Атағы бір күнде аспандаған «АЙ-ПЕТРИ»

Өмірде қызық көп. Таяуда орыс басылымдары Архип Куинджидің «Ай-Петри. Қырым» атты туындысын Третьяков галереясынан тал түсте бір жұмысшының асқан ептілікпен үптеп кеткенін шулап жазып еді.
Былай қарағанда, ел назарын аударып, өнертанушыларды аса ойландыра қоймаған ортанқол туынды. Бар болғаны Қырымдағы «Ай-Петри» биігінің суреттелгені болса керек. Жалаңаяқ жұмысшының оған не үшін қызыққаны да белгісіз. Бәлкім, біреудің тапсырысын орындады ма? Бәлкім, алып жүруге ыңғайлы болған соң әрі мұқтаждықтан барған болуы керек.
Енді, міне, таяуда белгілі суретшінің арнайы көрмесіне ағылған жұртта қисап жоқ. Сол «Ай-Петриді» көру үшін көрермендер 4 сағатқа дейін ұзын-сонар кезекке тұрып жатыр. Ал Қырымдағы нағыз «Ай-Петри» биігінің өзіне шығу үшін науқан қызған кездің өзінде қанатты жолдың баспалдағына небәрі 20 минут уақытыңыз кетеді.
Дейтұрғанмен де, өзіміздің атақты қаламгеріміз Дулат Исабековтің «Ай-Петриі» арқылы білетін бұл мекенді бір көруге деген құштар көңілдің әп-сәтте оянғаны рас. Бәлкім, суретші де әлгі ортанқол туындысын қолды еткен жұмысшыға рахметін жаудырып жатқан болар.