Қатерлі ісіктің алдын алуда Алматы алда тұр

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының ұйғары­мымен жыл сайын ақпан айының басында қатерлі ісік ауруларына қарсы күрес күні аталып өтеді. Осы күнге орай Алма­ты қала­лық Денсаулық сақтау бас­қармасы, қалалық онкологиялық аурулар және қалалық Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы бірлесіп онкүндік ұйымдастырған еді.

Онкүндік аясында онколог-маман­дар қаламыздағы емханаларда, онколо­гиялық орталықта «Ашық есік күнін» өткізіп, қала тұрғындарымен әлі күнге дейін көпшіліктің көңіліне үрей қонақ­татып тұратын қатерлі ісік ауруларының пайда болу себептерін, оның алдын алудың тиімділігі төңірегінде әңгіме өткізіп, ақыл-кеңестер берді.

Ерлер мен әйелдер онкологиялық аурулар белгісі бар-жоғын анықтайтын тестілеуден өтіп, маман-дәрігерлерге тексерулері қажет деп табылғандарды онколог-дәрігерлер қабылдады. «Ашық есік күні» орталыққа келгендерге көп мүмкіндіктер берілді. Олар бұл күні ультрадыбыстық, фибро­гастродуо­денос­копиялық, онкоцитологиялық зерттеулерден де өту мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ, медициналық-психо­­логтармен болған ашық әңгіме қала тұрғындарының бойындағы қатерлі дерттің қаупінен сейілткендей болды.

8 ақпан күні осы «Ашық есік кү­ніне» орай Алматы қала­лық онколо­гиялық аурулар орталығының дирек­торы, меди­цина ғылымының докторы, Қазақ Ұлттық Ғылым академия­сының кор­респондент-мүшесі Дильяра Қай­дарова журна­листерге арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Еркін өткізілген бұл басқосуда Дильяра Қайдарова Алматы қаласының онкологиялық ауруларды бастапқы кезде анықтау көрсеткіші бойынша еліміз бойынша бірінші орында тұрғанын жеткізді.

Бұл нәтижелі атқарылған іс-шара­лар­дың, уақтылы ұйым­дас­тырылған скринингтік тексерулердің жемісі екендігін айта келіп, қала тұрғын­дары­ның өз денсаулығына деген жауап­кер­шіліктерінің арта түсуінде журналистер еңбегінің зор екенін ерекше құрметпен атап өтті.

Дәрігерлер тарапынан бірінші рет рахмет алған және бірінші рет журна­листер үшін арнайы дәрігерлік тексеру­лер ұйым­дастырып, журналистер ден­саулығына қамқорлық көрсеткен орта­лық директоры Дильяра Радикқызына журналистер де өз алғыстарын білдірді. Д.Қайдарова қатерлі ісіктің көбінің нақты белгілері мен белгілі симптомдары бола бермейтіндіктен науқастардың ба­сым бөлігінің аурудың ІІІ-ІV дәреже­сінде, яғни, асқынып, төңірегіне қауіп төндірген кезде келетінін, ал мұндай сәтте көмектен дәрігерлердің кешігіп жататынын өкінішпен жеткізді.

Қатерлі ісіктің жасарып келе жатқа­нына, бұл дерттің балаларға да ауыз сала бастағанына алаңдаушылық білдірді. Палиативті көмек көрсету ісінде кейіндеп тұрғанымызды да орталық директоры жасырмады. Дейтұрғанмен, қазіргі кезде адамдардың өз денсаулығына деген жауап­кершілігінің артып келе жатқа­нын, кейінгі жылдары еразаматтардың белсен­ділігі артып келе жатқанын атап өтті.  Биыл республикамызда қосымша тағы бауыр, асқазан мен өңештің және ерлердің қуықасты безінің қатерлі ісігінің алдын алу үшін скринингтік тексеру­лердің қолға алынатынын жет­кізді. Журналистердің адам папилломасы вирусына қарсы екпе ектіру іс-шарасы туралы сауалына да орталық басшысы орын­ды жауап беріп, оның қыз баланың болашақ денсаулығы мен өмірі үшін маңызды екенін нақты дәлелдермен түсіндіріп берді.

– Кез келген аурудың алдын алудың басты амалы – алдын ала тексерілу, сол себепті біз қала тұрғындарын жылына бір рет дәрігерлік тексерулерден өтіп тұруға шақырамыз, – дейді қалалық онкология орталығының директоры Д.Қайдарова.

Иә, дәрігерлер кеңесіне дер кезінде құлақ түрсек, көп аурудың алдын алып, ауруымызды асқындырмаудың амалын табарымыз анық. «Ауырып ем іздеген­ше, ауырмайтын жол ізде» деген қағи­даны жадымызда ұстайық.

***

Сол күні «Есентай Молл» сауда ойын-сауық кешеніндегі сурет­ші Серік Бөксіковтің галереясында да қатерлі ісік ауруының алдын алу жөнінде акция өткізілді.

Іс-шараға қатысушылар дәрігер­лерге суретшінің көрмесін тамашалап, тексерілу эстрада әншілерінің әнін, дәрігерлердің денсаулық жөніндегі ақыл-кеңестерін тыңдап қайтты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *