Атаулы әлеуметтік көмек алған көпбалалы аналар қуаныштарымен бөлісті

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Мемлекет тарапынан беріліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) бүгінгі таңда алматылық 3,2 мың отбасы алды. Яғни АӘК алу үшін құжаттарын өткізген және сол құжаттары жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің талаптарына сәйкес келетін барлық отбасы қамтылды.
Бізге бұл туралы Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының өкілдері мәлімдеді.

***
Алматылық көпбалалы отбасылар қолдарына тиген атаулы әлеуметтік көмек қаражатын қайда жұмсады екен? Бұл туралы өздерінен білейік.
«Біз 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Жетінші сәбиіміздің де жарық дүние есігін ашар күн таяу. Қыздарымыздың біреуі жұмыс істейтіндіктен, бізге атаулы әлеуметтік жәрдемақы 5 бала үшін тағайындалды. Сонда қолымызға 132 мың теңге тиді. Оның 50 мыңын қызымыздың атынан «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, сонда салдық. Ал мектеп жасындағы балаларымды бассейнге жаздырттым, жүзуге бара бастады. Ал жазда лагерьге жіберемін деп отырмын, оның да ақысын төлеп қойдық», – дейді Зәмзагүл Құсайынова.
Оның екі баласы балабақшаға барады. Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы шеңберінде көпбалалы отбасындағы балабақшаға баратын әрбір екінші баланың тамағы тегін болады. Сондықтан Зәмзагүл қазір бір баласының ғана тамағына төлейді.

***
Разия Бахибекова – 4 баланың анасы. Ол атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тиісті құжаттарын сәуірдің соңына таман өткізген екен. Бір аптаның ішінде тиісті қаражаты төленген.
«Мен балаларды жалғыз асырап, бағып отырған анамын. Бәрі де мектеп жасында. Құжаттарымды өткізген соң, айналдырған бір аптаның ішінде-ақ маған 102 мың теңге төленгенде, қуанып қалдым, бұл біз үшін өте үлкен демеу болды», – дейді Разия.
Жанар Нұрайдарова деген ана да құжаттарын 23 сәуірде өткізіп, арада көп уақыт өтпей жатып, 4 мамырда алғашқы жәрдемақысын алғанын айтады.
«Менің 5 балам бар. Үлкен қызым бізбен бірге тіркеуде жоқ болғандықтан, атаулы әлеуметтік көмек тек кәмелеттік жасқа толмаған 4 балама төленді. Біз 93 мың теңге алдық. Өзім мамыр айының басынан бері «Бақытты отбасы» көпбалалы аналар орталығында жұмыс істеймін. Бүгінгі таңда өзім секілді аналарға атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін керекті құжаттарды қалай толтыру керектігі жөнінде кеңес беріп, өзге де әлеуметтік қолдаулар төңірегінде бар білгеніммен бөлісіп жүрмін», – дейді Жанар.

***
Осы орайда айта кетейік, АӘК тұрмысы төмен азаматтарға әлеуметтік жағынан көмек көрсетуді көздейтін мемлекеттік кешенді қолдау көзі. Бұл – бірінші кезекте қаржылық төлемдер. Сондай-ақ, оның шеңберінде мұқтаж жандардың жұмысқа тұруына жәрдемдеседі, белгілі бір мамандықты игеруіне қолдау көрсетіп, оқуға жіберу, шағын несиелер беруге ықпал етеді. Бұдан бөлек, АӘК мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік сауықтыруға атсалысады, оларға заң тұрғысында кеңестер береді, үй, балабақша кезегіне тұруға ықпал етіп, тағы басқа да әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Бүгінгі таңда қаладағы барлық аудандық бөлімдер АӘК алу үшін қажетті құжаттарды қабылдауды жалғастыруда. Олар таңғы сағат 08:30-дан кешкі сағат 20:00-ге дейін, түскі үзіліссіз отырады.

***
Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасына қарасты аудандық бөлімдердің мекен-жайлары, қабылдайтын мамандары мен телефон нөмірлері төмендегідей:
• Алмалы ауданы – Назарбаев даңғылы, 50-үй (Гоголь көшесінің қиылысында), операциялық зал, 16-терезе, Жанар, тел.: 87478490023;
• Алатау ауданы – «Шаңырақ-2», Жанқожа батыр көшесі, 26-үй, 211- кабинет, Ақерке, тел.: 87789207993;
• Әуезов ауданы – 3-шағынаудан, 41-үй, 208-кабинет, Ержан, тел.: 87077778151;
• Бостандық ауданы – Жандосов көшесі, 2-үй (Байзақов көшесінің қиылысында), 118-кабинет, Алмас, тел.: 87072000660;
• Жетісу ауданы – Мақатаев көшесі, 142-үй (Сейфуллин даңғылының қиылысында), 18-кабинет, Құралай, тел.: 87754332521;
• Медеу ауданы – Төле би көшесі, 12-үй (Қалдаяқов көшесінің қиылысында), 17-кабинет, Мақпал, тел.: 87478771078;
• Наурызбай ауданы – «Шұғыла» шағынауданы, аудандық әкімдік ғимараты, 2-қабат, 205-кабинет, Әсем, тел.: 87089792166;
• Түрксіб ауданы – Рихард Зорге көшесі, 18-үй, 212-кабинет, Толқын, тел.: 87075661474.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *