АСЫҚПАҢДАР, АРТЫМЫЗДА ҚАЗЫ БАР

Асықпаңдар, артымызда қазы бар

А.Байтұрсынұлы.

 

Досалы САЛҚЫНБЕК, ҚазҰАУ-нің кафедра меңгерушісі, профессор

5 қыркүйек — Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келген күні.

Саналы ғұмырында халқымыздың азаттығы мен теңдігі, рухани жаңғыруы мен мәдениетінің өсуі жолында күресіп өткен және артынан мәңгілік мұра қалдырған бірегей тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының мұралары әлі зерттелу үстінде. Ал ол мұраларға терең бойлаған сайын оның қатпар-қатпар қабаттарынан бірегей тұлғаның ұлт мүддесі жолындағы күресінің айғақтары айқындала түседі. ХХ ғасырдың бас кезеңіндегі Ресей империясының отаршылдығына қарсы қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісі жетекшілерінің бірі болған А.Байтұрсынұлы кейіннен Кеңес үкіметі жағына шығып, Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитеттің мүшесі, 1920-1921 жылдары Қазақ АКСР-і Халық ағарту комиссары болып істеді. РК(б)П-ның құрамына да өтті. Өз халқының тағдырын Кеңестік билікпен байланыстырған ол, осы жылдары В.Ленинге бірнеше рет хат жазып, Қазақстандағы Кеңестік билік саясатын сынға алған болатын. Және осы хаттарында осыған дейінгі кезеңде отаршылдықтың салдарынан мүшкіл халге ұшыраған халқымыздың аянышты тағдырын сөз ете отырып, қазақ халқына қағаз жүзіндегі емес, шынайы бостандық беру мәселесін қойды. Ол шынайы бостандықтың жолдарын да көрсетіп берді. Бірақ Кеңестік биліктің өңін айналдырған бұрынғы отаршылдық саясатты жалғастырушы «мұрагерлік» жолын айқын түсінгеннен кейін бұл үкімет құрамынан да, партия қатарынан да шығып кеткен болатын.

Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ білімі мен ғылымының Хан  Тәңірі болуымен қатар, қоғам және мемлекет қайраткері  болды. Қайраткер тұлға Ресей империясы кезіндегі жүргізген қазақ жері үшін күресін, кеңестік билік кезінде одан әрі жалғастырып, бөлшектеніп кеткен қазақ жерінің біртұтастығын қалыптастыруда орасан зор еңбек сіңіргенін біреу білсе, біреу білмес.

ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің мүшелері. Солдан оңға қарай отырғандар: Ә.Әйтиев, Н.Калашников, Ә.Жангелдин, М.Мырзағалиев, Шефтель, Е.Райхман, анықталмады, М.Шамов; тұрғандар: екінші А.Байтұр¬сынов, төртінші Ә.Әлібеков. Орынбор қ. 1921 ж.

1919 жылдың шілде айынан 1920 жылдың қазан айына дейін жұмыс істеген Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет өз қолына Қазақстандағы әскери-азаматтық басқаруды шоғырландыра отырып, өлкедегі барлық кеңестік қызметті біріктіру мен ұйымдастыру, орталық кеңестік биліктің қаулыларын іске асыру, жергілікті кеңестердің қызметін бақылау, Қазақ өлкесін шаруашылық және мәдени жағынан көтеру, жергілікті маңыздағы пайда болған барлық мәселелерді шешу, жалпы съездің қарауына және бекітуіне қазақ автономиясы туралы жобаны дайындау, қазақ өлкесі мен Ресей Федерациясы және Түркістан кеңестік республикасы арасында қарым-қатынасты реттеу міндеттерін іске асыруы қажет еді.

Таптық қарсылықтан туындаған Азамат соғысының бел ортасында құрылған бұл ревкомның алдында жоғарыда аталған міндеттермен қатар, Ресей империясының кезіндегі «бөлшекте де, билей бер» саясатының салдарын жан-жаққа бөлшектеніп кеткен байырғы қазақ жерлерін біріктіру, жинастыру сияқты қасиетті де, қажырлы жұмыстар тұрған еді.

1919 жылы Кеңес үкіметі кешірім жариялағаннан кейін Алашорданың шығыс бөлігі кеңес үкіметі жағына шығып, оның кейбір көрнекті мүшелері кеңестік қызметтерге тартылады. Бұдан былайғы өзінің іс-әрекетін, халқының жарқын болашағын кеңес үкіметімен байланыстырғылары келіп, өз еркімен кеңестер жағына шыққандардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы болатын.

Бар-жоғы он бес айдай жұмыс істеген революциялық комитеттің құрамына кірген Ахмет Байтұрсынұлы оның белді мүшесі болып, төрағаның орынбасары ретінде ревком шешкен, қараған барлық мәселелерге белсенді араласып, өзінің ұлт мүддесін қорғауға бағытталған ұсыныс-пікірлерін батыл білдіріп отырғанын ревкомның құралған кезінен бастап, автономияға айналғанға дейінгі бүкіл қызметінен мол хабар беретін Ревком мәжілістерінің хаттамаларынан анық байқауға болады.

Қазақ автономиясын құруға дайындық барысында үлкен талас тудырған мәселенің бірі – жер мәселесі болды. Әсіресе, Ақмола мен Семей облыстары, Қостанай уезі үшін Сібір ревкомымен арадағы талас-тартыс барысының алдыңғы шебінде Ахмет Байтұрсынұлы тұрды. Ревком 1919 жылғы 12 қыркүйектегі мәжілісінде Сібір ревкомына қарасты Челябі губерниясының құрамына берілген Қостанай уезін Қазақ өлкесіне қайтару жөнінде мәселе қарайды. Ресей империясы кезіндегі әкімшілік территориялық бөліс бойынша Қостанай уезі орталығы Орынбор қаласы болған Торғай облысының құрамында болды. Азамат соғысы жылдарындағы Қостанай уезінің еліміздің батысындағы Орынбормен байланысы нашарлағаннан кейін уезд 1919 жылы Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінің шешімімен Челябі губерниясының құрамына беріледі. Қазақ жерлерін біріктіру жұмысын бастағанда шовинизммен уланған Сібір ревкомы басшылары Қостанай уезін Қазақстанға қайтаруға қарсы шықты. Мәжілісте қабылданған қаулыда Қостанай уезін қазақ ревкомының құрамында қалдыру жөнінде орталық билікке жеделхат жолдау және үш күн ішінде Қостанай уезін Қазақ ревкомының құрамына қалдырудың қажеттігі туралы баяндама дайындауды Ахмет Байтұрсынұлына тапсырады. А.Байтұрсынұлына бұл баяндаманы дайындауды тапсыру оның білімділігі мен өз көзқарасын табанды қорғай алатын қазақ жері тарихының білгірі екендігі ескерілсе керек. 1919 жылы 16 қыркүйекте дайындалған баяндамасында А.Байтұрсынұлы Қостанай уезін байырғы қазақ жері екендігін басты негізге ала отырып, уездің тұрмыстық және экономикалық жағынан Торғай облысының басқа уездерімен, сондай-ақ, Сырдария облысының Қазалы, Перовск уездерімен де өте тығыз байланысып жатқандығын дәлелдеп береді. Сонымен қатар, Қостанай уезінің тарихи-географиялық жағынан да Қазақстанда қалдырылуы керек екендігіне назар аударады. А.Байтұрсынұлының баяндамасы негізінде ревком 16 қыр­күйекте халық комиссарлар кеңесіне Қостанай уезінің Қазақстанға қайтарылуының саяси және экономикалық жағынан тиімділігін ұсынған баяндама жолдайды. 1919 жы­лы қараша айында ревком төрағасы С.Пестковский кеңестердің VІІ бүкілресейлік съезіне байланысты Москвада болғанда съезден кейін ревком алдында тұрған көптеген мәселелермен қатар, Қостанай уезі жөніндегі мәселені де шешуге тиіс болатын. 1919 жылы қараша айының 21 күні болған ревкомның мәжілісінің қаулысы бойынша Москвадағы съезге Пестковскиймен бірге А.Байтұрсынұлы барсын деген қаулы қабылданады. Бірақ бұл кезде белгілі бір себептерге байланысты А.Байтұрсынұлы аталған съезге бара алмай қалады.

Қазақ өлкесін басқару жөнінде революциялық комитеттің 1920 жылы сәуірде болған мәжілісі де көңіл аударарлық. Мәжілісте Қостанай уезіне және Қазақстанның басқа да талас тудырып отырған жерлеріне байланысты А.Байтұрсынұлын Москваға іс сапарға жіберу керек пе, әлде бұл мәселені Москвадан төраға Пестковский келгенше кейінге қалдыра тұру керек пе деген пікірталас өрбиді. Ревком мүшесі Седельников қордаланған мәселені шешу үшін тез арада А.Байтұрсынұлын Москваға жіберуді табанды түрде ұсынып, бұған дейін Москвада бірнеше рет болған Пестковский ештеңе шеше алмады, оған үміт артудың қажеті жоқ деген ой айтады. Т.Седельниковтың А.Байтұрсынұлын Москваға тез арада жіберу керек деген ойының екінші бір себебі, ревкомның өз ішінде алдағы құрылғалы жатқан Қазақ кеңестік автономиясының құрылымы мен әдіс-тәсілдері жөнінде қарама-қайшылық күшейіп келе жатқан болатын. Бұл кезде Москвада жүрген ревком төрағасы Пестковскийдің өзі байласын арқылы ревком мүшелерімен сөйлескенде БОАК-нің жанындағы Қазақ ревкомының тұрақты өкілдігін қайта құру үшін, Қазақстанды материалдық және қаржылық жағынан қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында оның қызметін күшейту үшін беделді тұлға А.Байтұрсынұлының тез арада Москваға келуін жақтайды. Сонымен 1920 жылы сәуір айында Москваға аттанған А.Байтұрсынұлы Кеңес елінің басшысы В.И.Ленинмен кездескенде, Қазақ жерінің шекарасын айқындау барысында талас тудырып отырған Семей мен Ақмола облыстары, Қостанай уезі, Орынбор губерниясын экономикалық, саяси, тарихи, этнография­лық тұрғыдан Қазақстанға қосудың тиімділігін нақты көрсетіп, Ресей империясы кезінде Қазақтардан тартып алынып, орыс шаруаларына берілгенін дәлелдеп береді. Жалпы, бұл талас тудырған даулы жерлер 1920 жылы тамыз айында Қазақ кеңестік социалистік республикасы құрылғанға дейін де бірнеше рет талқыланып, В.И.Лениннің араласуымен Қазақ автономиясына қосылғаны белгілі.

А.Байтұрсынұлы байырғы қазақ жерлерінің біртұтастығын сақтау жолында табанды түрде күрескен және соған қол жеткізуі жолында бар күш-жігерін аямаған нағыз халқын сүйген қайраткер болды. Яғни ата-бабаларымыздың қанымен орныққан қасиетті жеріміздің территориялық тұтастығын қайта қалпына келтіру жолындағы күресте А.Байтұрсынұлының еңбегі зор.

Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы мамыр айында орталықтың өкілдері мен жергілікті халық арасындағы сенімсіздік еңсеру туралы В.И.Ленинге жазған хатында: «Қырғыз (қазақ) ревкомының құрылғанына он ай өтті.

Он ай  ішінде ревком тарапынан ештеңе де істелген жоқ. Ревкомның өндіріссіздік жұмысын көп себептерге байланысты түсіндіруге болады, бірақ негізгі екі себеп бар: 1) Қазақ өлкесін басқаруға қойылған орталық өкілінің айқын жұмыс жоспары болмады; мүмкін ол өлкенің әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты және Қазақ мәселесіне қатысты орталықтың партия бағдарламасы мен «Ресей халықтарының құқықтарының декларациясынан» басқа нақты нұсқауының болмауынан шығар. 2) Орталық өкілдері мен жергілікті халық арасында өзара сенім болмады», – деп атап көрсете отырып, патша үкіметі кезінде, ұлттық езушілік пен тонаушылықты қазақ халқынан көп көрген халық жоқ шығар деген болатын.

Өз ойын одан әрі сабақтаған қайраткер қазақ халқын ғасырлар бойы тонап, қорлап келген орыс халқы бұрынғы патша шенеуніктерінің орнын алмастырып мойынға отыруға емес, шын мәнінде езілген халықтарды азат етуге келгенін дәлелдеуі керек деуімен қатар «Бір ғана коммунист-интернационалист атауын өзгертіп, орыстар өздеріне деген сенімді жақсарта алмайды» дейді.

Ахмет Байтұрсынов патша үкіметінің отаршылдық саясаты қазақ халқының мемлекеттілікке ұмтылуын жою, халқымызды надандықта ұстау, орыстандыру саясаты болғанын ашып көрсете отырып, қазақтарға қатысты орыс пролетариаты екінің бірін таңдауы керек: «өздерінің өктемдігін күштеп таңу арқылы, ешқандай да қарсылықсыз бағынуды талап ету немесе қазақ еңбекші халқының сеніміне кіру» деп атап көрсетеді. Және Ахмет Байтұрсынұлы айтуы бойынша қазақ халқының сеніміне кірудің төте жолы ұлт зиялылары арқылы болуы керек. Бірақ сол үшін осы зиялылар Кеңес үкіметінің сеніміне кіруі керек деді.

Ахмет Байтұрсынұлы өзара сенімді нығайтып, Қазақ өлкесінде Кеңес өкіметінің құрылысын жандандыру үшін мынадай негізгі міндеттерді атқаруды алға қояды: «1) Қа­зақ өлкесін басқарудың басына нағыз идеялық коммунистерді және  шыңдаудан өткен адал қазақ зиялыларын қою. 2) Аралас халықтар тұратын аудандар­дағы барлық билік органдарында езілген халықтың өкілдері үштен екіге кем болмау керек. 3) Қазақ өлкесіндегі шаруашылық-экономикалық мекемелерді басқару ешқандай да бөлшектеусіз қазақтардың қолында болуы керек. 4) Қазақ коммунистерінің және революциялық зиялылардың саяси, мәдени жұмысы кеңестік социалистік шаруашылық саясатына негізделуі керек. 5) Орынбор қаласы арқылы басқарылған, Қазақ өлкесін біріктіретін әскери округ құру. 6) Қалалардағы гарнизондар міндетті түрде қазақтардан болуы керек».

А.Байтұрсынұлы Алматыда 1929 жылы маусымда тұтқындалып, оған «Кеңес өкіметіне қарсы контререволю­циялық ұйым құрды, Орта Азиялық пантүркішілдік ұйымының басшысы Валидовпен байланыста болды, Қазақстанда қарулы көтеріліс дайындады» деген айып тағылады. Осы тұтқындау кезінде А.Байтұрсынұлының бір топ кеңестік және партия қайраткерлерімен бірлесіп В.Ленинге (көшірмесі Сталинге) жазған хаты тәркіленеді. Қазақ автономиясы бойынша ОГПУ-дың шығыс бөлімінің бастығының орынбасары Саенконың 1929 жылы маусымның 13-і күнгі осы хат жөнінде берген анықта­ма­сын­да: «Бұл құжат 1929 жылы 3 маусымда күні Алматы­дағы Байтұрсыновтың пәтерін тінту кезінде табылды. Байтұрсыновтың берген түсінігі бойынша құжат партияның 10 съезінде дайындалып, редакциялау үшін Ташкенттен Москваға кетіп бара жатқан жолда Орынборда Бай­тұрсыновқа Төреқұлов пен Сафаров берген. Байтұрсынов қазіргі уақытта тұтқындалған және қазақ ұлтшылдарының жасырын ұйымының ісі бойынша жауапқа тартылған ол басшылық рольде болған. Бұл ұйымды құрушылардың бірі ретінде Валидов блогымен және басмашылықпен байланыста болған. Ұйым Валидов басқаратын Орта Азиялық ұйымның бір бөлігі болып табылады. Байтұрсынов Орта Азиялық орталыққа өз өкілдерін жіберіп, оларға Алашорда үкіметі атынан шетелдік мемлекет өкілдерімен ұйымды қарумен, әскери керек жарақтармен қамтамасыз ету жөнінде келіссөз жүргізуге арнайы мандат берген. Кейіннен және осы уақытқа дейін мәдени майданда Кеңеске қарсы жұмыстарды басқарған» деп қатталған. (ҚР Президентінің мұрағаты. 141-қор, 18-т, 165-іс. 8-п). Төреқұлов, Сафаров, Жандосов, Қожанов, Аспандияров, Авдеев, Саматов, Алманов, Киров, Сәдуақасов, Г.Бөкейханов, Досов, А.Омаров және А.Байтұрсынов қол қойған хаттың ішкі мазмұнына үңіліп қарасақ, езілген ұлттардың болашағын кеңестік құрылыспен байланыс­тырған үміті, кеңестік биліктің езілген ұлттар алдындағы негізгі міндеттері және кеңес үкіметінің өз деңгейінде езілген ұлттардың дамуына көңіл бөлмей, бұрынғы отаршылдық саясатты жаңа тұрпатта жүргізіп отырғаны айқын аңғарылады. Хатқа қол қойған қайраткерлердің Қазақстанда жиырмасыншы жылдардың бас кезінде әр түрлі жауапты қызметтер атқарғаны белгілі. Бірақ хаттың неге дер кезінде орталықтағы жауапты органдарға немесе жеке бір жауапты қызметкердің атына жіберілмегені белгісіз. Сыныққа сылтау іздеген ОГПУ-дың жендеттері үшін өз халқының арман-мұраты айтылған бұл хат «ұлтшылдарды» айыптаудағы негізгі айғақтардың қатарына жатқызылып, оның Ахмет Байтұрсынұлы сынды алдыңғы қатарлы тұлғалары 1930 жылдың өзінде-ақ саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қамауда отырған кезіндегі тергеу­шілердің сұрақтарына: «Менің идеалым – қазақ халқының тұрмыс жағдайын, мәдениетін мүмкін болғанша көтеру, ал мұның өзі оның игілікті дамуының алғышарт­тары болғандықтан, мен осы мұратты қандай билік қамтамасыз ете алса, соған риза болмақпын», – деген өз ұлтының адал перзенті Ахмет Байтұрсынұлы өзінің ұлт мүддесі жолындағы жанкешті күресінің із-түзсіз кетпейтініне сенген болатын.

Болашақ ұрпақ алдындағы аманатқа, болашық ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселесіне айрықша мән берген қайраткер: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдік­теріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар», – деген еді. Қайраткер тұлғаның болашаққа деген осы аманат сөздері бүгінгі күні әрбір мемлекеттік жауапты қызметкерге қарата айтылғандай.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Алматы қаласында орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы мұражай үйі республикалық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Мұражай үйінің жас ұрпаққа саналы тәрбие берудегі рөлі айрықша болып табылады. Міне, сондықтан да өзіміз қызмет етіп отырған Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттерін мұражай үйіне апарып танымдық-тағылымдық сабақтан тыс жұмыстарды жүргізуді қалыпты құбылысқа айналдырдық. Осыған орай сөз соңында айтарымыз – қоғам және мемлекет қайраткері, халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі – Ахмет Байтұрсынов мұраларын халық арасында кеңінен насихаттау, жас ұрпақ тәрбиесіне пайдалану ісін одан әрі кеңейту мақсатында мұражай үйін мемлекет қарамағына алу мәселесін кешіктірмей шешетін мезгіл келді деп есептейміз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *