Атақ іздесең, тауға шық

Сатира сардарынан сарқыт

Ертеректе Кәуікбай деген атаққұмар адам болыпты деседі. Әркімнің шеке тамыры өзінше бүлкілдейді емес пе, біреуге сес көрсету үшін атақ қымбат, біреуге төс көрсету үшін шатақ қымбат. Қаныңды ішіңе тартып, тістеніп шықсаң, шатақ табылатынға ұқсайды. Ал енді, Әзірет­әлінің үйінен түстеніп шықсаң да, атақ таптырмайтын көрінеді. Атын түсіп берсе де, атағын түсіп бере ме бұ жұрт?

Сол Кәуікбай не маңдайына, не таңдайына бітпеген өгей атақты іздеп, қыздан да, қымыздан да құр қалған шағында бір құрдасы: «Тауға шығып, Кәуікбай деп айғай­ласаң, атақтың астында қаласың», – депті. Атақ десе көзі алаң ете қалатын Кәуікбай торқасқасына мініп, тұра шауыпты.

Етпеттеп, шалқалап, жамбастап жатқан қалың таулар­ға кіргенде атаққұмар ағамыз атынан қарғып түсіп: «Кәуік­ба-ай!» деп аттанды салыпты-ай кеп! Ордалы таудың ішінде оқыс дауыстың кейде ойран салатыны болады. Өмір бойы атаққа қолы жете алмай шерменде болып жүрген адамның даусы қайбір оңған дейсің. «Ашу тас жарады, тас жармаса бас жарадының» кебі ғой. Аттан­ның көкесі енді болады. «Қатын өсек айтпайды, қағыс естиді» дегендей, бір тау бір таудан шала ұғып: «Әу-ік-ба-а-ай! Мәу-ік-бай-а-ай! Тау-ық-ба-а-ай!», аяғы «бай-бай» болып жер жаратындай жаңғырып ала қашады. Тас құлап, қар қозғалады. Тыныш жатқан тау іші ұрыс шыққан үйдей азан-қазан болады. Тау екеш тау атыңды атап күңіреніп жатса, арманың не? «Атақ деген осы екен ғой!» деп мәз болған Кәуікбай шалқасынан түсіпті де, сол күйі о дүниеге өтіп кетіпті.

Біреудің ажалы атақтан, біреудің азабы шатақтан, енді біреуінің тажалы…

«Жалғанның жазымы көп» деген осы да.

Оспанхан ӘУБӘКІРОВ.

 

Анекдот жазатын аға

2002–2004 жылдары мен «Жас Алаш» газетінде «Мақатаев-22» (редакцияның мекен-жайы) деп аталатын оқырман хат­тары бетін жүргіздім. Ол кезде редакцияға хат көп келетін. Ұсыныс айтатыны бар, мұң-шерін ақтаратыны бар, басына түскен ауыр жағдайдың шешілуіне атса­лысуы­мызды сұрайтыны бар, жәй өз ой-пікірін жазатыны бар… әйтеуір ағы­лып жатады. Солардың ішінен сұрыптап, қоры­тып, іске жарарын газет бетіне жариялаймыз.

Кейін сол кездегі бас редактор Жүсіп­­бек Қорғасбектің идеясымен газет бетіне шыққан әр мақаланың, әр сұхбат­тың астына соны жазған-әзірлеген журналистің фотосуретін беретін болдық. Табақтай бетінің танымал бола түсуін кім жек көрсін, сыртымыз білдірме­генмен, ішіміз жылып, қуанысып қал­дық. Нөмір аралатып болса да мақаламыз шығып тұрады. Оның үстіне, бұл менің «Мақатаев-22» деген бетіме де қатысты болып шықты: тұтас табақтай бетті (газет бетін) алып жатқан хаттардың соңында «Оқырман хаттарымен сырласқан Сәкен Сыбанбай» деп менің табақтай бетім быттиып тұратын болды.

Жүкең бірде хат-хабар арасына әзіл-қалжың араластырып отыруымды тапсыр­ды. Ұйымдастырған бетімнің соңғы жағына бірнеше анекдот салып едім, «көп емес, нөмір сайын біреу салсаң жетеді» деді. Сөйтіп «Мақатаев-22» бетінің ең астыңғы жағында бір анекдот пен менің бетім қатар орна­ласты. Бет үнемі осылай шығатын болды.

Бірде тойда ма, әлде достармен жәй басқосуда ма, жаныма бір жас қыз-жігіттер үйіріле кетті:

– Аға, біз сізді танимыз, – деседі күлімдеп.

– Қайдан танисыңдар?

– Газеттен көреміз ылғи. «Жас Алаш» па еді… содан.

Жүрегім лүп ете қалды. «Проклятая популярность» деген осы ма екен?» деп ойлап та үлгердім. «Тележұлдыздарды ғана емес, біз секілді газет журна­листе­рін де жұрт таныса несі айып?» деп те қоямын.

– Сол… сізді таныған соң, қолы­ңызды алып кетейік деп… – Жапырлай амандасып жатыр. Сондай бір ізетті балалар екен.

– Дұрыс, құрметтеріңе рақмет, – деді қасымдағы достарымның бірі. – Ал айта қойыңдаршы, бұл ағаларыңның қай мақалаларын оқыдыңдар?

Ізетті балалар іркіліп қалды. Бір-біріне қарасып, қипақтап тұр. Біреу осы сұрақтың жауабын біліп келуге жұмса­ғандай біз де бедірейе қалыппыз.

Қашанғы тұрсын, ақыры біреуі ақырын жөткірініп алды да:

– Бұл… бұл – анекдот жазатын аға ғой, – деді күмілжіп…

 

Бірқақпайлар

Кафеде қос ғашық бірін-бірін көзбен ішіп-жеп отыр.

– Сен менің тәтті шоколадымсың, түк қалдырмай жеп қояйын ба осы.., – деп еміренеді жігіт.

– Менің де сені жеп қойғым келіп отыр, – дейді қыз.

Олардың әңгімесін бөлгісі келмей біраз тұрған даяшы сәл жөткірініп алып:

– Соңынан не ішесіздер? – депті.

 

***

Бір жас жазушы газет редакциясына өзінің әңгімесін әкеп тастайды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бас редак­торға келіп, ол:

– Не деген масқара! Бір емес, екі ай өтті, неге баспайсыз әңгімемді? Кім көрінгеннің шимай-шатпағы шығып жатқан жоқ па?! – деп шаптығады.

– Осы күнгі жастарға таң қаламын: қандай шыдамсызсыңдар? – депті сонда бас редактор. – Асығатын не бар, күт­сеңші!

– Қашанғы күтем?

– Оны мен қайдан білейін? Мәсе­лен, Фирдоуси өз «Шахнамасы­ның» жарық көруін мың жыл күткен!..

 

***

– Балам-ай, дүкеннен тез сүт әкеле қойшы!

– Кәмпит бермесеңіз, бармаймын!

– Бармасаң, интернетті өшіріп тастаймын!

– Болды, апа, міне, ұштым!

 

* * *

Domestos жарнамасының арқасында микробтардың түрін түгел танып алатын болдық…

 

«Баланы таптырып-таптырып…»

«– Қолғанат болған балалар баршылық қой деймін?

– Өсіп жатыр.

– Нақты саны?

– Құдайға шүкір, баршылық.

– Он бес! – деді кеңшар басшысы осы тұста киіп кетіп. – Баланы топырлатып таптырып-таптырып, енді ырымшыл бола қалуын.

– Рас-ау, – деп отағасы қипақтап күлген болды…».

 

(Рахымжан ОТАРБАЕВ,

«Қыр мозаикалары» әңгімесінен).

 

Несінен алжасқан?

Біреу Қожанасырға:

– Үйіңіздің жанынан өтіп бара жатыр едім, әйеліңіздің маған әй-шәй жоқ, бажылдап ұрса бастағаны бар емес пе? Сірә, әйеліңіз ақылынан алжасса керек, – депті.

Қожекең кәдімгідей ұзақ ойланып қалыпты.

– Әпенді-ау, не ойлап кеттің? – дейді әлгі кісі.

Сонда Қожа:

– Әйелімнің әу бастан ақылы жоқ екенін жақсы білемін. Сонда ол несінен алжасты екен? – депті.

 

Бетті дайындаған —

Сәкен СЫБАНБАЙ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *