«АТАМҰРАНЫҢ» ТАРТУЫ

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында «Атамұра» корпорациясы Ұлттық кітапхана қорына өзінің аса бағалы 1000 кітабын тарту етті.

Осынау айтулы оқиғаға орай танымал қаламгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері киелі шаңыраққа арнайы жиналып, игі бастамаға қолдау білдірді. Іс-шараны танымал ақын Серік Қалиев ашып, жүргізіп отырды.

Рая ЕСКЕНДІР

Алғашқы сөз кезегін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Қабдеш Жұмаділов алды.

– «Атамұраның» он екі облыста дүкені бар. Сол жерлерге кітаптары­мызды жеткізіп, күнімізді көріп отыр­ған жәйіміз бар. Ал бүгінгі «Атамұ­раның» бастамасына тіпті қызу қолдап,  қуана құптап отырмын. Өйт­кені, кітап – біздің ең басты құнды­лығымыз.

Қазір қылмыстың түрі көбейіп кетті. Адамдар қатыгез боп барады деп жиі айтатын болдық. Осы қылмысты болдырмайтын, оның алдын алатын бір-ақ жол бар. Ол – көркем әдебиет. Егер адам Абайды, Мағжанды, Мұхтарды, Қасымды, Мұқағали мен Қадырды, Дулатты оқыса, қылмысқа бармайды. Көп жағдайда осыны ескере бермейміз. Қылмыстың вирусын өлтіретін бірден-бір дәрі осы көркем әдебиет. Осы ретте «Атамұра» үлкен іс тындырып отыр. Елімізді оқулықпен де, көркем әдебиет­пен де толық қамтып келе жатыр.

Ал үлкен кітапхана қорын толық­тырып 1000 кітапты сыйға тартқан баспаны бұрын-соңды естіген емеспін. Сондықтан басқа баспалар да үлгі алса деймін, – деген танымал жазушы өзінің ризашылығын білдірді.

Осыдан соң сөз кезегін ҚР Мемле­кеттік сыйлықтың иегері, белгілі жазушы Дулат Исабеков алды:

– Қуанып келіп отырмын. Қазіргі кезде кітапты тегін бере салу да, кітап­ты шығару да оңай емес. «Атамұрадан» талай кітабымыз шықты. Кітапханаға бір емес, 1000 кітапты сыйға тарту үлкен оқиға. Бұл «Рухани жаңғырудың» көп тармағының бірі деуге болады. «Атамұра» ашылған күнінен бастап жұрттың назарын өзіне аударды. Жақсы кітаптар басты. «Атамұрада» біздің классик жазушылардың таңдамалы шығар­малары тізіліп тұр. Міне, енді Ұлы Абайдан бастап бүгінгі көзі тірі ақын-жазушыларымыздың кітаптарын сыйға тартып отыр. Осындай игі іске, сауабы мол іске бастау болып отырған баспа ұжымына алғыстан басқа айтарым жоқ, – десе, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов осынау айтулы іс-шараға жоғары баға беріп, өзінің арнайы келіп отырғанын жеткізді.

– Үлкен ойлы да, саналы сөздер айтылып жатыр. Бұл «Атамұраның», Рақымғали Абрарұлы бастаған үлкен азаматтардың жақсы қадамы дер едім. Еліміздегі ең үлкен кітапханаға қолдау көрсетуіміз, бұл ұлтқа, руханиятқа көрсетіп отырған көмегіміз. Өте құп­тар­лық қадам. Өзінің олжасын халқы­мен бөлісе білу де үлкен жүректі азамат­тардың ісі, – деп ризашылығын білдірді. Келесі кезекте сөз кезегін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Кәдірбек Сегізбаев жалғастырды.

– Мен «Атамұраны» сарыауыз балапан күнінен білемін. Алғашқы күнінен бастап Мұхтар Абрарұлы «осы кітап абитуриенттерге керек-ау» деп оқу ордаларын аралап, таратып шыға­тын. Мен сол кезден қызметтес болдым. Ең көп еңбек еткен орным да осы «Атамұра» болыпты. Әлі де қол үзбей келеміз.

Кітапханаға 1000 кітапты тегін сыйға беру кез-келген ердің қолынан келе бермейді. «Қазақ сүрінгенді сүйейді, қисайғанды демейді» дейді. Мен мұндай көмекті демеушілік емес, қамқоршылық дегім келеді. «Атамұра» алғашқы күнінен бастап халыққа не керек деп, Абайды, сосын Мұхтарды шығарған еді. Сондықтан менің есіме демеушіден гөрі, қамқоршы деген сөз түсіп отыр. Оның тағы бір себебі, бір жолы Мақаншыға барғаным бар. Ауылдастары «Рақым­ғали өзі оқыған мектепке көлік сыйға тартып, ұлт-аспаптар оркестрін құрып, соған қажетті барлық аспаптарды алып берді» деп дән риза. Басқа да көмек көрсетті деп естіп жатамыз.

Тағы бірде осы Рақымғали ауылына барады. Ауылдағы ауруханаға жолы түсіп, бір науқас кісіні төртінші қабатқа көтере алмай жатқан кісілерді көреді. Өздігінен жүре алмайтын кісіні жоғары қабатқа көтеру оңай дейсіз бе? Сол сәтте «осы ауруханаға лифт орнатып берсем қайтеді» деген ой келеді. Содан білек сыбанып, бас дәрігерге барады. Қарап отырсаңыз, ауылдық жерде мұндай тәуекелге бару екінің қолынан келе бермейді. Сондай тәуекелге Рақым­ғали барып отыр. Бүгінде ауылдың қарт кісілері ауруханаға барып, әлгі лифті­мен көтерілген сайын азаматтық таныт­қан Рақымғалиға алғыстарын жауды­рады екен.

Мен «Атамұраның» барлық жақсы бастамаларының куәсі болдым. «Әліп­пені» шығарған кезде Президенттің өзі қабылдады. Оқулықты шығару бар да, оны облыстарға жеткізу бар. Бүгінде облыстардағы «Атамұра» дүкендерінің саны 14-ке жетті. Ірі тұлғалардың есімдерімен аталатын дүкендерде тек «Атамұраның» өнімдері ғана сатылады. Бұл ешбір баспада болған емес. Тағы мені қуантатыны осы оқулықтар мәселесі. Қазір оқулық шығаратын баспа көп. Сын көп айтылып жатыр. Ылғи қадағалап отырамын. Сондағы байқайтыным «Атамұраның» оқулықта­рына сынның аз айтылатыны. Енді, міне «Абай» энциклопедиясын қайтадан шығарғалы отыр. Бұл да ел игілігі үшін жасалып жатқан қуанышты жағдай, – деді.

Ұлттық кітапхана басшысы Бақыт­жамал Қайырбекқызы үлкен азаматтық танытып, кітап қорын толықтырып, жоғын бүтіндеп отырғаны үшін еліміз­дегі ең үлкен кітап әлеміне алғыс білдір­ді. Мыңдаған оқырманның алғысын жеткізді.

Өз кезегінде «Атамұраның» басшы­сы Рақымғали Абрарұлы әлі де байланыста болатынын айтып, қамқор көңіл танытты.

– «Абай» энциклопедиясы арқылы 1000 кітапты тапсырды деп қабылдаңыз, – деп жылы қоштасты.

Осылайша елінің құрметіне бөленіп жүрген Рақымғали Абрарұлы тағы да ірілік танытты. Біз білмейтін азамат­тығы қаншама!

Тақырыпқа толықтыру

Тәуелсіздіктің төл құрдасы «Ата­мұра» оқулықтар ғана емес, полигра­фия­лық өнімнің барлық түрлерін шығарады.

«Атамұра» корпорациясы «Аты­рау», «Қарағанды», «Маңғыстау», «Ақмола», «Астана» сынды аймақтық энциклопе­диялармен бірге белгілі қазақ ғалымда­ры­ның және қоғам қайраткерлерінің еңбектерін сапалы шығаруы отандық кітап мәдениетінің ірі жетістігіне айнал­ды. Еліміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.На­зар­баевтың қазақ және орыс тілдерін­дегі «Ғасырлар тоғы­сын­да», «Та­рих толқынында», «Сындар­лы он жыл», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүре­гінде» атты кітаптары, «Атамұра» кітап­ханасы» сериясымен 150-ден астам ақын-жазушылардың туынды­лары, соны­мен қатар балалар әде­биетін қол­дау, насихат­тау мақсатын­да «Атамұра» мектеп кітап­ханасы» сериясымен бүл­діршіндерге арналған қазақ және орыс тілдеріндегі көркем безендірілген кітап­тар, ертегілер, мек­теп жасындағы бала­ларға арналған танымдық кітапшалар басылып шықты.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *