АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ 40 ПАЙЫЗЫ АЛАТАУ АУДАНЫНА БӨЛІНГЕН

Шаһар басшысы биылғы бюджетте әлеуметтік салаға басымдылық берілетінін айтқан

ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес аудан әкімдерінен бастап, мегаполис, аймақ әкімдерінің халық алдында жылдық қорытынды есеп беру кездесулері жүріп жатыр. Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков те аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өткізіп, 2019 жылды қорытындылап, 2020 жылға арналған жоспар-бағдарламасымен бөлісті.

Нұрлан СҮЙІН

Соңғы санаулы айлардың өзінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау тұрғындарымен 2 рет кездесу өткізіпті. Сол кездесулерде 237 мәселе көтеріліп, 73 мәселе бойынша түсініктеме беріліп, 87 мәселе оң шешімін тапты. 77 сұрақ қалалық басқармалармен бірлесіп, 2020 жылы толық шешімін таппақ. Шаһар басшы­сымен болған кездесулерде көтерілген мәселе­лердің 45 пайызы тұрғын үй коммуналдық-шаруа­шылық және көріктендіру саласына қатысты болса, 9 пайызы әлеуметтік салаға, 10 пайызы жер мәселесі, 7 пайызы қоғамдық көлікке қатысты екен.

Алатау ауданы мегаполистің жер үйлер секторы басым және 90 пайыздан астамы мемлекет құраушы ұлт, яғни қазақтар тұратын ауданы. Бұл дегеніңіз тәуелсіз мемлекеттің халық санының өсуіне тікелей әсер етуші, оған қоса көшіп келушілер есебінен ішкі миграция жоғары қарқын алған аудан екендігі. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысының тап­сырмасымен көпбалалы аналарға «Атаулы әлеу­меттік көмек» берілуі тиіс. Осыған орай, 2019 жылы Алматы қаласы бойынша 12 748 отбасы 7 млрд. теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек алған екен. Соның ішінде Алатау ауданының 4 896 отбасы 3 млрд.-қа жуық теңгеге көмек алған. Бұл қала бойынша белгіленген атаулы әлеуметтік көмектің 38 пайызы екен.

2020 жылдан бастап 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға қосымша мемлекеттік жәрдемақы (10 500 теңге) беріле бастады. Алатау ауданы әкімінің қорытынды есептік кездесуіне қатысқан шаһар басшысы биыл да қала бюджетіне атаулы әлеуметтік көмек бойынша қыруар қаржы енгізілгенін, оның да 40 пайызға жуығы Алатау ауданына бөлінетінін айтты. Бұдан өзге, жетінші ауданда 29 маршрут бойында 432 автобус жолаушы тасымалдайды екен. Осы өзекті мәселе бойынша бірнеше бағыттар ұзартылып, бюджет есебінен 9 аялдама салынды. 2020 жылы 70 аялдама орнату жоспарланған.

Ауданда 2019 жылы 30 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 107 мың шаршы метрді құрайтын 740 жеке үй заңдастырылды. Тағы бір жақсы жаңалық, өткен жылы ауданда «Жедел жәрдем стансасы» пайдалануға берілген. Газ жүргізу бойынша ауданда 6,8 шақырым газ құбыры салынған. Аудан халқының 79 пайызы ауызсумен қамтылып, 68 пайыз кәріз жүйесін пайдаланып отыр. Алматының стратегиялық даму ауданы – Алатауда 2020 жылы да барлық сала бойынша алға жылжу бола бермек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *