«Атакент» заманға сай түрленеді

Алматыдағы «Атакент» көрме орталығы аумағына жалпы көлемі 20 мың шаршы метр болатын 6 көрме павильоны салынатын болды. Белгілі болғандай, оның құрылыс жұмысына 1 млрд. теңге бөлінген.

Бұл туралы Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орта­лығы акционерлік қоғамының президенті Мадина Мақыпова мәлімдеді. Оның айтуынша, аумақта сондай-ақ, жүгіруге және велосипедке арналған жол салу және үй жануарларын қыдыр­татын аймақтар да қарастырылған.

«Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығы АҚ президенті Мадина Мақыпова «Біз «Атакент» аумағын жылда жаңартып, жасыл желек отырғызып тұрамыз. Мысалы, былтыр бұл жұмыстарға 300 млн. теңге жұмсалды. Ал биыл жыл басынан бері оған 110 млн. теңге жаратылды. Осы күзде тағы 400 түп ағаш отырғызбақпыз. Әрі соңғы кезде суару жүйесі де нашарлап кетті. Негізі, бұл тұрғыда «Атакент» аумағындағы жасыл желектерге су арықтар арқылы беріледі. Көктемде Жароков көшесіндегі арық бітеліп қалыпты. Қазір сол жүйені тазалау жұмыс­тары жүріп жатыр. Жалпы, алдағы уақытта «Атакент» тек көрме орталығы ғана емес, сонымен қатар адамдардың демалатын жеріне айналуы керек. Міне, осы бағытта жұмыстар жүргізетін боламыз», – деп атап өтті.

Одан қалды «Атакент» аумағында туристік бағыттағы көліктер жүргізу де жоспарланып отыр. Әрі, 2021 жылға дейін барлық жарықшамдар ауыстырылып, олардың саны артатын болады. Сөйтіп, бұл тұрғындардың кешкі уақытта серуен­деуіне аса ыңғайлы болмақ. Атап өтетіні, «Атакент» аумағын түрлендіруге кез-келген қала тұрғыны қатысып, өз ойларын айта алады. Осыған байла­нысты бір қала тұрғыны «Мен қандай да жаңалықты қолдаймын. Өйткені, жаңарып тұру керек. Себебі, қазір баяғы «Атакент» пен қазіргі «Атакенттің» арасы жер мен көктей», – дейді бір қала тұрғыны. Ал алматылықтардың енді бірі бұл өзгеріске әсіресе, балалардың қатты қуанғанын айта келіп, «Әрине, жақсы. Немерелерді ойнатамыз», – дейді.

Сосын, тұрғындар «Аймақтағы орындықтарды көбейт­се. Әйтпесе, мына ыстықта демалайын десек, орын таба алмаймыз» деп, өз өтінішін айтады…

 

Ботаникалық бақ 2020 жылғы көктемде қайта ашылады

Алматыда жөндеуге жабылған Ботаникалық бақ келесі жылдың көктемінде ашылатын болды. Құрылысшылардың айтуынша, оған дейін түрлі өсімдігі бар мекенде қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ал қазір онда «Атакент», Тимирязев және әл-Фараби даңғылы жағындағы кіреберістегі үш павилион құрылысы жүріп жатыр.

Атап өтетіні, Ботаникалық бақта 50 мың шаршы метрдей жаяу жүруге арналған жол жасалады. Ал солтүстік партердегі 19 мың шаршы метр аумаққа салынатын жол арнайы гранитпен төселетін болады. Құм мен ұсақ тастардың қоспасынан жасалатын бұл жаңа технология ауа райының қолайсыздығына жақсы төтеп береді дейді мамандар. Бұл ретте Ботаника және фито жерсіндіру инсти­тутының бас директоры Гүлнар Ситпаева: «Келу­шілерге арналған соқпақ жолдар немістің экологиялық технологиясы негізінде жасалды. Ол қоршаған ортаға еш зиянын тигізбейді. Мысалы, асфальтқа қарағанда суды жақсы өткізеді. Әрі қолдану кезінде отырып кетпейді. Қайта басылған сайын жүруге ыңғайлы бола түседі», – дейді.

Сондай-ақ, Ботаникалық бақтағы жалғызаяқты жолдарға 1500 көше шамы орнатылады. Сөйтіп, бақтың жарықтандыру жүйесі толық жаңартылады екен. Әрі жаздың ыстық күндері салқындау үшін субұрқақтар салынады. Сондай-ақ, бейнебақылау камералары да назардан тыс қалмайды. Алуан түрлі өсімдіктер өсетін жердің қауіпсіздігін 130-дай камера бақылайды. Одан соң баққа мыңнан аса ағаш отырғызылады екен. Оларды суару үшін үш тоған мен суару жүйесі ретке келтірілетін болады. Бұл ретте Кереңбұлақ өзенінде әрқайсысының тереңдігі 280 метр болатын қос ұңғыма жасалатын көрінеді.

Аталған институттың бас директоры: «Қазір біз екі ұңғыманы қазып қойдық. Бұрын өзімізде екеуі болған. Енді тағы да жасанды тоғандар жасаймыз. Олар бақтың оңтүстік бөлігінде болады. Одан бөлек, су ішуге болатын және құрғақ субұрқақтар салы­нады. Яғни таза ауыз суы бар 2 су­бұрқақ пен әдемі­лік үшін экспозициялық үш фонтан жасалады», – дейді.

 

Әзірлеген – Қ.АЙМАХАН.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *