Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: АЛМАТЫ ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАРДЫҢ ҚАЛАСЫ

Мемлекет басшысы оңтүстік мегаполисті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Ол жастарға қолдау көрсетуге айрықша назар аудару керектігін атап өтті.

Жұмыс сапарлары
Екі күндік жұмыс сапарымен Алматыға келген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оңтүстік астананың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты жиын өткізіп, бірқатар нысандарды аралады. Президент жаңа Алматы бағдарламасының тұсаукесерімен танысып, «Балалар үйінің» тәрбиеленушілеріне пәтер кілтін табыс етті, Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңеске қатысты.Сонымен қатар «Tech Carden» инновациялық кластерінің жұмысымен, Инвестиция үйінің тыныс-тіршілігімен танысты. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барып, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын аралады.
Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, сондай-ақ, экологияны қорғау әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіш екенін айтты.

Алматыда жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ға төмендеген

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Алматы қаласын дамытуға арналған алқалы кеңесте шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев биылғы жылдың 9 айындағы дамудың негізгі нәтижелеріне және қаланың алдында тұрған түйінді мәселелерге тоқталып өтті.
— Соңғы көрсеткіштер әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын көрсетіп отыр. Алғашқы жартыжылдықта жалпы өңірлік өнімнің өсімі 4,1%-ды құраған. Өнеркәсіп 5,9%-ға, инвестиция – 5,5%-ға, құрылыс — 3,1%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру — 2,8%-ға өскен. «Инфляция 3,3%-дан аспайды.Жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ға дейін төмендеді. Жыл басынан бері 29,2 мың жаңа жұмыс орны ашылған.Салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін салық өткен жылға қарағанда 12,4%- ға көп жиналды,- деді Бақытжан Сағынтаев.

Президент Алматы әкіміне нақты тапсырмалар берді

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкіміне қаладағы әлі де толық шешімін таба алмай отырған өзекті мәселелерді шұғыл түрде реттеуді тапсырды.Бұл ретте әсіресе білім мен денсаулық салаларындағы түрлі түйткілдердің түйінін тарқату маңызды. Әсіресе, апатты жағдайдағы мектептерді анықтап ретке келтіру, балабақша мәселесін жолға қою, шаһардағы көлік кептелегі мен экологиялық ахуалды реттеу кезек күттірмей шешімін табуы қажет.
Күн санап аумағы өсіп жатқан алып мегаполистегі мәдени нысандардың саны мен сапасын арттыру мәселесіне көңіл бөлу керектігін айтқан Президент қаладағы Алатау, Наурызбай аудандарындағы халықтың инфрақұрылымдық қажеттіліктерін қанағаттандыруды тапсырды.
Шаһарда әлі де жарықтандырылмаған көшелер бар екенін, арық жүйесін жетілдіру ісін жіті қолға алу керектігін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы басқа да бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Алматы қауіпсіз қалаға айналуы тиіс

Қасым-Жомарт Тоқаев өкінішке орай Алматы ел аумағында қылмыс саны бойынша алдыңғы орында тұрған қала екенін айтты.«Өкінішке орай, Алматы қылмыс бойынша көш бастап тұр. Бұл көрсеткіштер адам санының көптігіне байланысты екені түсінікті. Дегенмен, бұл проблеманы тез арада тойтару керек. Осы салғырттықтың салдарынан қазақ спортының жарық жұлдызы Денис Теннен көз жазып қалдық», деді Президент.
Сын түзелмей мін түзелмейтінін айтқан Мемлекет басшысы сондай-ақ «Іле Алатауы» ұлттық паркі аумағындағы жеке тұлғаларға заңсыз берілген жер телімдерін анықтап шара қолдануды, студенттер үшін жатақхана тапшылығы мәселесін түбегейлі реттеуді тапсырды.«Алматы жалынды жастардың қаласы» деген Президент, жастарға сан бағытта қолдау көрсетуге айрықша назар аудару керектігін атап өтті.

«Алматы – 2050» даму стратегиясымен танысты

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Алматы – 2050» даму стратегиясының жобасын таныстырды.
Аталған бағдарлама бойынша Алматы қаласын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың тұрмысын жақсарту, қауіпсіз қала қалыптастыру, шаһардың шеткері аймақтарының инфрақұрылымын дамыту және басқа да көптеген маңызды мәселелер атқарылады. Сондай-ақ Алматы агломерациясы аумағының даму барысы да қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев баспана кезегінде тұрған, асыраушысы жоқ 12 балаға пәтер кілтін табыс етті.
–Баршаңызға жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! Баспана мәселесі әрдайым мемлекеттің назарында болады. Еңбектеріңіз табысты болсын! — деді Мемлекет басшысы. Жалпы Алматы қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаж осындай 51 адамға тұрғын үй салынып жатыр.

«Tech Garden» инновациялық кластер орталығының
жұмысымен танысты

Президентке инновациялық кластер орталығында орналасқан 4 технологиялық лаборатория, 50-ден аса IT компаниялар мен бірқатар стартап жобалар туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Инновациялық кластердің жұмысына 284 ұйым біріктірілген. Олардың қатарында 23 жоғары оқу орны, 25 ғылыми зерттеу орталығы, 2 технопарк, 1 даму институты, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағына қарасты 166 компания, 1 бірлескен инвестициялық қор және 66 ұйым бар.
Мемлекет басшысы «Tech Garden» орталығының жұмысын жоғары бағалап, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

Президент «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы»
қоғамдық бірлестігіне барды

Мемлекет басшысы «Мүгедек балалар ата-аналарының ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің БЦСА балаларға арналған белсенді оңалту және ерте жастан қолдау орталығына барды.
Бұл Орталық мүгедек балалар мен қимыл-тірек аппаратында ақауы бар 18 жастан асқан адамдар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсетуге мамандандырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев оңалту бөлмелерін аралап көріп, қызметкерлермен әңгімелесті. Мемлекет басшысына балалар мүгедектігінің алдын алуға, БЦСА-мен ауыратын балаларды көпжақты оңалтуға және жан-жақты әлеуметтік тұрғыдан жетілдіруге бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды.
Президент аталған жобаның ізгі мақсатын атап өтіп, оны бүкіл республика көлемінде таратудың маңыздылығын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мұндай мекемелерді мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетіктерінің және демеушілердің қаржысына ашу қажет. Мемлекет басшысы Орталыққа арнайы жабдықталған шағын автобус тарту етті.

Қазақстан Президенті «Инвестиция үйіне» барды
Мемлекет басшысына Алматы қаласындағы «Инвестиция үйінің» негізгі қызметтері жайында мәлімет берілді.
Қазақстан Президентіне кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Qoldaý» орталығының, «Almaty Finance», «Almaty» микроқаржы ұйымдарының бизнесті өркендету бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндалды.
Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған орталықтарды аралап көрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған бастамалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.

Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетіне барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Жағдаяттық басқару орталығының жұмысымен, жоғары оқу орнының цифрлық технологияны енгізу жөніндегі жетістіктерімен, сондай-ақ бизнес-құзыреттілікті дамыту кластерімен танысты. Студенттік кампус аумағында орналасқан «Керемет» қызмет көрсету орталығын аралап көрді. Бұл орталық «бір терезе» қағидаты бойынша студенттер мен оқытушыларға 500-ден астам қызмет түрлерін ұсынады.

«Алматының атқарар рөлі өте маңызды. Қалада басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыс атқарылып жатыр»
Мемлекет басшысы оңтүстік мегаполис туралы осылайша ой өрбітті. «Қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту – күн тәртібінен түспейтін міндет екенін ұмытпағанымыз жөн, – деген ол Алматыны дамытудың бірқатар нақты міндеттерін атап өтті.
Президент бизнес пен инновацияны дамыту есебінен қала экономикасының жоғары өсімін қамтамасыз етудің маңыздылығын басты міндет ретінде айтты. Аталған бағыт бойынша қаладағы атқарылған жұмыстарға тоқталған Мемлекет басшысы қаланың индустриялық аймағында 33 компания тіркелгенін және 156 миллиард теңгеден астам инвестиция салынғанын мысалға келтірді. Қала әкіміне индустриялық аймаққа, әсіресе, жоғары технологиялық және экспортқа бейімделген жаңа жобалар тартуға кеңес берді. Шаһардағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының әлеуетін пайдалануды, қаладағы бизнес ахуалды жақсарту және оның инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету, түрлі кедергілерді алып тастау міндеті қала әкімдігінің мойнында қала береді

Президент шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін проблемаларды шешудің маңыздылығын атап өтті.
– Кәсіпкерлерге жүргізілген сауалнама нәтижесінде көптеген көрсеткіштер бойынша қала жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігі, сыбайлас жемқорлықтың таралуы, тексерулердің негізділігі жөнінен артта қалып келеді. Шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсету, түрлі кедергілерді алып тастау міндеті қала әкімдігінің мойнында қала береді. Алматы еліміздің басты іскерлік орталығы мәртебесін сақтауы тиіс, – деді Президент.

Тамақ өнімдерінің, ең алдымен, нан мен ет өнімдерінің қымбаттауына жол бермеу керек

Мемлекет басшысы тамақ өнімдеріне, ең алдымен, нан мен ет өнімдеріне қымбаттауына жол бермеу керектігін айтты.
– Азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуі біздің экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші болып табылатынын мойындау керек. Мысалы, сыртқы нарықтарда конъюнктураның нашарлауына сілтеме жасау мүлдем орынсыз. Үкімет экономика өсімінің жаңа тетіктерін құру үшін қосымша шаралар әзірледі. Бұл шараларды мен арнайы кеңесте мақұлдадым. Оларды шұғыл түрде жүзеге асыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуі тиіс

Президент тағы бір маңызды міндет ретінде қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын айтты. Ол жұмыссыздық проблемасын, медициналық қызмет көрсету ісін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ, жалпы білім беретін мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығын ерекше атап көрсетті.
Өмір сапасын арттыру мен қаланың инфрақұрылымын дамыту ісін қамтамасыз ету мәселелері де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады.
– Біз Алматыны халықаралық бизнес және туризм орталығы ретінде көрсетеміз. Сондықтан қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі барлық жұмыс халықаралық стандарттарға сай бейімделуі тиіс. Ең бастысы, азаматтарға қалада өмір сүру қолайлы әрі жайлы болуы керек. Бұған үйге баратын жолдың болуы, әлеуметтік инфрақұрылымның жақын әрі қолжетімділігі, сапалы ауызсумен, газбен, үздіксіз электр қуатымен және жылумен қамтамасыз етілуі сияқты бірқатар факторлар әсер етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент көшелерді жарықтандыру, аулалардың жағдайын жақсарту, арық жүйесінің жұмысын реттеу жөніндегі проблемаларды шешу үшін қала әкімдігіне тапсырма берді.
Кеңес барысында Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың экологиялық ахуалы мен ауаның сапасына баса мән берді. Ол қоғамдық көліктерді газға және басқа да жанармайдың экологиялық түрлеріне көшіру ісін аяқтауды, қаланың жеке секторларын және қала маңы аймағын газдандыруды жүзеге асыруды, ағаштарды, алма бақтарын заңсыз отау мәселесіне бақылау орнатуды, сондай-ақ, қаланы көгалдандыру және Алматы апортын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *