Қатираның көк кебежесіне «жерік» болған жеңгелер

Жеңіс ШЫНЫБЕКОВ

Төрт бірдей ұлы шешектен шейіт болған әйгілі аңшы Аңшыбай жер ортасына келгенде туған қызын ерекше еркелетіп өсірді. Ержан деп ат қойып, кішкентайы­нан ер балаша киіндіріп, тайға мінгізіп қызықтады. Аудандық мал дайындау меке­месінің тапсырмасымен айлап, апталап киік, қасқыр, қарсақ аулап Бетпақдалаға кетеді. Аяғы үзеңгіге жеткеннен бастап қасы­­нан қалдырмай аңға алып шығады. Аң­құмар жас бала көкесінің қақпан басқа­нын, киіктің текелерін бір атқаннан құлатқанын көріп өсті. Қасқырдың терісін тұтас сыпырып алуды үйренді. Киіктің етін жіліктегенде қолы қолына жұқпайды. Көке­сі қыс түскен кезде Шешенбайдың қалың шеңгелінің арасында сонар салады. Елік, қоян, түлкі аулайды. Соның бәрінде Ер­жан­ды қасынан қалдырмайды. Үнемі аңшы­лардың ортасында жүргендіктен соларша дөрекілеу, боқтап сөйлейтін әдет тапты.

Ержанның сырт келбеті ер балаға тән кесек, дауысы жуан, қызға лайық нәзіктік жоқ. Қимыл-қозғалысы да арсы-күрсі. Кең адымдап, екпіндеп жүреді. Анда-санда ауылға келгенде ағаларынан көргенін істеп жақын жеңгелерінің ышқырына қол жүгір­тіп ойнайды. Жас болса да Құдай бойына мол қуат берген, қолы темірдей қатты, ұстаған жерлері көгеріп қалады.

Миша Горбаштың «Қайта құру» зама­нында қойшылар таяғын, жылқышылар құрығын ұстап қалған кезде Аңшыбай бүкіл ауылды аң етімен асырады. Терісін сатып шай-қантын әперді. Осы қамқор­лығы үшін ел оны қатты құрметтейді. Аңшы­ның көңіліне қарап ешқайсысы Ержанды қыз деп атамайды, аңшының еркесі дейді. Ержанның өзі де қызбын деп мойындамайтын сияқты. Ер балалармен доп қуып, ләңгі, асық ойнайды.

Мектеп жасына жеткенде шашыма бан­тик байламаймын, фартук кимеймін деп қиғылықты салды. Қатал Қатира әуелі үгіттеп көрді, артынан күш те қолданды. Бірақ Ержан айтқанына көнбеді. Қасқыр­дың бөлтірігіндей қайсарлық көрсетіп бантикті отқа жағып, фартукты жыртып тастады.

Ауылда Мақажан молла деген бала­лардың шашын алатын кісі бар еді. Ержан соған барып шашын ұстарамен қырғызып тастады. Мақажан оның қыз бала екенін білген жоқ. Жүгіріп келіп апасына:

– Ал бантигіңді қай жеріме тағасың, – депті тақыр басын сипап.

Бұған не амал істейміз деп анасы мен мұғалімдер сарсаң болып жүргенде Ержан бір түнде жоқ болды. Торы құнанына мініп, киік ату науқанына кеткен көкесіне қарай тартып отырды. Аңшылардың базасы ауыл­дан екі жүз шақырым жердегі Бетпақда­ланың бар пұшпағы Тантай тауында еді. Күн-түн жүріп отырып сонда жеткен.

«Газ-66» машинамен артынан қуып келген мектеп директорынан қашып тау асып кетті. Мектеп директоры Аңшыбай­дың жақын туысы болатын. Оның «Қазір заң жаман, менің сотталып кетуім мүмкін» деген жалынышты сөзіне көкесі: «мектепке ақылы кірген соң өзі-ақ барады» деп жауап берген. Сөйтіп, Ержан мектеп есігін он жастан асқанда ашты.

Ірі денелі, бойшаң, Ержан арқардай болып кішкентай балалардың ортасында жүруге ұялып кітаптарын тығып, талай рет қашты. Бірақ бір кеш көкесінің дәрісін тыңдағаннан кейін мектепке өзі қайтып келді. Фермадан бес шақырым жердегі мектепке балаларды машинамен апаратын ол көкесіне бір-ақ талап қойды:

– Мен мектепке атпен барамын.

– Мақұл, – деді көкесі. Басқа шарасы жоқ еді.

***

Ержан күлегеш, ойнампаз. Әсіресе, жеңгелерімен қол жұмсап қатты ойнайды. Оңашада: «Мына қыз байымыз сияқты боқтайды, ерегіссе қамшымен тартып жіберуден тайынбайды. Не еркек емес, не қыз емес бұл пәледен қайтып құтыламыз. Күйегі түсіп қалған текедей ешкі сияқты алды­­на салып қуады да жүреді. Бұл байға тиіп басқа жаққа кеткенше талай заман бар. Оған дейін өкпеміз өшіп өлетін шығар­мыз», – деп күңкілдеседі келіншек­тер.

Ержанның оғаш қылықтарымен қатар жақсы мінездері де бар. Өзі аңқылдаған ақкөңіл, аңқау, сенгіш. Бір күні қу келін­шек­тердің қақпанына түскенін білмей қалды. Ержан үйіне кіріп келе жатқанда ұршық иіріп отырған Рухан жеңгесі ішін басып ойбайлап жата кетті.

– Ойбай ішім, бүріп әкетіп барады, өліп қалмасам жарар еді, – деп зарлап жатыр.

Сасып қалған Ержан оның басына жастық қойып бәйек болды да қалды.

– Жеңеше, не болды, қай жерің ауырады?

– Ішім, ішім, – деді Рухан қатты қинал­ғандай бетін тыжырайтып. – Осы әулеттің санын көбейтемін деп… оның үстіне ағаң да жанымды қоймайды… екі қабат болып қалыппын.

– Е, е ол жақсы емес пе, – деді Ержан.

– Несі жақсы, қалаған тамағыңды жей алмасаң… Осы үйде тіскебасар ештеңе жоқ. Мен жерікпін, жерік асыңды жемесең балаң мүгедек болып туады, Құдай-ай, енді қайттым.

– Менің апам мені туарда қасқырдың жүрегіне жерік болыпты. Ел сонда шошып қалды дейді. Ал сен неге жеріксің? – деп сұрады Ержан.

– Мен бе, мен сіздің үйдегі көк кебе­жеге жерікпін, – деді Рухан зарлай түсіп, – Жұлдыз шыға өліп кетем бе деп қорқып жатырмын.

Ержан мынаны естігенде бұрынғы мінезіне басып:

– Өй, әкеңнің… қатын деген ағашқа жерік бола ма? – деді таңқалып.

– Баласың, аңқаусың Ержан, кебеженің өзіне емес, оның ішіндегісіне жерікпін… ішіндегісіне…

Аңшының үйінде Сейденбек ұста соғып берген абажадай көк кебеже болатын. Өзі дәулетті, әрі үнемі базаршылар жүретін Аңшы­­ның кебежесі түрлі ләмпәси-кәмпит, өрік-мейіз жемістерге, сары май, құрт-ірімшікке, үйітілген қойдың еті мен қазы қар­таға толып тұратын. Ауылда кебежеге құмартушылар көп. Қолы сараңдау Қатира көрінгенге кебежесін аша бермейтін. Қақ­па­ғына нән қара құлып салып, кілтінің бауын шолпысымен бірге шашына өріп қоя­ды. Қайнылары кілтті ұрламақ болып талай әрекет жасаған, бірақ оларынан дым шық­пады. Бұрымды кесіп алмасаң, кілт қолға түспейді. Бұрымын кестіретін Қатира ма…

Жалғыз үміті еркетотай Ержанда.

– Кебежеде көп жеміс-жидек, кәмпит, қазы-қарта, сүр ет бар, – деді Ержан, – соның қайсысына жеріксің?

– Бәріне жерікпін, соларды жемесем жерігім басылар емес. Уһ, жаным-ай, өліп кетер ме екенмін, – деп Рухан безектей түсті. – Ажалдан құтқаратын сен ғана…

– Қазір, қазір әкелемін, – деді жеңгесіне жаны ашыған Ержан.

…Арада аз уақыт өткенде қытайдың ала қоржынын арқалап Ержан жетті. Қоржынының ішінде Руханның «жерік асының» бәрі бар екен.

– Ой, сұмдық-ай, апаңнан кілтті қалай алдың? – десті келіншектер.

– Менде запас кілт бар, – деді Ержан мақтанып, – көкем жоғалтқан, мен тауып алып қалтама сала салғанмын. Апама беруге ұмытып кетіппін.

– Апаңа берме, ойбай, – деді жеңгелері жамырай сөйлеп, – әлі керек болып қалар.

Сол күні кешке келіншектер ферманың ең шетіндегі Қыстаубайдың оңаша үйінде бастаңғы жасады. Бір үйдің бес баласы бір таба нанды тоят қылған тоқсаныншы жылы еді. Үйітілген семіз қойдың сүбесін, тұз сіңген сары қазыны қарбытып жеп, сары майды үнді шайына салып ішкен келін­шектер, сен же, мен же мәре-сәре болды.

Дастарханда арақ тұрмаса өкпелеп тамақ ішпейтін Қыстаубайдың алқаш ағасы келіп қалса деп келіншегі екі-үш шөл­мекті қорадағы қоқыстың арасына тығып қойған екен. Келіншек мынандай закускамен ішпесек обал болар деп соларын ашты. Сол сол-ақ екен, келіншек­тердің шат күлкісі көбейіп, Қыз Жібектің ариясын кезек-кезек шырқады. Көңілдері шалқыған келіншектер Ержанның бетінен қайта-қайта сүйеді.

– Әкелші кавказ танауыңды, – дейді Рухан, – сенің танауыңнан тәтті ешнәрсе жоқ.

***

– Балалары ашқұрсақ мына сайтан­күлдер неменесіне жетісіп ән салып жатыр, – деді қонақтан кеш келген Қатира күң­кілдеп.

– Рухан жеңгем жерік болған екен, соны тойлап жатыр, – деді Ержан.

– Ә, ә, онда дұрыс екен, тойлай берсін, келіндер жерік бола берсін, әмин! Ержан да апасына еліктеп бетін сипап қойды.

Арада бір апта өткенде кенже ұлы инсти­тутта оқып жүрген Тишым жеңгесі «жерік» болды. Ол Ержанды оңаша шақырып алып мұңын шақты.

– Әнеу күні сен әкелген көк кебежедегі тамаққа жерік болдым. Басқа тамақ батпайды, жүрегім айнып құса беремін. Сірә, аштан өлетін шығармын, – деді.

– Өлме, – деді Ержан. – Мен қазір…

Осыдан кейін ай өтті ме, өтпеді ме, Әдиша мен Ырысалды жеңгелері «жерік» болды. Жеңгелеріне жаны ашыған Ержан көк кебежемен Қыстаубайдың үйінің ара­сын шаң қалды, жеңгелерін риза еткеніне өзі де мәз болып жүр.

Жарқын мен Сәнімкүл жеңгелері «жерік» болуға үлгермей қалды. Өйткені, Қати­раның көк кебежедегі иттей қорып жүрген дәмді ас-ауқаты тап-тақыр болып таусылған еді. Соңғы сапарында Ержан асығып жүріп кебеженің қақпағын жаппай кетіпті. Бос қалған кебежені көріп Қатира:

– Аңқау басым-ай, қара басып құлып­тауды ұмытып кетіппін ғой. Төркіндерім келіп қалса деп сақтап жүрген сүр ет, қазы-қартаны, сары май мен қаймақты сенің тарғыл тазыңа қырындап жүрген осы ауылдың аш төбеттері түк қалдырмай жеп кетіпті, енді қайттым, ойбай, – деп өз шашын өзі жұлды.

– Тәшкендегі Абдолла құда беріп жіберген өрік-мейіз, алма-алмұрт, шекіл­деуік орнында ма? – деп сұрады төрде жатқан аңшы.

– Жоқ ойбай, жылан жалағандай түк жоқ.

– Иттер алма жеп, шемішке шаққан заман-ай, – деді отағасы күлімдеп, артын­ша қарқылдап күліп жіберді. Күліп отырып Ержанға қарап көзін қысып қойды. Кө­кесінің бәрін біліп жүргенін сезген Ержан өте ыңғайсызданды. Көкесі бұған қарап сұқ саусағымен ернін басты.

– Қонаққа келіңдер деп төркіндерімді шақырып қойып едім, енді не бетімді айтамын, – деп Қатира зар қақсап отыр.

– Жаманшылық шақырып зарлама, – деді аңшы, – үйіне барғанда етсіз, майсыз кәртөшкені қара суға қайнатып беретін шық бермес Шығайбай төркіндерің жеген­ше, қорамды ит-құстан қорғап жүретін иттердің жегені жақсы.

Осыны айтты да тағы күліп қойды.

– Көмгенде күл, көмгенде күлгір, – деді Қатира долданып, – адам асылып өлуге шақ қалып отырса, бұл күледі ғой…

***

Жеңгелерінің көк кебежеге «жерік» бол­ғанына айлар өтсе де, олардың ешқайсысы туар емес. Ержанның көңіліне күдік кірді. Құдық басында мал суғарып тұрған Рухан­ның қасына келіп:

– Әй, күлді-көмеш күң, – деді қатқыл дауыспен, – сенімен қатар жүкті болған біз­дің қара сиыр бұзаулады. Бітеліп қал­ған­сың ба, сен неге тумай жүрсің? Істің на­сырға шабатын түрі бар. Ержанның қолын­да дырау қамшы. Сасып қалған Рухан ше­легін тастай салып далақтап қаша жөнелді.

– Тұра тұр бәлем, алдағанды мен саған көрсетермін, – деді артынан айғайлап. Осы­дан кейін сенімі жоғалған Ержан үйле­ріне барып жеңгелерін зерттеуге кірісті. Байқаса ешқайсысы екіқабат емес, тіпті жүктіліктің нышаны жоқ. Бәрі жарау аттай, белдері қиылып тұр.

– Ферманың мафиялары, бәрің бірігіп мені алдаған екенсіңдер ғой, көрсетермін мен сендерге көрешекті, – деді ашуға булы­ғып.

Ержан келіншектерден кек қайтаруға бел буды.

– Әй, төмен етек, шүйке бастар, –– деді жарқылдай күліп, менің апам көптен бері келіндерге дәм бере алмай жүр едім, бүгін бәрін шақырып кел, қыстан қалған сүр етті асып берейін деді. Сиырларыңызды сауып болған соң шұбатылмай тобыңмен үйге келіңдер.

Сөйтті де, жұмсақ жерлерінен оңдырмай шымшып-шымшып алды.

– Сенің қолың тиген жер көгеріп шыға келеді. Кешке көгерген жерді көріп қалса ағаңа не бетімізді айтамыз, онсыз да күдіктеніп жүр, – десті жеңгелері.

– Азар болса бір таяқ жерсіңдер.

– Сенен жеген таяғымыз аз еді…

Айтылған мезгілде келіншектер келді. Ержан бәрін төргі бөлмеге кіргізіп есікті іштен құлыптап алды. Келіншектер аң-таң, жағылған от та, танау қытықтайтын қазы­ның қош исі де жоқ. Қолында дырау қам­шы, есіктің алдына тұрып алды. Манағыдай емес, түсі суық, даусы ызғарлы.

– Ал алдампаз, алдаркүлдер! Қазіргі секундтан бастап сендер менің тұтқыным­сыңдар, қазіргі тілмен айтқанда, заложник­сіңдер. Жерікпіз деп мені ақымақ қылып апамның көк кебежесін тықырладыңдар. Тауып береміз деген інілерім қайда? Тап қазір тауып беріңдер, таппайды екенсіңдер, жандарыңнан таспа тілемін. Жерікпін деген­дерің қайда, бәрің бірдей қысырсың­дар. Сендерге аяушылық жоқ. Қане, бәрің бір кісідей етектеріңді көтеріп, дамбалда­рыңды сыпырыңдар! Алдап, мазақ еткеннің қандай екенін көрсетейін. Қазір мына дыраумен бөкселерің көк бауырға айналғанша шықпыртамын.

Іс насырға шауып барады.

– Ойбай-ау, Еркебала, біз әншейін ойнап айтып едік. Үлкен абысынның сүр етін жегіміз келіп, бір еркелігімізді көтерер деп солай етіп едік. Кешір айналайын!

– Мына сұраққа тез жауап беріңдер, – деді Ержан қамшысын салмақтап, – адал жауап беріңдер, осы мен қызбын ба, әлде ер баламын ба?

Бұл өте қатерлі сұрақ еді. Ержанды ер балаша киіндіріп, атқа мінгізіп, аңға алып шығып, еркін өсірген арманшыл аңшыны қатты құрметтейтін ауылдың үлкен-кішісі Ержанды ешуақытта қыз деп атамаған. Аңшының ерке баласы дейді.

– Қане, сұраққа жауап беріңдер, – деді дігірлеп.

– Несін айтамыз, сенің қыз балаға лайық бір мінезің жоқ. Бізді еркекше боқ­тайсың, кейде май құйрықтан тебесің.

– Біз сені қыз деп ойлаған емеспіз, атқа шабасың, көкпар тартасың. Кейбір бала іштен сүндеттеліп туады дейді үлкендер. Сенің сүндетке отырмағаның болмаса, барлық тірлігің еркекше.., – деп шулады заложниктер.

– Бәрің де оттапсыңдар, кілең мәймөң­келеген маймылдар, екіжүзді жағымпаздар. Мен қыз екенімді білмейтін мәңгүрт емес­пін. Бала жастан еркекшора болып өскенім рас, тәрбие солай болды. Мені ақымақ қы­лып алдағандарың жаныма батты. Сола­рың үшін сендерден кек қайтарайын деп отырмын.

– Әкетай, көкетай, не айтсаң да орын­даймыз, тек қамшыңды тасташы.

– Не айтсам да орындайсыңдар ма?

– Орындаймыз, орындаймыз, жан пида!

– Сендердің жазадан құтылатын бір-ақ жолдарың бар, – деді Ержан түсін жылы­тып. – Ол жол мынау – қорада үш-төрт қанар толы қойдың жабағы жүні бар. Соны түтіп, тулаққа салып сабап киіз басыңдар. Апам биыл алты қанат үй көтерем деп жүрген, соның туырлығын, үзігін қазір сендер басасыңдар.

– Құп тақсыр, айтқаныңды орындай­мыз, киіз басу бізден қалған, қиын емес. Тек бізге қаймақ қатқан шай бер. Түннен қалған тамақ болса тіпті жақсы, ішегіміз шұрылдап тұр, – деді Рухан.

***

Қыдырыстан кеш оралған Қатира жай­шылықта келтіре алмай жүрген келіндердің жүн сабап, киіз басып жатқанын көріп, таң­қалып, риза болды. Үнемі құлыптаулы тұратын көк кебеженің қақпағы айқара ашылды…

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close