Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: АЛМАТЫ – БІРЕГЕЙ, БАЛАМАСЫ ЖОҚ ШАҺАР

1 мамыр – Бірлік күнін алматылықтар мен қала қонақтары Абай алаңында Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен бірге мерекеледі.   

Алматы – азаттықтың бесігіне баланған, елдігіміздің іргесі қаланған қастерлі қала екенін айтқан Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқын ынтымақ, бірлік мерекесімен құттықтады.   

Әсел ДАҒЖАН

– Құрметті әлеумет, қадірлі қауым, ардақты алматылықтар! Бүгін ерекше күн. Татулық мерекесі. Еліміз бұл мерекені ерекше жақсы көреді. Сондықтан бар­шаңызды шын жүректен құттықтаймын. Ұлт пен ұлыстың ынтымағын дәріптейтін осынау мерекенің қадір-қасиетін бәріміз жақсы білеміз. Екі күн бұрын ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының басқосуында сөйлеген сөзінде Елбасымыз ел ішіндегі мызғымас татулықтың маңыздылығын атап өтті. Тарихтың сан қилы сын сағаттарында қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері бір үйдің баласындай туыс, бауыр болды.

Заманның тауқыметіне қарамастан, біздің халқымыз солардың бәрін бауырына басып, барымен бөлісті. Егемендік алған жылдары көп этносты, көпконфессиялы еліміздің келешегі туралы түрлі теріс болжамдар айтылды. Алайда, Елбасы­мыздың арқасында Қазақстан бүгінде түрлі этнос өкілдерінің киелі шаңырағына айналды.

«Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп ұлы Абай айтқандай, біз еліміздің жемісті әрі жеңісті күндеріне ынты­мағымыз арқылы жеттік. Табиғаты таңғажайып ару Алматы – бірегей, баламасы жоқ шаһар. Оның жылнамасы бүкіл Отанымыздың жарқын айнасы. Жас мемлекетіміздің жетістіктерін дүние жүзіне алғаш танытқан да осы Алматы. Алатау баурайындағы әсем қала бүгінде қазақ зиялыларының құтты мекені болып отыр. Алматы – ғылымның ордасы, өнердің бесігі, шығармашылықтың шаңырағы. Алматының аурасы әрдайым ерекше. Алматылық – қайталанбас бренд және нағыз интернацио­нализмнің үлгісі. Бүгінде Алматы еліміздің іскерлік, қаржы, мәде­ниет, білім мен ғылым және туристік  орталығына айналды. Соны­мен қатар, жұмыс орындарын құрып, қалалық бюджеттің кірісін түрлендіріп отырған шағын және орта бизнестің ортасы, – деген  Қасым-Жомарт Кемелұлы, дәл осы Алматыда жоғары оқу орнын бітірген түлектер мен жастар қауымына жұмыс орнын құра­тындығын жеткізді.

Мерекелік шарада елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің таным-тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, отандық өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *