Қателесіп немесе артық төленген медициналық сақтандыру төлемдерін қалай қайтарып алуға болады?

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

 

Редакциямызға Алматы қала­сы­ның тұрғыны, кәсіпкер Әлима Есепова телефон шалып, қателе­сіп немесе артық төленген меди­ци­налық сақтандыру төлем­дерін қалай қайтарып алуға бола­ды деген сауал жолдаған еді. Оқыр­манның бұл сауалына «Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акцио­нерлік қоғамының Алматы қаласы бойын­ша жауапты қызмет­кері Әйгерім Сүйінбаева жауап береді.

Сақтандыру жүйесіне қателесіп неме­се артық төленген жарналарды қайтарып алуға болады. Ол үшін «Аза­маттарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпора­циясына қайтару туралы өтініш жазу қажет. Төлем жасалғанын растай­тын құ­жаттар (стан­дартты анықтама не­ме­се төлем құжатының көшірмесі) өті­нішке қоса тігіледі. Мем­лекеттік корпо­рация арыз­ды келіп түскен күннен бастап 5 жұ­мыс күні ішінде тексеріп, жарна мөл­шерін, өсімақы бар-жоғын анық­тайды.

Содан соң өтініш төлем реквизит­терімен бірге Медициналық сақтандыру қорына жіберіледі. Қор артық немесе қателесіп төленген ақшаны жеті опера­циялық күн ішінде Мемлекеттік корпо­рацияның есеп-шотына аударады. Қаржы қайтарылмайтын болса, оның себебін түсін­діретін мәліметтерді жолдайды.

Ес­теріңізге сала кетсек, қаржы мынадай жағдайларда қайтарылады:

– қате аударылғанда;

– артық төленгенде;

– төлемнің мақсатты коды қате көр­сетілсе;

– МТ 102 форматындағы төлем құжа­тында қате кеткен жағдайда;

– төлеушінің реквизиттері дұрыс көрсетілмесе;

– төлеуші немесе банк қаржыны бірнеше рет аударып жіберсе.

Қазіргі таңда сақтандыру төлемдері жайлы мәліметті «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы алуға болады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез-кел­ген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің қашан жасалғанын біле алады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру заңына енгізілген соңғы өз­герістерге сәйкес, жүйе екі жылға кейінге шегерілді. Соған байланысты барлық жеке тұлғалар, сондай-ақ, жеке кәсіп­керлер мен азаматтық-құқықтық келісім-шарт негізінде еңбек ететін тұлғалар 2020 жылға дейін жарна төлеу міндетінен бо­сатылды. Ал жұмыс беруші қарамағын­дағы жұмыскерлер үшін жарна төлеуді тоқтатпайды.

Содан кейінгі тағы бір көптің есіне сала кететін мәселенің бірі – Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға медициналық көмек тегін көрсетіледі.

Қазақстанда тұрақты тұратын шетел­діктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар елі­міздегі емханаларға ешбір кедергісіз тір­келе алады. Аталған азаматтар кепілден­дірілген тегін көмек пакетіне кіретін медициналық қызметтің барлық түрлерін алуға құқылы. Мұндай норма ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйе­сі» кодексінде бекітілген. Өйткені, Қазақ­станда тұрақты тұратын шетел­дік­тер мен азаматтығы жоқ тұлғалар қазы­наға ел тұрғындарымен бірдей салық төлейді.

Ал елімізде уақытша тұрып жатқан шетел азаматтары болса, тегін медици­налық көмек пакетін толық пайдалана алмайды. Олар қоршаған ортаға қауіп төндіретін өткір аурулардан ғана тегін емделеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кепілдік берілген тегін көмек паке­тіне енетін қызметтер тізімі қайта қаралмақ. Оңтайландырудың негізгі мақсаты – болашақта мемлекет үшін тиімділігі төмен әрі шығыны көп диспан­серлік жүйеден бас тартып, оның орнына созылмалы сырқаттарды қашық­тықтан диагностика жасау және амбула­торлық емдеу тәсілдерін пайдалану арқылы емдеу жүйесіне көшу.

Ә.Сүйінбаеваның сөзіне сүйенсек, биыл Алматы қаласында мемлекеттік тап­сырыс бойынша қызмет көрсетуге 171 медицина ұйымы ниет білдірген болатын. Оның 73-і – жекеменшік клиникалар. Осы­лайша халыққа тегін қызмет көрсе­те­тін жеке меншік ұйымдар саны 2017 жыл­мен салыстырғанда, 55 пайызға артып отыр. Олармен бекітілетін келісім­-шарт­тардың жалпы сомасы 84 млрд. теңгеден асады.

Халық денсаулығын жақсартудың басты кепілі болып табылатын МӘМС жүйесіндегі орын алған өзгерістер мен жаңалықтарды түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *