Ата – әулеттің тірегі болса, әже – ұрпақтың жүрегі

Рая ЕСКЕНДІР

 

Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру барысында қала мектептерінде көптеген іс-шаралар легі өтіп жатыр. Осынау атқарылып жатқан қыруар шаралардың жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына септігін тигізіп, серпіліс әкеліп, олардың бойындағы патриоттық рухты оятатыны белгілі.

Осы мақсатта Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев «Ұрпақтар сабақтас­тығы» атты бастаманы қолға алған еді. Сөз жоқ, бастама аясында Медеу ауданындағы мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп­терде көптеген іс-шара өтіп, әлі де жалға­сын тауып жатыр. Алпыс жылдан астам тарихы бар Медеу ауданындағы «Алатау» кентіндегі Ләйла Әділова басшылық ететін №7 жалпы білім беретін мектеп ұжымы әз-Наурыз мерекесі аясында ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосатын, ұлттық тәрбие нәрімен сусындап, тұлға болып қалыпта­суына оң әсерін тигізетін «Ата – әулеттің тірегі, әже – ұрпақтың жүрегі» атты танымдық кеш өткізді.

Ата-әжелер, ата-аналар келіп қатысып отырған сабақтың маңызы да, мазмұны да зор болды. Сонымен, Бибігүл Бәймешова жетек­ші­лік ететін 4 «а» сынып оқушылары үлкен­ді сыйлап, ата-әже, ата-ананы құрметтеудің озық үлгісін танытты. Оқушылар небәрі 4-сыныпта оқыса да, өздерінің жан-жақты, тәрбиелі, көп білетін, үлкенді сыйлайтын­дықтарын көрсетті. Баланың басты мектебі – оның отбасы болса, олардың үйдегі алған тәрбиелеріне де  куә болдық. Балалардың сөз саптауы, ана тілінде тап-таза сөйлеуі, сонымен қатар, үлкен адамға деген құрметтері, бәрі-бәрі олардың ұлттық тәрбиеден нәр алғандық­тарын көрсетті.

Сахналық қойылым барысында оқу­шы­лар өздерінің ата-әжелерін өлеңге қосып, сүйіспеншіліктерін білдірді. «Қария­сы бар үйдің, қазынасы бар» деген емес пе. Мектеп шаңырағына келіп отырған ата-әжелер де немерелерінің өнерін көріп, тіпті қуаныштан көздеріне жас алып отырды. Тәжірибелі ұстаз, бала жанының бағбаны Бибігүл Бәймешова әрбір баланың жүрегіне жол тауып, олардың бойына ұлттық тәрбие сіңіре отырып, білім нәрімен сусындатып отырған жан. Сыныптағы барлық оқушы іс-шараға  белсене атсалысып, өнер­лерін ортаға салды. Оқушылардың қара жаяуы жоқ. Бірі төгілтіп ән салса, бірі мың бұрала би биледі, енді бірі күмбірлете күй төкті. Араларында қара сөздің шебері, спортты серік еткен гимнасшы қызымыз да бар.

Осылайша ынтымағы жарасқан ық­шам­аудан тұрғындары Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бағыт ете отырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтады. Кеш бойы жиналғандар жазушы Нұрдәулет Ақыштың, Алатау кентінің Ардагерлер кеңесі төрағасы Бақытжан Әсеновтің, еңбек ардагерлері, Мәрия Алсаева, Жұмагүл Байбосынова, Молда­ғасым Ауғанов, Тұрғара Түсеев, А.Абдрах­манова айтқан ізгі тілекті тыңдап, жарасымды әңгіме тетігін ақтарды.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» дегендей, кішкентай өнерпаздарды өнерге баулып, оларды тәрбиелеп жүрген театр жетекшісі Г.Уәлиеваға да ата-әжелер риза көңілдерін білдірумен болды.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *