АСЫҚ ОЙЫНЫ БОКСШЫЛАРҒА ТИІМДІ

Асық ойыны – әлімсақтан бері бабаларымыз балалық шағында ойнап бізге дейін жалғасып келген ұлттық ойынымыз болады. Асық ойынын кезінде мектеп спорт ойындары қатарына қосудың орнына оны ойнауға қатал тыйым салатын. Енді осы ұмыт қалып бара жатқан ұлттық ойын түрлерін жастарға үйретіп, қайта жалғастырған жөн.

Асық ойынында сақаның нысанаға бірде тиіп, бірде тимеуі, яғни бұл сәтті, сәтсіз жағдайлар адам жүйкесін нығайтып, төзімді, сабырлы болып және ақыл-ой парасатының дамуына әсері өте мол. Асық ойыны адам икемділігін арттырып және қолды серпи асық атқанда тыныс орган­дарын кеңейтіп, ден­саулық үшін де пайдасы аса зор екені айқын.

Біз ауыл балалары жаз мезгілдері егінмен айналысып, қыс мезгілінде ғана асық  ойнайтынбыз. Беріліп ойнағандықтан малмандай болып терлейтінбіз. Сақаны серпіп атқанда зуылдаған дыбыс шығып, тиген жерінде боялған сақаның сызық ізі қалатын. Асық ойынында сақа күш импульсімен атылады. Яғни жастай асық ойнаған бала боксте қарсыласын нокаут­пен сұлатып, жеңіске жетуі мүмкін. Асық ойыны дәлдікті талап етеді. Ал салмақты сақа атуға қолайлы болып нысанаға дәл тиіп, асықтарды алысқа шашыратып ұшырып жібереді. Сондықтан қошқардың ірі асығын сақа етіп, оның ішін бізбен аздап үңгіп, қорғасын құйып, тағы жіңішке мыс сым орайтынбыз. Сақаны қалай ұстап, қалай атуды жақсы білу керек. Футболис­тер допты екі аяғымен қалай жонглерше ойнаса, сақаны да саусақ­тар­мен солай ойната білу керек. Саусақтармен ширатып атылған сақа зуылдап ұшып барып дәл тигенде, асықтар алысқа шашырап кетеді. Тіпті, атылған сақа етігімізге тигеннің өзінде аяғымыз ауыратын еді.

Асық ойындарының түрлері көп. Өзіміз көп ойнаған бір асық ойынының қағи­даларын түсіндіргім келеді. Іс жүзінде түсіндіру ұғымды болар еді. Бұл ойында шеңбер сызылмайды. Тегіс тақыр алаң ортасы көнге әрбір ойыншылардың біреу­ден тігілген асығын бір топ етіп біріктіреді. Ұтыс­қа сол көндегі тігілген асықтар ғана ойна­лады. Ал сақа ұтысқа ойналмайды.

Ойыншылардың сақаларын жиып, жерге тастап сақаның алшы немесе тәуке түсуіне байланысты сақа ату кезегі анықталады. Бірінші кезектегі ойыншы сақасын қалаған жерге тастауы мүмкін. Егер тастаған сақасы алшы тұрмаса оны түскен жерінен қозға­майды. Ал сақа алшы түссе ол ойыншы ойынды жалғастырып, көндегі асықтарға сол сақасы түскен жер­ден атады. Атылған сақа көндегі асықтарды тиіп бұзса, ол ойыншы сақасына сәйкес түскен асықтарды теріп алып ойынды асықтар сәйкес түспегенше жалғастырады. Атылған сақа алшы тұра берсе, ол ойыншы ойынды тоқтаусыз жалғастырады.  Тек атыл­ған сақа тимей жатып қалғанда ғана ойынды кезектегі ойыншы жалғастырады. Жерде жатқан сақаны тек ату кезегі келгенде ғана қолға алып, сол сақа жатқан жерден атылады.

Келесі ойыншылар да сақасын қалаған жерге тастауына болады. Егер көндегі асықтар бұзылмаған болса, ол сол көнде тұрып қарсыласының сақасына атып тигізіп, ол ойыншыны келесі ойынға дейін ойыннан шеттетеді. Сондықтан жерде жатқан сақалардың арасы алыстау болғаны жөн. Сақа жатқан жерінен атылады. Сақаны сақаға қатты ату керек. Әйтпесе сақа тимей, жақын түсіп, алшы тұрмай жатып қалса, қарсыласы оның өзін ойын­нан шеттетуі мүмкін. Ойыншы қарсы­ласының сақасына атып тигізсе немесе тимей қалып алшы түссе де ойынды жалғастыра береді. Тек сақа тимей қалып жатып қалса, асық ату кезегі келесі ойыншыға өтеді. Егер ойыншы барлық қарсыластарын ойыннан шеттете алса, онда ол көндегі барлық асықтың иесі болады. Бұл ойында мақсат – қарсыласты ойыннан шеттету немесе көндегі асықтарды сәйкестендіріп алу болады. Егер көнде асық қалмаса ойын аяқталып, көннен кім қанша асық алса өзінде қалып жаңа ойын баста­лады. Егер көнде бір асық қалса  оны қорғап, көннен көп асық алғанды аңдиды. Көннен көп асық алған ойыншы болса ойынның тез аяқталғанын күтеді. Егер көннен асық алған ойыншының сақасына атып тигізсе, атқыш оны ойыннан шеттетіп, көннен алған асығын қайтарып алады. Содан соң оның өзі де аңдуға түсіп  қалады. Ойын көнге тігіл­ген асықтарға сақамен атып тигізіп, бәрін сәйкестендіріп алғанша немесе ойыншы­лар бірін-бірі ойыннан шеттетіп бір ойыншы қалғанша ойналады. Бұл ойында бір-біріне аяушы­лық бол­майды. Ойын­шылар топқа бөлін­бейді. Яғни әркім өзінше жеке  ұтысқа ие болады.

Келесі жаңа ойын да дәл солай бас­талады. Әрбір жаңа ойынның алғашқы ойынға  ешқандай қатысы болмайды. Яғни көнге тағы да асық тігіліп, ұтысқа тек сол көндегі асықтар ғана ойналады. Кезекті көп күтпеу үшін бұл ойында 4–6 ойыншы ойнағаны жөн. Бұл ойынның негізгі жөн-жобасы түсінікті болса, ойын қағидаларын жаңаша жасап, сыныптар мен мектептер арасында жарыстар өткізуге болады. Бұл ойынды жазып түсіндіргеннен гөрі ойын барысында түсіндірген ұғымды болады.

 

Бекназар ӘБСАДЫҚОВ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *