Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «ӘБІШ КЕКІЛБАЙ – АДАМЗАТТЫҚ БОЛМЫСТЫҢ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙІНЕ КӨТЕРІЛГЕН БІРТУАР ТҰЛҒА, ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛЫ ПЕРЗЕНТІ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтау қаласына жұ­мыс сапармен барып, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80 жылдық мерейтойы аясында орнатылған ескерткіштің ашылу рәсіміне қа­тысты. Ел Президенті қалам­гердің мүсінін салтанатты түрде ашып берді.

Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлының ерен еңбегі қандай құрметке де лайық еке­нін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев заңғар жазушы, аса көр­некті мемлекет және қоғам қайрат­керінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға деп бағалады.

– Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адам­заттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. Халқымыздың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – барша­мыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақтар көбірек болса екен» деп Әбіш ағаға ризашылық білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таң­дайы» деп атады,– деді Қазақстан Президенті.

«Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді»

Мемлекет басшысы «Қазақ­станның Еңбек Ері» атағына ие болған тұңғыш қаламгердің әдебиет әлеміне келгеннен бастап ұлттық сананы сақтау үшін мол үлес қосқанына, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді және төл мәдениетімізді дәріптеп, халқына адал қызмет еткеніне тоқталды. Ұлттық болмыс пен ұлттық рух Ә.Кекілбай шығармашылығының діңгегіне айналғанын айтты.

– «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді, – деп баға берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

«Қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі»

Президент мемлекетіміздің жетістіктері қаламгердің ұлт тағды­ры туралы мақалаларында толық көрініс тауып, қоғамның шынайы сипатын танытқан Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзі ха­лық­тың рухани азығына айнал­ғанын, заңғар жазушының туын­дыларына тарих пен тәуелсіздіктің арқау болғанын тілге тиек етті.

– Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шексіз, бірегей және әмбебап. Әбіш Кекілбай – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмей­тұғын артында сөз қалдырған» дейді. Әбіш Кекілбайдың шығар­малары ғасырдан-ғасырға ұласа­тын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлының ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері екенін, Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор деп атап өтті. Жазушының еліміз­дегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бө­лен­генін, Жоғарғы Кеңес төр­ағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты.

– Әбіш Кекілбай Тәуелсіз­дігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені, ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді. Көрнекті қайраткер егемен елі­міздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады, – деді Мемлекет басшысы.

 

«Барша жұртқа ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен тұлға»

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы ел мүддесін бәрінен де биік қойған нағыз патриот, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат, барша жұртқа ұлтжанды­лықтың озық үлгісін көрсеткен тұлға екенін айта келе, қазіргі қазақстандық патриотизм үш тұғырға негізделуі керек деп санайтынын мәлім етті.

– Бірінші, патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады. Хал­қы­мыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды. Түп-тамырымыз мыңжылдықтарға ұласады. Мұны мақтаныш сезіммен айту – парыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, ол тарихымызға қатысты көптеген деректерді жарыққа шығару қажеттігіне, азаттық үшін күрескен арыстары­мыздың есімін ұлықтау арқылы азаматтарымыздың, әсіресе, жас­тардың бойына отаншыл­дықты дарыта алатынымызға мән берді.

– Екінші, патриотизм мемле­ке­тімізді және мемлекеттік институттарды құрметтеуден басталады. Мемлекетіміздің қазіргі құндылықтарын бағалау – баршамызға ортақ міндет. Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныш­тық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз. Көпші­лік, әсіресе, жастар мемлекет болмаса, ұлт болмайтынын ұғын­ғаны жөн. Бүгінгі буын түрлі қауесеттің жетегіне ермей, ел ірге­сінің бүтіндігін сақтауға атсалы­суы керек,– деді Қазақстан Пре­зиденті. Ол  «Қазақстан патрио­тизмі» ұғымы бәріміз үшін ұлттық құндылық болуы қажет екеніне, бүкіл идеология Отанды шексіз сүюге бағытталу керекті­гіне тоқ­талып, еліміздегі жастар ұйым­дарын осы игі бастамаға жұмы­луға шақырды.

– Үшінші, біздің мақсатымыз – ең дамыған мемлекеттердің қата­рына қосылып, әлемдегі лайықты орнымызды алу. Отан­сүйгіштік – жәй ғана ұран тастау емес. Қазіргі таңда бұл білім алу, ғылымға ұмтылу, инновация мен технологияны игеру арқылы жүзеге асады. Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің заманы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

«Қазақ зиялыларының салмақты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы»

Президент жастарымыз Қазақ елін бүкіл дүние жүзіне танытатын жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға талпынуы керек деді. Сонда ғана отаншыл, ұлтжанды ұрпақты жаңа геосаясат, геоэко­но­мика жағдайына бейімдей алатынымызды айтты. Қазақстан патриотизмі осындай үш тұғырға негізделсе, тәуелсіздігіміздің нығайып, еліміздің жарқын бола­шағына жол ашатынына тоқтал­ды. Қазақ зиялыларының сал­мақ­ты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы деп ерекше екпін берді.

– Бүгінгі күні зиялы қауым­ның маңызды міндеті өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөз соңында Әбіш Кекілбайұлының «Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген сөзі әрдайым есімізде тұратынын айтып, жазушының мол мұрасы, өнегелі тағылымы осы мақсатқа қызмет ете беретініне сенім білдірді.

 

«Әбіш Кекілбайұлы мәдени орталығы» ашылды

Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев  Әбіш Кекілбайұлының аты беріліп, жаңа ғимаратқа көшкен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмы­сымен танысты. Ол сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ әкімдігіне музей құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әбіш Кекілбайұлы атын­дағы Маңғыстау облыстық тари­хи-өлкетану музейі заңғар жазу­шының 80 жылдық мерейтойы аясында  пайдалануға берілді.

Жалпы, бұл кешен «Әбіш Кекілбайұлы мәдени орталығы» деп аталады. Онда Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі­нен бөлек, кітапхана мен облыстық музыкалық-драма театрдың ғимараты да салынады. Кешеннің құрылысы биылғы қаңтар айында басталған. Толық аяқталуы 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Оның жалпы аумағы 10,6 гектар жерді құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық музей­дің жаңа ғимаратын аралап көрді. Естелік кітапқа тілегін жазып, қолтаңба қалдырды.

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *