Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: «АЗИЯ АЛЫБЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘДЕБИ СЫЙЛЫҒЫН ТАҒАЙЫНДАҒАН ЖӨН

Мемлекет басшысы Азия қаламгерлерінің І форумына қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет өтіп отырған Азия қаламгерлерінің І форумына қатысушы­ларды құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Серік ЖҰМАБАЙ

Мемлекет басшысы өз сөзінде халқымыздың рухани мұраларын сақтап, ұлттық тарихын зерттеуге, мәдениетін жан-жақты қолдауға әрдайым баса мән беретінін айтты. Сондай-ақ, бүгінде қазақ әдебиеті әлем әдебиетінің даму көшіне қосылғанын атап өтті.

– Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Қазақ қаламгерлерінің туын­дылары арқылы дүние жүзі жұртшылығы ұлттық руханиятымызды танып-білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар 5 құрлықтағы 90-нан астам елге, яғни екі жарым миллиард оқырманға тарайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, Азия – ұлы өркениеттердің дүниеге келуіне, өркен жаюына, қалыптасуына куә болған көне құрлық. Араб, парсы, қытай, үнді өркениеттері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі.

– Қазір Ұлы Жібек жолының экономи­калық мән-маңызы ғана көбірек айты­ла­ды. Шын мәнінде, оның тұтас өрке­ниет­терді тоғыстыратын күшке ие болғаны ескеріле бермейді. Бүгінде Азияның озық экономикасымен бірге әдебиеті, өнері, білім жүйесі де алдыңғы қатарға шықты. Азия халықтарының сөз өнері бай, тамыры тереңде, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Азия әдебиетін одан әрі дамыту үшін бірқатар маңызды мәселелерге қаламгерлердің назарын аудартып, арнайы сыйлық тағайындау туралы ұсыныс білдірді.

– Азия қаламгерлері форумы шығар­машыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толған­дырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындаған жөн, – деді  Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құру туралы ұсыныс айтты.

Азия қаламгерлерінің І форумы әлемнің 300 ақын-жазушысының басын қосты. Олардың арасында Азияның 38 елінен келген Нобель сыйлығының номинанттары, халықаралық Букер және ASEAN сыйлықтарының лауреаттары, өңірлік және ұлттық сыйлықтардың иегерлері бар.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *