретіндігіне де мән берген дұрыс дейді психолог мамандар. Психолог мамандар  кейбір балалар сол есімі беріл­ген адам­дардың тағдырын қайталайды дегенді де жоққа шығар­майды.  Жарат­қан ие балаларымыздың тағдырын дұрыс етсін деген­мен, оқырмандарымыз айтқандай, балаларымызға ат қойған кезде абай болғанымыз дұрыс-ау.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *