Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛУЫ ТИІС

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев  Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді. Жиынға Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің Басшысы, Үкімет мүшелері, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардың әкімдері, Қазақстан Президентіне тікелей бағынышты орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырысты ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы бірінші жартыжылдықтағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталды: «Қаңтар-маусым аралығында жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздік деп айтуға болады. Атап айтсақ, экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады. Инфляция­ның жылдық көрсеткіші 5,4 пайыз болды. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 11,7 пайызға өсті. Әрине, аталған экономикалық көрсет­кіштердің барлығы халықтың тұрмысына оң ықпал етуі тиіс, – деді ол.

Жиын барысында Премьер-Министр А.Мамин, Ұлттық Банктің төрағасы Е.Досаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р.Скляр, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров, Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов және Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев баяндама жасады.

Қазақстан Президенті спикерлердің назарын банк секторындағы мәселелерге, қиын жағдайға тап болған азаматтардың тұтыну кредиттеріне қатысты қарыз жүктемелерін төмендету шараларын жүзеге асыру міндетіне аударды. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет көрсету және тұрғын үй қорын басқару мәселелері бойынша тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымдардың көптігін атап көрсетті.

«Халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі»

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің баяндамасына тоқталып, өз тапсырмасы бойынша қажетті қаржы бөлінгенін айтты: «Уақыт өте тығыз. Біз бұл жұмыстарды қысқа мерзім ішінде аяқтауымыз керек. Еліміздің азамат­тары, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, өңірлер, отандық бизнес  және бірқатар шетелдік инвесторлар зардап шеккендерге материалдық және моральдық қолдау көрсетті. Бұл – халқымыздың береке-бірлігінің арқасы және тұтастығымыздың көрінісі. Бәріне зор ризашылығымды білдіремін», – деді Мемлекет басшысы.

 

Президент Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады

Президент  Қорғаныс министрлігіне әскери қойма­ларды көшіру жұмыстарын шұғыл түрде бітіру қажет екенін айтты. Арыстағы жарылысқа кінәлілердің барлығын жазалауды тапсырды. Сондай-ақ, әскери ведомствоға бақылауды әлсіреткені және жарылысқа жол берілгені үшін Қорғаныс министрі Н.Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады.

– Қазір оқиғаны зерттеу үшін арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Комиссия жұмысының қоры­тындысы бойынша, Президент Әкімшілігі мен Қауіп­сіздік Кеңесі кінәлілердің бәрін қатаң жазалау жөнінде ұсыныс енгізуі қажет. Бұл қауіптілігі жоғары нысандарға жақын жерге құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берген азаматтық мемлекеттік қызмет­шілерге де қатысты. Кінәлілердің бәрі қатаң жауапқа тартылып, жазалануы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті 20 тамызға дейін басқа да осындай нысандарға егжей-тегжейлі талдау жасау үшін Қорғаныс министрлігіне, сондай-ақ, төтенше жағдайларды жоюға жауаптылардың функционалдық дайындықтарын және қызметтің тиімділігін арттыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді.

 

Жұмыс орындарын ашу – маңызды мәселе

«Ең маңызды мәселе – жұмыс орындарын ашу. Осы көрсеткіш бірінші қатарда болуы керек.  Бұл –  азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру, экономика­ның тұрақты өсімін сақтау деген сөз.  Баршаңыз жақсы білесіздер, мен сайлауалды бағдарламаны және «Бірге» жалпыұлттық акциясы аясында жұртшы­лықтан келіп түскен ұсыныс-пікірлерді  жүзеге асыру жөнінде іс-шаралар Жоспарын бекіттім. Үкімет және әкімдер осы бағытта нақты шаралар қабылдауы тиіс. Қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар», – деді Президент.

 

Шетелдіктерге жер сатылмайды

Мемлекет басшысы  жерді тиімді пайдаланудың өзектілігіне тоқталды.  Ауыл шаруашылығы министр­лігі жүргізген  инвентаризация  нәтижесінде  16,5  млн. га. пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері  бар екені анықталған. Осыған орай, Үкіметке  бүкіл ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізу және  жер кадастрының  ақпараттық жүйесін цифрландыру, ауыл шаруашылығы жерлерінің  тиімді  пайдаланылуына бақылауды күшейту тапсырылды. Жердің сол жерде  жұмыс істейтіндерге тиесілілігі қадап айтылды. «Жер кодексінің жекелеген  норма­ларына  мораторийдің (ауыл шаруашылығы жерлерін сату мен жалға беру) 2021 жылы аяқталуына орай  біз бұл мәселеге байланысты нақты шешім қабыл­дауымыз керек… Шетелдіктерге келсек, жер оларға сатылмайды. Бұл жерде толық айқындылық болуы қажет», – деді Қазақстан Президенті.

 

«Жастар жылының игілігін, ең алдымен, жастардың өздері көруі керек»

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы осы жылды Жастар жылы деп жариялағанын атап өтіп, жастармен қоғам­дық-идеологиялық жұмыс жүргізу – өте маңызды міндет екеніне тоқталды.  «Жастар – біздің болаша­ғымыз. Жастар жылының игілігін, ең алдымен, жастар­дың өздері көруі керек. Жастарға баспана қолжетімді болуы тиіс. Олардың жолы ашық болуы керек, жақсы, сапалы өмір сүруі үшін мүмкіндіктер беруіміз қажет. Міне, Үкіметтің бастамалары, ең алдымен, осы міндеттерді назарға алуы тиіс. Бірақ мынаны ұмытпауымыз керек. Ең басты міндет, «дайын асқа тік қасық» дегендей, жастарға бақытты өмірді жасап беру емес, оларға өз бақыттарын өздері тауып, мақсат­тарына жетуге жағдай жасау өте маңызды. Келесі жыл Жастар жылының жалғасы ретінде Волонтерлер жылы болады. Жастарымызды белсенді волонтерлік жұмысқа тарту қажет. Бірақ олар бұл жұмысқа тек несиелер  мен оқудағы жеңілдіктер үшін емес, өздері­нің жүрек қалауымен, шынайы ниетімен келуі тиіс. Қостанай форумында жүзеге асырылған Эко-чел­лендж біздің жастарымыз сындарлы бағытта белсенділік танытуға дайын екендіктерін көрсетті. Оларға дәл осындай мүмкіндікті беру керек. Мұндай жұмыстардың саяси мән-маңызы зор. Жастар жылы аясында қабылданатын шаралардың тиісті жол картасы бекітілді. Осы тұста жастардың бастамала­рына және үкіметтік емес ұйымдарға гранттық қолдау көрсетуге қатысты жұмыстарға Ақпарат және қоғам­дық келісім министрлігі жауап береді», – деді Мемлекет басшысы.

 

Ұлттық мүдделерді қорғау – мемлекеттік органдардың басты бағдары

Қазақстан Президенті азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлу қажеттігін ескертті. «Биыл 4 маусымда Атырау қаласында мен бірдей жұмыс атқаратын жергілікті және шетелдік жұмысшыларға лайықты жалақы төлеп, әділеттілікті сақтауды тапсырдым. Үкіметке осы мәселенің анық-қанығына жетіп, шешуді тапсы­рамын»  деген Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшы­сына осы жағдайды егжей-тегжей зерттеуді, соның ішінде жұмысшылардың еңбек жағдайы мен жалақы­сына байланысты сараптама жасауды тапсырды. Егер инвесторлармен жасалған келісім-шарттарға өзгер­тулер енгізу қажет болса, бұл мәселені күн тәртібінде ұстау қажеттігін қадап айтты. «Әрине, бұл оңай шаруа емес, түсінемін. Дегенмен, бұл мәселені шешу қажет. Себебі, ұлттық мүдделерді қорғау – барлық мемле­кеттік органдардың басты мақсаты. Сонымен қатар, қазақстандық мамандар мен жұмысшылардың тиісті біліктілікке ие болуына, олардың еңбек тәртібін сақтауына баса назар аудару қажет», – деді Қ.Тоқаев.

Алқалы жиында баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы Үкіметтің, Ұлттық банктің және өңірлер әкімдерінің жұмыстарына оң баға берді. Өзінің  қорытынды сөзінде Президент бағдарламалық құжаттар мен сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылу тиімділігін арттыру қажеттігін айтты. Соны­мен қатар, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жасалған Үкіметтің жобалық офисінің жұмы­сымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жобалық офисті ұйымдастырудың негізгі жолдары, басым бағыттары, мақсаттары мен міндеттері жөнінде мәлімет берілді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *