АТА МЕН КЕЛІН

Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр МЫРЗА-ӘЛИДІҢ отбасы туралы мөлтек сыр

Нұржамал ӘЛІШЕВА

 

Ауылдың қызы

Бақтыгүлдің «Қазығұрт» баспасында терімші болып жұмыс істеп жүрген кезі. Қадыр Мырза-Әлидің кезекті кітабы сол баспада қатталып жатқан. Ал ақын мен баспа директоры Темірғали Көпбаевтың ағалы-інілі болып жүрген жақсы араластығы, сыйластығы бар-тын. Қадыр ағамыз ылғи баспаға келіп тұрады. Сонда Бақтыгүлді де көретін, «айналайын» деп маңдайынан сүйіп кететін.

Салтанат апамыздың айтуынша, Қадыр ақын «шым­кент­тіктер қыздарына жақсы тәрбие береді дегенді көп естимін, солармен құда болсам екен» деп армандайтын көрінеді. Бірде осы сөзін естіген Бақтыгүлдің Темірғали жездесі: «Аға, менің балдыздарым көп, апам екеуіңіз үйге қонаққа келіңіздер, таныстырайын, көресіздер. Құда болайық», – депті. Сонымен жездесі шаңырағына балдыз­дарын жинап, екі үлкен кісіні де арнайы дәм-тұзға шақы­рып, бәрін таныстырады. Қадыр ағамыз болашақ келін баланың ауылдың қызы болғанын қалаған көрінеді. Сол таныстырған балдыздарының арасында Бақтыгүл ғана ауылдың қызы болып шығады.

Кейін Қадыр ағаның кенжесі Ғазиз бен Бақтыгүл жүздесіп, тілдесіп, өмірлікке бірге болуға сөз байласады. Сөйтіп, Бақтыгүл Қадыр Мырза-Әлидің шаңырағына келін болып түседі.

 

Сәлем салу

Қазақы қаймағы бұзылмаған оңтүстіктің әдеп-ибасын бойына сіңіріп өскен Бақтыгүл алғаш келін болып түскен кезде күйеуінің жанына ата-енесінің көзінше отырып алуға қатты қысылатын. Соны байқаған Салтанат апа:

– Немене, екеуің бір-біріңе бөтен адам сияқты отыр­сыңдар, Ғазиз, тым болмаса өзің ишара білдіріп жанына отырып алмайсың ба, ол біздің үйге кеше ғана келген бала, үйренісе алмай жүрген болар, – деп әзілдегені бар.

Әрине, туған үйіне қарағанда бұл отбасында тәртіп, тұрмыс салты басқаша болды. Бірақ жақсы мінезінің, қазақы қалыбының арқасында тез сіңісіп кетті. Жұптасқан ғұмырларында алтын асықтай үш ұл сүйген Қадыр ата мен Салтанат апа қыз баланы аса жақсы көргендіктен болар, Бақтыгүлді бірінші күннен-ақ өз қыздарындай қабылдады. Тіпті, «Бізге иіліп сәлем де салмай-ақ қойшы, балам. Орамал тақпасаң да болады», – деп рұқсаттарын да беріп қойды. Бірақ Бақтыгүл еркінсіп келіндік міндетін ұмытқан жоқ, атасы іссапарлардан оралғанда міндетті түрде иіліп сәлемін салып қарсы алатын. Шаңырағы бөлек қайнағалары да үлкен үйге келгенде, оларға да сәлемін бір рет те қаза қылған жері жоқ.

 

Атасының «однокашнигі»

Атасының еңбекқорлығы ұнайтын. Жұмыс бөлмесінде кітаптарын ақтарып, жазуын жазып отыра беретін. Қолы­нан қаламы түспейтін. Сосын үнемі ой үстінде жүретін. Кеш жатса да, таңертең ертемен тұрып алып, машинкасын тықылдатып отыратын. Төсекке жатса да, басына кітабын жастанып алады екен.

Атасына ең бастысы үй таза, тамақ уақытылы дайын болса болды. Сосын тыныштық. Ешкімге дауыс та көтермейтін, қабақ та шытпайтын.

Атасы ешқашан тамақ талғамайтын. Алдына қойғанды жей беретін. Бірақ ең сүйікті асы бесбармақ екенін білетін Бақтыгүл ылғи ет асатын, қамырын атасына ұнайтындай етіп кеспелеп салатын. Әйелдердің қолы тимей жатса, дайын тұрған тамақты өзі жылытып жеп жүре беретін.

Бірде бір аптадай күн қатты ыстық болды. Сондай ыстық күндері Бақтыгүл атасы үшін күнде морс (орыс асханасының дәстүрлі жидек шырыны. Н.Ә.) дайындап қоятын. Сонда Қадыр ақынның: «Орыс келініммен тұрғанда морс ішпейтін едім», – деп қалжыңдағаны бар. Риза болғаны.

Таңертең ботқа пісіріп беретін. Немересі Мүслім екеуі қатар отырып, «Балам, екеуміз «однокашник» болдық», – деп сүйсініп жеп алатын.

Дастархан басына жиналғанда, үйдегілердің бәрінің түгел отырғанын қадағалайтын. Немерелерін өте жақсы көрді. Айсұлу есімді ең үлкен немересін «аппақ қызым», «бақбағым» деп еркелететін. Ал Мүслімді «однокашнигім», «басында миы көп менің баламның, ақылы көп» деп еркелетіп отыратын.

Сыйластық сыры

Бақтыгүл есейген кездерінде әке-шешесіне ылғи ренжіп жүретін, «біздің атамызбен, әжемізбен түскен бірде-бір суретіміз жоқ екен, неге түсірмегенсіздер, осы күні соның бәрі естелік болушы еді ғой» деп. Сондықтан болар, Бақты­гүл кейін өзі де балалы болған кезде өз ұлын да, қонаққа келетін қайнағаларының балаларын да танымал атасымен, апасымен бірге отырғызып қойып суретке түсіріп ала беретін болды. Бүгінде әрбір фото өзіндік сыр шертіп, естелік айтып тұрады. Иә, суреттер де өмірдің бір жарқын сәттері.

Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, мұндайда атасы ылғи Бақтыгүлдің сөзін сөйлеп, қор­ғаштап отыратын. Ал Ғазиз бен Бақтыгүлдің бір-біріне тоңте­ріс қарап қалған сәттерінде, Салтанат апа: «Жүр, екеуміз базар аралап келейік, өздері қалсын үйде», – деп өтірік ренжіген болып, келінін ертіп шығып кететін. Екеуі көйлек-орамал қарап, түрлі әшекейлерді қызықтап, тәтті­лерді көтеріп, біраз уақыттан соң көңілді оралатын. Сосын бағана ештеңе болмағандай, дастарханды жайып жіберіп, бәрін шақырып, салдырлап сырттан көрген оқиғаларын айта жөнеледі. Енесінің осы бір қасиетін Бақтыгүл жоғары бағалайды.

Келіні жұмыстан оралып, үйге кіріп жатқанда, Салта­нат апа газға шай қоя салады. Сосын ары қарай келін өзі-ақ дастарханын қамдай жөнеледі. Осындай бір көзге көрінбейтін кішкентай ғана сыйластықтың өзі отбасы берекесін нығайта түсері анық.

 

«Айналайын!»

Елге танымал кісінің үйіне қонаққа көбіне өзімен дең­гей­лес әйгілі адамдар келетіні заңдылық. Сондай кездерде Бақтыгүлге енесінің ақыл-кеңесінің көп көмегі тиді. Қонақ күткенде Салтанат апа үнемі келінімен қатар, бағыт-бағдар беріп жүретін. Әлі де солай. Ешқашан оған үй тірлігін ысырып тастап қарап отырмайды. Қолы бос болса, өзі істей береді. Сондықтан Бақтыгүлдің Салтанат мамасының да еңбекқорлығына тәнті болып отыратыны бар.

Иә, өнер адамының өмірі қоғамдағы шығармашылық ортамен тікелей тамырласып жатады. Атасының арқа­сында талай танымал тұлғамен дәм-тұздас болды, сол кісілер­ге қарап ойын да, бойын да түзеген сәттері аз емес. Солардың ішінде Қыдуар Мертенов атасының үйіндегі Райхан апамен, ақын Ақұштап Бақтыгереевамен, Райым­бек Сейітметов, Әшірбек Сығай ағалардың отбасымен, Мереке Құлкенов, Донеділ Қажымов ағалармен, Гүлнәр Дәукенова сынды әпкесімен жас та болса ерекше сыйласты. Бақтыгүлдің бұл кісілер десе көңілі өзгеше тебіре­ніп тұратын. Бір кесе ыстық шәйін аса ықыласпен ұсынатын. Әр кез ақ баталарын алатын. Жақсы адам­дардың көрген жерде «айналайын» деп, Қадыр ақынның сүйікті келінін еркелетіп те қоятын сәттері көп.

 

Құран кітап

Бірде Шымкентте болған алқалы кездесуде Бақтыгүл­дің сынып жетекшісі Қадыр Мырза-Әлиге арнайы таяп барып, амандасып, хал-жағдай сұрасып болған соң, «Біздің жақтан келін алыпсыздар. Келініңіз жақсы ма, өздеріңізге жайлы ма?», – деп сұрапты. Сонда атасы: «Келінім өте тәрбиелі, жақсы бала», – деп жауап берген екен. Осындай жағдайлар еске түскенде, еріксіз көзіне жас тұна қалатыны бар. Жақсы адамды ұмыту мүмкін емес қой.

Атасымен қоштаса алмай қалғанына сәл өкінетін де сияқты бұл күндері. Ол аяқ астынан ауырып қалып, ауруха­наға өз аяғымен кеткен болатын. Күніге хабарласып, қандай тамақ апарайық деп сұрап, біліп, барып тұратын. Соңғы хабарласқандарында «ертең шығамын, ештеңе әкелмей-ақ қойыңдар» деген екен. Ал ертесіне хабар­ласпаған соң, Салтанат апа телефон соқса, телефонын алма­ған. Кешке тағы хабарласқандарында телефонды медбике алып, атасының комаға түсіп қалғанын хабар­лайды. Содан есіне келмей жүріп кеткен.

Атасы кезекті бір іссапарында алақандай Құран кітап әкеп сыйлады. Сол кітап Бақтыгүл үшін өміріндегі ең бір ерекше сыйлық болды. Сол кішкентай ғана кітапты атасының өзіне берген батасы деп қабылдады. Бүгінде жолының әрдайым ашық болып жүретінін сол кітапшамен байланыстыратыны бар.

 

Ақынның «Бақыты»

Атасы қайтыс болғаннан кейін, төрт жылдан соң Қадыр атаның «однокашнигінің» ізінен Айнамкөз өмірге келді. Қадыр атасына да, Салтанат апасына да ұқсап туған осы сәбиге ерекше ықыласы ауған енесі келініне «темір тұлпар» сыйлады. Әрине, Қадыр атаның жиған-терген ақшасына алынған ғой.

Бүгінгі өмір – қайнаған өмір. Әркімнің өз тіршілігі бар. Сондықтан бір-бірінің уақытын қадірлеу үшін, Салтанат ене мен Бақтыгүл келін «апарып келіңдерші» деп ешкімді мазалап жатпайды, өздерінің көліктерімен Кеңсайға – Қадыр Мырза-Әлидің басына барып келіп тұрады. Ең ұзап кетті дегенде зират жаққа екі аптада бір із салады. Айна­ла­сындағы жайқалып өсіп тұрған раушан гүлдерін суға­рып, арамшөптерін жұлып, тазалап, дұға-тілектерін бағыштап қайтады.

Бақтыгүл Қадыр келіні қазір өзіміздің «Алматы ақшамында» еңбек етіп жүр. КазГУ-дің журфа­гын бітірген. Сөз қадірін тереңінен ұғады. Ұлы Мүслім де, өзі де атасының көп өлеңін жатқа біледі. Солардың ішінде «Бір құдірет бізді өмірге жолдайды, Біз өмірді түсінбейміз, Сол – қайғы. Туа сала таудай бақыт күтеміз, Ал шынында бақыт үлкен болмайды» деп басталатын «Бақыт» деген өлеңін жақсы көреді. Бұл өлеңдегі осы бір қарапайым, бірақ соншалықты терең сөздерді уақыт өте келе дәл қазір жақсы түсініп жүр.  Кей-кейде атасының осы сынды біраз өлеңін оқып, тынығып, жанына дем беріп алатыны бар.

Қазақтың Қадырының соңынан осылай ғұмыры жалғасып жатыр.

 

Қадыр Мырза-Әлидің афоризмдері

Ұяты бар әйел – шынына да әдемі әйел.

***

Қыз болмаса – біз болмаймыз.

***

Өзі әдемі, өзі ақылды әйел

Кез-келген жігітті жетектеп жүре береді.

***

Еркек – әйелдің күзетшісі емес,

Бағбаны.

***

Еркек ұйымдастырады,

Әйел қиюластырады.

***

Ақылды әйел күнәңді кешіреді,

Ақымақ әйел отыңды өшіреді.

***

Иманды жігіттің құшағында

Бір арулық қана орын бар.

***

Отбасына қожайын бола алмаған

Отанына қожайын бола алмайды.

***

Жақсы жар – жарты ғұмырың.

***

Атаның мұрагері – ұл.

Ененің мұрагері – келін.

***

Жол мен жолды із қосады,

Ел мен елді қыз қосады.

 

***

Күшті әйел ғана байына бағынады,

Немесе бағынған болады.

***

Әйелді төбеңе көтеру керек.

Бірақ төбеңе шығаруға болмайды.

***

Ерлі-зайыпты екі адам ұрысқанда

Кешірім сұрағаны жеңеді.

***

Қыз – өз үйінің құрағы,

Өзге үйдің – шырағы.

***

Елпілдеген әйелден әдемі ене шығады.

***

Бас үйдің пірі – ене,

Ас үйдің пірі – келін.

***

Елдің тоқтығы мал мен егінге,

Үйдің тыныштығы ене мен келінге байланысты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *