АТА-АНАЛАР ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУҒА ҚАТЫСТЫ

Түрксіб аудандық Білім бөлімі №83 гимназияның мәжіліс залында екінші тоқсанның қорытындысы бойынша ата-аналарға арналған қоғамдық тыңдау өткізді.

Рая ЕСКЕНДІР

Қоғамдық тыңдауға Түрксіб ауданы прокуратурасының аға прокуроры Қуа­ныш Нұрсаметов, Түрксіб аудандық қоғам­дық ден­саулық сақтау басқарма­сының басшы­сы Мәулен Оңасбеков, №170 мек­тептің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Роман Таранов қатысты.

Алғашқы сөз кезегін Түрксіб аудандық Білім бөлімінің басшысы Айсұлу Ботаева алып, «Білім саласын көтерудегі ата-аналар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара байланысы» атты баяндама жасап, аудан мектеп­терінің екінші тоқсан бойынша қорытындысымен таныстырды.

Алматының қақпасы атанған Түрк­сіб ауданы қаламыздағы ең байырғы өнер­кәсіп ошағы саналатын аудан. Қала орта­лы­ғынан шалғайлау орналасқанымен, ау­дан мектептері барлық байқаулар мен спорттық жарыстарда жүлделі орындарды қанжығалап, алдыңғы орындардан көрініп келеді. Халқымыздың ұлы перзенті әл-Фарабидің «адамзатқа ең алдымен тәрбие керек» деген тәмсілін берік ұстанған аудан тұрғындары ұрпақ тәрбиесіне әркез сергек қарап, олардың тәлімді тәрбиені, сапалы білімді алуларын басты назарда ұстап отырады.

Аудандағы 26 мектеп пен 22 мектепке дейінгі мекеме саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін белсене атсалысып, аянбай еңбек ету үстінде. Жаңа оқу жылы басталысымен Түрксіб ауданы қала бойынша алғашқы болып «Мектеп ақша жинамайды» акция­сын бастаған еді. Аудандағы мектептер мен мектепке дейінгі мекеме басшы­ларының қатысуымен «Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес және оның алдын алу» деп аталатын семинар өтіп, қоғамдағы жегі құрттың алдын алудың алғышарттары қарас­тырылған еді.

Арнайы құжатпен толық танысқан мекеме басшылары бөлінген қаржы­ның қайда, қалай жұмсалып жатқа­нын сайтқа орналастырып отырады. Әрбір білім шаңы­рағында «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» ұйымдары құрылып, арнайы бұрыштар ашылған.

– Ауданымыздағы №44 гимназия­да 2008 жылы авиа үйірме ашылған еді. Болашақ ұшқыштар мен авиакон­струк­торларды дайындап, олардың армандарына қанат бітіріп отыр. Олар өздері құрас­тырған авиамодельдерді «Байсеркедегі» оқу-жаттығу аэрод­ромында сынақтан өткізіп, респуб­лика бойынша өткен ашық чем­пионаттарда он бес мәрте жүлдеге ие болып отыр, – деген Айсұлу Аман­гелді­қызы өткен оқу жылының қорытындысы бойынша Түксіб ауданы мектеп бітіруші­лері қала бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мемлекеттік грант иегерлері атанғанын мақтанышпен айтып өтті.

Аудандық білім жүйесінде ашық­тық қалыптасқан. Соның нәтижесінде Қамқор­шылар кеңесінің тікелей қатысуымен мектеп басшылары мен балабақша меңге­рушілерін тағайын­дауға мүмкіндік туған. Аудан мектептерінде өтетін іс-шаралардың жас ұрпақ бойына патриоттық сезім қалыптастыруға зор әсері бар. Мәсе­лен, №59 мектепте «Қарттарым – қазынам» атты іс-шара өтіп, оқушы­лар ауданда тұратын соғыс және еңбек ардагерлерімен кездессе, №71 мектепте мүмкіндігі шектеу­лі жандар­ға арналған іс-шара өтті. Бұл бір ғана мысал. Жалпы, аудан мектептерінде өтетін көптеген іс-шаралардың барлы­ғы жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастырып, адалдыққа тәрбиелеу бағдарына айналып отыр.

Аудан көлеміндегі мектепке дейінгі мекемелердің де жұмыстары қарқын­ды дамып отыр. Балабақшаға кезекке тұру тәртібі электронды жүйеге көш­кен. Сон­дықтан бұл мекемелерде сыбайлас жемқор­лық белең алуы еш мүмкін емес.

Аталмыш іс-шара соңында мектеп асха­насын жалға алушылар өздері дайын­даған тағамдардың көрмесін ұйымдас­тырды. Ата-аналар балалары күнделікті асханадан не ішіп, не жеп жүргендерін өз көздерімен көріп, тәтті тағамдардан ауыз тиді.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close