Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: САЙЛАУ ӘДІЛ ӘРІ АШЫҚ ӨТТІ

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауының қорытындылары белгілі болғаннан кейін баспасөз конференциясын өткізу үшін БАҚ өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы   журналистердің  сайлау күні аясында  Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында өткен митингке қатысушылардың әрекеттерін  бағалау, Президентті ұлықтау рәсімінің  қашан өтетіні, үкіметтің алдағы тағдыры, жемқорлықпен күрес туралы және басқа да  сауалдарына  жауап берді.

 

«Сайлаудың ашық түрде өтуі үшін барлық шаралар қолданылды»

–  Біздің мақсатымыз – даму мен әділетті мемлекет. Сайлауға келуге ешкім мәжбүрлемеді. 9 маусымда сайлау әділ өтті, қазақстандықтар азаматтық міндетіне бей-жай қарамайтынын көрсетті, – деп мәлімдеді  Мемлекет басшысы.  –  Сайлау әділ әрі ашық өтті деп есептеймін. Сайлауға жеті үміткер түсті, тең жағдай жасалды. Қазақстан Президенті ретіндегі менің тарапымнан бұл сайлаудың әділ, ашық, таза өтуіне барлық жағдай жасалды», деген Қасым-Жомарт Тоқаев  сайлауға қатысқан және өзіне дауыс берген барлық қазақстандықтарға алғыс айтты. Ол сайлау қорытындысына көңілі толатынын атап өтті. «Бұл маған артылған үміт, енді алдағы бес жылда бұл үмітті ақтауым керек», – деді Президент.

 

9 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматы  қалаларында өткен заңсыз митингтер  туралы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан мен Алматыда өткен митингілерге қатысты пікір білдірді. «Рас, Алматы  мен  елордада өз пікірлерін білдіріп, көшеге шыққан, наразылық шараларына қатысып, тағы басқа әрекеттер жасағандар болды. Бірқатар азаматтар өз көзқарастарын білдіру үшін көшелерге шықты. Қазақстанда өз еркін білдіру мүмкіндігі толық көлемде бар. Кейбір азаматтардың өздерін лайықсыз ұстап, полицияны арандатқаны үшін полицейлер шара қолдануға мәжбүр болды. Үш полицей демонстранттар әрекетінен жарақат алып, ауруханаға түскен. Менің тарапымнан органдарға барынша ұстамды  болу, сабырлылық таныту   туралы өтініш болды және болашақта да олар өздерін дәл осылай ұстайтын болады», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев наразылық білдірушілерді  диалогқа шақырды. «Наразалық шаралары жайлы айтатын болсақ, бұл жағдайда диалог форматын қолдануды ұсынамын.

Мен осыған дейін Қоғамдық сенім комитеті құры­латыны жайлы айтқан болатынмын, ол комитетте қоға­мымыздың түрлі өкілдері  болады  және  онда  біз  өзара  пікір  алмаса аламыз. Менің позициям – пікірлер әр түрлі болуы мүмкін, бірақ біз бір ұлтпыз. Түрлі пікірлер болға­нымен ұлт   біртұтас», – деді Президент. Ол кейбір азамат­тардың өздерін лайықсыз ұстап, полиция қызметкерлерін арандатқанын және нәтижесінде оларға қатысты қажетті шаралардың қолданылғанын атап өтті. «Өкінішке қарай, кейбір  азаматтар заңсыз әрекеттерге барып, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз қызметін лайықты әрі кәсіби тұрғыда атқарған полиция қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді», – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтеді

Мемлекет басшысы егер Орталық сайлау комиссиясы  осы уақытқа дейін президенттік сайлаудың қорытындысын жариялап, ресми есепті жариялап үлгерген жағдайда, Инаугурация  рәсімі 12 маусымға жоспарланып отырғанын  айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев ірі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 14 маусымда Бішкекке, одан әрі қарай  Душанбеге ұшатынын мәлімдеді. «Бұл іс-шараларға Қазақстан Президенті толық өкілеттікке ие болып қатысуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.

 

Үкіметтің алдағы тағдыры туралы

Брифинг барысында Қазақстан Үкіметінің алдағы тағдырына қатысты  да әңгіме өрбіді.  «Үкіметтің тағдыры не болмақ? Кадрлық өзгерістер болған жағдайда,  жақында өзіңіз  Twіtter желісіндегі парақшаңызда жазғаныңыздай, «мемлекеттік қызметке жастарды тарту керек» деген ескертулеріңіз назарға алына ма?» деген сауал қойды  КТК телеарнасының  тілшісі. Мемлекет басшысы  жастардың үкімет жұмысына тартылатыны  жөнінде  айтты. «Үкі­мет­тің құрамына жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар тарты­лады. Мен құрамына 300 адам кіретін Президенттік кадрлық тізім даярлауға уәде бергенмін. Біз бұл тізімді жаңартатын боламыз. Қазақстанның болашағы жастардың қолында», – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Жемқорлықпен қазір күреспесек, кейін кеш болады

Журналистердің  «Қазақстанда жемқорлықпен қалай күресуге болады?» деген сауалына орай Мемлекет басшысы: «Жемқорлық – жаман індет, онымен қоғам, ұлт болып күресуіміз керек. Қазір күреспесек, кейін кеш болады. Тарихтан да ірі мемлекеттердің жемқорлық үшін қалай құлдырағанын білесіздер. Біз жемқорлық жайлы қашан да ашық айтамыз, ол біздегі үлкен проблема және ол біздің қауіпсіздігімізге қауіп төндіреді. Менің басты мақсат­тарымның бірі – жемқорлықпен күресу. Бізде мамыр айында үлкен жиналыс болды, біз енді нақты шараларды қолға алып, халықпен жұмыс істейміз деген ойдамыз», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

«Көршілерімізбен ынтымақтастығымызды дамытуға айырықша көңіл бөлетін боламын»

Қазақстан Президенті журналистер алдында  өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.  «Мен 14 маусым күні ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға, одан әрі  АЫКШ саммитіне Тәжікстан, Душанбеге баруды жоспарлап отырмын. Бұлар ауқымды іс-шаралар. Жалпы, біздің жақын көршілеріміз – Ресей Федера­циясы, Қытай Халық Республикасы, Орта Азия  ел­дерімен ынтымақтас­тығымызды  дамытуға айырықша  көңіл бөлетін боламын», – деді Мемлекет басшысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *