Қасына ерген серiгiн қатты сыйлайтын

Бұл дүние не боп кеттi жай түскендей. Кеше ғана емес пе едi, қазақтың қадiрлейтiн қос ақыны – Дүйсенбек пен Өтежанды жер қойнына жiбергенiмiз?! Ендi арсыз ажалдың жалғыз қазақтың ғана емес, бүкiл халықтың Қадырына ауыз салғаны қалай?!

Иә, жалған дүние дегенiң осы – кешегi бар адам бүгiн жоқ! Менiң Қадыр iнiм туралы айтарым аз емес. Соның бiреуiн ғана есiме алып отырмын. 1994 жылдың 9-наурыз күнi жасым 60-қа толып, өзiм жұмыс iстейтiн қазiргi Спорт және туризм академиясында аталып өттi. Жазушылар одағының (төрағасы Қалдарбек Найманбаев) ұйғарымы бойынша менiң мерейтойым Атырау облысында күз айында аталып өтедi деп келiсiлген екен. Менi елге алып баратын екi ақынның бiрi – Ғафу аға Қайырбеков аяқ астынан науқастанып қалды да, орнына Қадыр баратын болды.

Сонымен, қадiрлi iнiм Қадыр екеумiз тамыз айының 12-күнi түс ауа «ТУ – 34» лайнерiмен Алматыдан көтерiлдiк. Айналайын, Атамекенiм – Атырау ежелден өнердiң туын тiккен өлке ғой, бiр қора адам – арасында ансамблi бар, журналистерi бар думандатып, әндетiп, ұшақ қанатынан құшақ жая қарсы алды. Неткен мейiрiмдiлiк, неткен хошамет десеңiзшi!

Айналайын Қадекең екеумiз мұндай хошаметтi күтпесек керек. Бұл салтанатты ұйымдастырып, басы-қасында жүрген облыс әкiмiнiң мәдениет саласы бойынша орынбасары Серiк Мұханбетов кезiнде мен жұмыс iстеген төрт ауданды аралаған сапарымызда өзi бастап жүрiп, өзi басқарды. Ақ Жайық топырағына тиген алғашқы қадамымыз әуелi Балықшы ауданынан басталды да, жалғасы Исатай, Махамбет және Мақат ауданындарымен аяқталады. Бұларда өткен дүбрiлi тойдың қандай дәрежеде болғанына баға берiп жатпаймын.

Не қилы әңгiменiң майын тамызып айтатын, сөзге шебер де, шешен, теңiзше тасып сөйлейтiн Қадыр Мырза Әлi қай жерде болсын, тыңдаушылардың айызын қандырып, күлкiден ауыздарын жинауға мұрша бермедi.

Алматыға оралған соң, Қадекең екеумiз Қалдарбектiң қабылдауында болдық. Қадыр сапарымыздың барысын баяндап бердi. Сонда қайта-қайта ауызға алғаны: «Атырау халқы өз ақындарын өте жақсы көредi екен. Қайсы ауданға барсақ та, Махаңды құшақ жая қарсы алып, аймалап сүйiп, сөйлеуiне мұрша бермедi» деген сөз болды.

Бұл сөзге Қалдарбек те разы болып: «Жақсы барып қайтқан екенсiздер! Әңгiме елге барғанда ат мiнiп-шапан киюде емес қой, жазушыны халықтың қалай сыйлауында болса керек. Сапарларыңыз сәттi болған екен рахмет!» деп Қадыр екеумiздiң қолымызды алды.

Сөйткен Қадыр iнiмнен айрылып қалып отырмын. Алла-тағала алдынан жарылқасын! Адамдық, азаматтық қасиет, ақындық рухы пейiштiң төрiнде шалқысын!

Мақсұт НЕТАЛИЕВ,

Қазақстанның мәдениет қайраткерi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *