Қасым Қайсеновтің 100 жылдығы аталып өтті

Серік ЖҰМАБАЙ

 

 

Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның Халық Қаһарманы, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының батыры, әйгілі партизан Қасым Қайсеновтің 100 жылдық мерейтойына арналған «Аңыз адам» атты әдеби-сазды кеш болып өтті.

Сәбең мен Ғабеңнің қара шаңырағында өткен бұл іс-шараға кезінде ұзақ жылдар бойы Қасым ағаның жеке хатшысы болған, белгілі суретші, карикатурашы, Ә.Қастеев музей-үйінің директоры Еркін Нұразхан, Жазушылар одағы төрағасының орын­ба­сары, ақын, ғалым Бауыржан Жақып, М.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нұрдәулет Ақыш, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман, жазушы-журналист Дәулет Сейсенұлы қатысты.

Әсерлі кешті жүргізген С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі Әділғазы Қайырбеков аты аңызға айналған батыр туралы біраз естеліктер айтты. Одан кейін филология ғылымының докторы, профессор Бауыр­жан Жақып ағамыз қос батыр – Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсенов арасын­дағы достық қарым-қатынастың ерекше болғанын жеткізді.

– Биыл көптеген қазақ қаламгерлерінің 60, 70, 80, 90, 100 жылдықтары аталып өті­ле­тін болады. Мәселен, Ғалым Жайлыбай, Әубәкір Қайран, Сайлау Байбосынов секілді ақындар 60-қа толып жатыр. Жарасқан Әбдірашев, Марат Қабанбай, Баққожа Мұқай ағаларымыздың 70 жыл­дығы, Алтыншаш Жағанова, Рафаэль Нияз­беков 75-ке толып отыр. Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Марал Ысқақбай ағамыздың 80 жылдығы, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамет­жа­новтың 90 жылдық мерейтойлары аталып өтіледі. Ал енді 100 жылдық дегенге келетін болсақ, бұл ретте Қасым Қайсенов ағамыз бірінші ауызға оралады. Осындай қазақтың керемет тұлғаларын біз еске алмағанда, кім еске алады? Мен бір нәрсені айтайын, қазақтың қос батыры Баукең мен Қаскеңнің арасындағы достық қарым-қатынас ерекше болған. Олар бір-бірін өте қатты сыйлайтын. Енді әр түрлі адамдар болады. Кейбіреулер екі батырдың орта­сына от салуға әрекет етіп көреді. Сонда олар бірінші Қаскеңе барып «сіздің ойыңызша, Бауыржан Момышұлы қандай батыр?» деп сұрапты. Сонда Қаскең: «Дүниеде Баукеңнен асқан батыр жоқ» деп жауап берген екен. Кейін әлгілер Бауыр­жан Момышұлына барып: «Бауке, айты­ңызшы, Қасым Қайсеновтің батырлығы қандай?» деген екен. Баукең: «Оның батыр­лығы менен де асып кетеді. Мен жаумен бетпе-бет келіп шайқастым. Ал ол жаудың ішінде, ортасында жүріп шайқасқан адам. Сондықтан оның батырлығы менен екі есе асып түседі» деген екен. Міне, көрдіңіз бе? «Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» демекші, қазақтың қос батыры бір-бірін өте жақсы түсінгенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Тіпті, кейін Қасым аға «Халық Қаһарманы» атағын алған кезде де «осыны Баукең мен Рахымжан Қошқарбаев алуы керек еді, әттең мен алып жатырмын» деп өзін кінәлі сезініп, қиналған болатын, – деді белгілі ақын, ғалым Бауыржан Жақып.

Одан кейін сөз алған белгілі суретші, өнертанушы, «Карикатура королі» атан­ған Еркін Нұразхан  Қасым Қайсеновтің ерлігі, сұрапыл соғыс жылдары от кешіп, көр­сеткен батырлығы төңірегінде сөз қозғады.

– Қаскең 1934 жылы мектеп бітірген­нен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, 1938 жылы оны бітірген соң Павлодар облыстық оқу бө­лімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқау­шысы болып қызмет атқарып жүргенде әскер қатарына шақы­рылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде соғыс әліптерін танығаннан кейін, Қасым Қайсенов жау қолында қалған Украина жеріне аттандырылады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап, Қасымның партизандық өмірі басталады. Өмірге Қасым Қайсенов болып дүниеге келген ол Украинаға барғанда бәрі оны «Василий, Вася» деп атап кеткен. Ол кезде Украина жеріне аттану жау тылына, ажал аузына барумен тең болатын. Қазақтың қас батыры Чапаев атындағы партизан құра­масының үшінші отрядын басқарады. Соғыс жылдары «Вася» деген атпен бүкіл Украинаға танылған Қасым Қайсенов бұрын қазақ деген халықты көрмек түгіл, атын естімеген алуан түрлі ұлттардың ара­сында жалғыз өзі жай оғындай жарқылдап, қазақтың батырлығын сан мәрте дәлелдеп, еліміздің абыройын асқақтатқанын мақтанышпен айтуға болады, – деді суретші, журналист Еркін Нұразхан.

Кеш соңында қазақ халқына белгілі дәстүрлі әнші Еркін Шүкіман әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй тартып, тың­дармандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

«Ақшамның» анықтамасы:

 Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов ІІ дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденімен, І және ІІ дәрежелі екі «Отан соғысы»  орденімен, «Чехословакия партизандары», екі І дәрежелі «Отан соғысы партизанына» медалімен және Кеңес Одағының тағы басқа он бес медалімен, үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен, Украин КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен және ІІ және ІІІ дәрежелі «За заслуги» орденімен марапатталған. Батырға Қазақ­станның «Отан» ордені, Қазақстан Жазушылар одағының Бауыржан Момышұлы атындағы сыйлығы берілген, сонымен қатар ол А.Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *