Атақты Перельман аязда жалаңаяқ жүр

Дүние жүзінің математиктері жүздеген жылдар бойы жұмбағын шеше алмаған Пуанкар құпиясын шешіп, миллиондаған доллардан бас тартқан Григорий Перельман сол баяғы  қалпынша өмір сүріп жатыр.

Сол Петербордағы пәтерінде, күнделікті үй мен дүкеннің ара­сында бір көрінеді. Үйіне тез жеткенше асығады. Алғаны сол бір бөлке нан, көкөніс… Өте тү­сініксіз, ешкіммен қатыс­пай­ды, сөйлеспейді, адамдармен өте си­рек амандасады. Кейде оқыс әре­кеттер жасайды. Бірде ол бір та­нысымен қорқытып аманда­сады. Анау мұның түрін көріп кә­­дімгідей шошып қалады. Есе­сіне әлеуметтік желіні шула­тып, бүт­кіл елге Перельманның жағ­дайы қиын деп хабарлап жібер­еді.

«Өте қысқа, жұқа шалбармен, тіпті шұлықсыз (көшеде 7 градус аяз) жүр, аяғында бір сүйретпесі бар. Ол менімен айқайласып аман­дасқанда барып бір-ақ таны­дым. Түрі адам шошырлық» деп жазыпты әлгі танысы.

Ол бұрын аты танымал бол­ғанда қандай болса сол тұйық қалпында қалған. Үйленбеген. 79 жастағы шешесі Любовь Лей­бовнамен бірге тұрады. Анасы да математик. Бірақ оның өмірін қалай өткізіп жатқанын тек тұспалдап білуге болады. Көрші­лер көшеде ғана кездесіп қалады. Кездескенде жылы амандасады. Сол баяғы ғылымда, шахмат ойнағанды ұнатады.

Оның қиын жағдайы көр­шілерін ойландырғанымен, оның өмірі бәз-баяғысынша тәрізді. Тек қана дүкеннен көресіз. Бұ­рын шешесімен аулада қолтық­тап алып, қыдырыстап жүретін. Қазір шешесі бір жыл болды үйінен шықпайтын көрінеді. Оның пәте­ріне кіру мүмкін емес. 40 жылдан бері бірге тұратын көршілеріне есік ашпайды. Оған ешкім қонақ­қа бармайды. Үйден жалғыз шығады. Таныс емес адамдармен сөйлеспейді.

Белгілі ғалымның бұл жағ­дайына ол туралы фильм түсір­ген режиссер Андрей Григорьев те таңқалмайды. Бұл ұлы адамдар үшін қалыпты жағдай деп қабыл­дайды.

– Сіз оның жалаңаяқ туфли­мен жүретінін қазір байқапсыз. Мен бір жылдан бері бұл жағ­дайдан хабардармын. Ол солай жаратылған, оны ешкім түзей алмайды. Денсаулығы жөнінде де айта алмайсың. Бір байқағаны, мұрнынан сөйлейді. Соған қара­ғанда гаймориті болуы мүмкін, – дейді режиссер.

Әрине, ол өте кедей тұрады. Оны үйіне кірген бетте байқауға болады. Тіпті, кіреберістегі есік­тің тұтқасы салбырап тұр. Мұ­ның бәрі оны ойландыр­майды. Ол сол бұрынғысынша ғылым­ның те­реңіне түсіп кеткен тәрізді.

Ең бастысы, академик, әріп­тесі Олег Лебедевтің пікірі ден қойғызады, ойыңыздағы сауалға дөп жауап береді:

– Григорий Перельман кез-келген ұлылар тәрізді, жұмбақ қыры көп адам. Ол қай кезде де осылай болған. Оны енді өзгерте алмайсыз. Оның аязда желең жүруіне де таңқалуға болмайды. Сәл ғана уақытқа асығыс шығып кеткен шығар, онда тұрған не бар.

Әріптестерінің айтуынша, Григорий сол баяғыша өмір сүріп жатыр. Оған төніп тұрған еш­қандай қауіп жоқ. Ол басқа­лар­дың өзіне аяушылықпен қарап, қол созғанын әсте ұнатпайды. Ол тек мазаламауын өтінеді. Ғылы­ми жұмыстарын жазады, сол өз әле­мімен рахат өмір кешіп жатыр. Ұсақ-түйектің бәрінен басын арашалап, бақыт құша­ғында тұрып жатыр. Бұл оның рахаты. Оған көмек көрсеткісі  келетін­дер де көп. Бірақ шешесі арқылы қолұшын созатындар бар. Ол мұның бәрін біле бер­мейді. Сондай-ақ, өзінің де қаламақысы, шешесінің зейнет­ақысы бар. Сол жеткілікті. Ең бастысы, ол өзінің сүйікті ісі Пуанкар гипотезасын дамыту ісімен айналысып жатыр. Оны сіз бәрібір түсінбейсіз. Өзінен сұрасаңыз, жәй ғана «жұмыс істеп жатырмын» дейді.

Қ.ИМАН.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *