«Қасымызда отырғандай күй кештік»

Шәкен Аймановқа ескерткіш қойылды

«Алматы» қонақүйінің алдына КСРО Халық әртісі, қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен Аймановқа ескерткіш орнатылды. Талантты тұлғаның есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында орнатылған мүсіннің салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен бірқатар зиялы қауым өкілдері қатысты.

Балнұр АХМЕТ

Ізгі шарада Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек тұлғаның өнегелі өмірі мен өнер жолы ұрпаққа үлкен үлгі екенін атап өтті.

– Қазақстан Республи­ка­сының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында елімізге еңбегі сіңген атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерін өскелең ұрпаққа үлгі ретінде дәріптеу үшін ескерткіш мүсіндер орнату қажеттігін атап көрсеткен болатын. Жаңа ашылған Шәкен Аймановтың ескерткіші де Елбасы тапсырмасының орындалуының бірден-бір көрінісі, халқымыздың даңқты өнер майталманына көрсетілген үлкен құрмет. Шәкен Айманов бүкіл саналы ғұмырын қазақ театры өнерін, кино саласын қалыптастыру мен дамытуға арнаған сан қырлы талант иесі. Актер ретінде кейіпкерінің жан-дүниесін ашуға лайықты ұтымды қимыл-әрекеттер жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік-идеялық мазмұн дарытуға, ұлттық болмысымыздың бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой-толғам жасауға айрықша мән беруімен дараланды. Айма­новтың режиссерлігімен түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер», «Атамекен», «Алдаркөсе», «Тақиялы періште», «Атаманның ақыры» тәрізді фильмдер ұлттық киноның үздік үлгілеріне   айналды. Бұл туындылар әлі күнге дейін қалың көрермен сүйіп көретін кинолар қатарында. Шәкен Айманов театр саласында да еңбек етіп, көптеген спек­такльдерді театр сахнасына шығарды. Осылайша Шәкен Айманов қазақтың сахна мен кино өнерінің қалыптасуына өлшеу­сіз үлес қосып, өшпес із қалдырды. Бұл ескерткіш біртуар талантты тұлға – Шәкен Аймановтың есімін ел жадында мәңгіге қалдырудағы игілікті істердің жалғасы болып табылады.  Халқымыздың ардақты перзенті Шәкен Аймановтың бейнесі өзі сомдаған кейіпкерлер кейпінде жылдармен жаңарып, ғасырдан ғасырға жалғасып, халқымен бірге жасай бермек. Оның өнегелі өмірі мен туындылары халқымыздың игілігіне қызмет ете береді, – деді қала басшысы Бауыржан Байбек.

Еліне еңбегі сіңген тұлғаға лайықты құрмет көрсету, есімін ел жадында қалдыру – елдіктің үлкен белгісі. Алматы қаласында КСРО Халық әртісі Шәкен Айманов тұрған үйге, «Қазақфильм» киностудиясы ғима­ратына 1971 жылы ескерткіш тақта орна­ты­лып, 1972 жылы есімі қала орталы­ғын­дағы көшеге берілген. 1984 жылдан бастап «Қазақ­фильм» киностудиясы Шә­кен Айма­нов есімімен аталды. Киностудия аума­ғына мрамор бюст қойылып, Шәкен Айманов музей кабинеті ашылған. Алматы қала­сында 2003 жылдан бастап ұлттық кино өнерін дамытуға және дарынды кино­герлерді насихаттауға арналған «Шәкен жұлдыз­дары» халықаралық кинофестивалі өткізіліп келеді. Мұның барлығы да халық­тың ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленген өнер тұлғасына деген мемлекет тарапынан жасалған сый-құрметтің көрінісі.

Шаһар басшысының айтуынша, соңғы жылдары Елбасының тапсырмасы бойын­ша қаламызда ел тарихынан сыр шертетін 1931–1933 жылдардағы ашаршылық құр­бандарына және Чернобыль атом электр станциясындағы апатпен күресте қаза болғандарға, көрнекті қазақ энергетигі Шапық Шөкинге ескерткіш ашылып, еліміздің көркеюіне еңбегі сіңген 60-тан астам тұлғаның тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылған. Ал алдағы уақытта Төле­ген мен Қыз Жібекке, Шәмші Қалдаяқовқа және Балуан Шолаққа ескерткіш орнату жоспарланған.

Қазақ өнерінің шоқтығы биік тұлғасы­ның құрметіне қойылған мүсіннің «Алма­ты» қонақүйінің аумағына орнатылғаны кездейсоқ емес. Мыңжылдық тарихы бар шежірелі шаһарымыздың орталығында орналасқан бұл қонақүйде Шәкен Айма­новтың «Тақиялы періште» туындысы түсірілген болатын. Биіктігі бір метр болатын қола мүсіннің авторы – Нұрлан Далбай. Мүсіншінің туындыны жасауына бір жыл уақыт кеткен.

Салтанатты іс-шарада Қазақстанның Еңбек Ері, актер Юрий Померанцев, белгілі ақын Олжас Сүлейменов және басқа да қоғам қайраткерлері тұлға туралы жүректегі жылы лебіздерін жеткізді.

 

Асанәлі ӘШІМҰЛЫ, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреа­ты:

Өмірдегі әрі өнердегі ұлағатты ұстазым

— Шәкен Айманов – менің өмірдегі әрі өнердегі ұлағатты ұстазым еді. Талантты тұлғадан актер ретінде де, адам ретінде де көп үйрендім, тағылым алдым. Оның диапазоны кең еді, адамдармен тіл табы­сатын қасиетімен, жұмыс істеу қабілетімен ерекшеленетін еді. Қарапайым ауыл адамдарымен қатар, Еуропаның дарынды тұлғаларымен де тіл табыса алатын қасиеті бар болатын. Кезінде Мәскеуде І Дүние­жүзілік кинофестиваль аясында мейрам­ханада ұйымдастырылған іс-шарада дүние жүзіне белгілі Элизабет Тейлормен билеп, І орын алғанына куә болдым. Шәкен Айма­нов Шекспирдің 400 жылдығында Англияға барған кезде әйгілі актер Лоренс Оливье тәрізді ұлы актермен жақын таны­сып, достасқан. Лоренс Оливье өзі көлік айдап, Шәкен Аймановқа қаланы аралат­қан. Оған өзінің жұмыс кеңсесін көрсеткен екен. Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожам­құлов, Елубай Өмірзақов тәрізді ұлттық театр өнерінің негізін қалаушы даланың академиктері оның ұлағатты ұстаздары болды. Бұл ізгі істі жүзеге асырған ұйым­дастырушыларға және Алматы қаласының әкіміне алғысымыз шексіз. Бұл игі іс-шара іргелі де ізгі істің бастамасы болар деген үміттеміз.  М.Әуезов атындағы Қазақ мем­ле­кеттік академиялық драма театрының алдындағы алаңға ұлттық театр өнерінің негізін қалаған корифейлерге де ескерткіш қойылса деген тілегіміз бар.

 

Бибігүл  ТӨЛЕГЕНОВА, КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері:

Қасымызда отырғандай күй кештік

— Бұл біз үшін өте қуанышты күн. Шәкен Айманов қасымызға келіп отырғандай керемет күй кештік. Мен Шәкен Айманов­тың адамгершілік асыл қасиеттерін айрық­ша атап өткім келеді. Оның кинофильм­деріне түскен кезде айналасындағы адамдарға даусын көтеріп, айқайлағанын, қабағын шытқанын мен ешқашан көрген емеспін. Ол кезде қазіргідей емес қой. Түсірілім жұ­мыстары кезінде ашық аспанда айналаға нұр шашқан күнді түсіру үшін шығарма­шылық топ ұзақ күтетін. Кейде көк жүзі­нен күн көрінбеген кездері түсірілім тобы шыж-быж болып жатса, Шәкен Айманов домбыра тартып, ән салатын немесе шах­мат ойнайтын. Шәкен Аймановтан үйре­нетін үлгі-өнеге көп болатын. Өкінішке орай, ол арамыздан ерте кетті. Оның туын­дыларына тарих тұнған. Бүгінгі жастарға Шәкен Айма­новтың өнердегі өнегелі жолын берсін! Еліміздегі бұл игі бастама жарасымды жалғаса берсін!

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *