АТЫ АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН АҚСАҚАЛ

Абрар ақсақал туралы аңызға бергісіз бір қызық әңгімені біз алғаш рет сонау студенттік шағымызда естіген болатынбыз. Сонда көңіліміз толқып, әлгі оқиға болып өткен өңірге барып, қасқа биенің белгісі қалған қыратты өз көзімізбен көріп қайтсақ па деп те қиялдағанымыз рас.

Студент кездегі біздің курстас досымыз әрі старостамыз, бүгінде есімі елге белгілі мемлекет қайраткері, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның әкесі Абрар ақсақал жастайынан жылқы баптап, жүйрік таңдап өскен ақсүйек, бекзат кісі еді. Құдай берген ұл-қыздары соңынан шұбырып, бірінен соң бірі бәйтеректің бұтағындай жетіліп, өсіп жатқан үлкен әулеттің иесі болатын.

Міне, сол балалардың несібесіне жаралғандай берекелі, текті жылқы – қасқа биесінің бұл шаңырақтағы орныерекше-тұғын. Себебі, сүті бал, қымызы дәрі ғой.

Алайда, аққан судай жылжып уақыт өтеді. Кәрілік шіркіннің құрығытірі жанғажетеді. Қасқа биенің де көрер жарығы таусылып, көзі жұмылатын сәт таяп келе жатады. Әне, сол кезде айналадағы ағайынның: «Кешіктірмей сойып алайық. Тым құрыса көже-қатық қылармыз» деген сөзіне Абрар ақсақал құлақ аспай, басын шайқап: «Мен сендерге қасқа биені емес, басқа биені сойып берем» деп көнбейді. Себебі, шиеттей бала-шағаның ауыртпалығын өзімен бірге көтерген текті жануар қасқа биенің алқымына батылы жетіп пышақ тақай алмасын біледі…

Сөйтіп, жылқының көзі жұмылған күні ауыл маңындағы биік қырқаның басына апарып, өз қолымен жер қойнына тапсырып қайтады. Содан кейін әлгі қырқаны ел Қасқа биенің жотасы деп атап кетеді. Ол туралы әңгіме ауыздан-ауызға көшіп, бірте-бірте аңызға айналады.

Әрине, сонау Мақаншыдан мынау Алматыға жеткенше оның азды-көпті өзгерген тұстары да болуы мүмкін.  Қалай дегенмен, әркім өз қиялынан қосуға тырысады емес пе.

Кейін, арада ұзақ жылдар өткенде бізге Абрар ақсақалдың өзімен кездесудің де сәті түсе кеткені. Жасы сексенді алқымдаса да, бойын тіп-тік ұстайтын сымбатты қария екен. Сол жолы, әлбетте, ретін тауып, қасқа биенің хикаясын да сұрап алуға талпындық. Көп сөзге әуестігі жоқ ақсақал аз-кем ойланып, жымиып отырды да: «Иә-ә, сондай бір оқиға өткен» деп қоя салды.

Жас күнімізден көңілімізге ұялап қалған қызық суреттерді көз алдыма елестете отырып, сол жылы мен «Жылқының көз жасы» атты көркем әңгіме жаздым. Ол әуелі «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Содан соң әлеуметтік желідегі әр түрлі сайттар бірінен соң бірі көшіріп басып жатты. Бір сөзбен айтқанда, қалың оқырман қауымның ыстық ықыласына бөленді.

Ал таяуда сол әңгімемнің «Мектеп» баспасынан басылып шыққан жаңа оқулық – сегізінші сыныпқа арналған «Көркем әдебиет хресто­матиясына» енгенін көрдім. Демек, бүгінгі өскелең жас ұрпаққа да керек болғаны ғой.

Тек бір өкініштісі, кешелі бері Семей өңірі жақтан: «Асқар таудай атамыз Абрар ақсақал тоқсан төртке қараған шағында дүниеден өтті» деген суық хабар жетіп, жан дүниемізді жабырқатып тұр.

Қош болыңыз, қария! Сіздей асыл ақсақалдың көзін көріп, батасын алған ұрпақтың бақытты екендігіне біздің күмәніміз жоқ.

 

Нұрғали  ОРАЗ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *