Асылы ОСМАН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор: ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ тарихи дамуына жол ашатын ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

1 желтоқсан – Тұңғыш  Президент күні. Бұл  мереке –  халқымыздың Елбасы   Нұрсұлтан  Назарбаевқа  деген  ыстық ықыласының,  шынайы  сүйіспеншілігі  мен  ерекше  құрметінің  белгісі.  Жүрегі елім  деп  соққан  Тұңғыш Президентіміздің  бүкіл  өмірі мен  жүріп өткен  жолы, Мемлекет басшысы ретіндегі қызметі –  қажырлы  еңбек  пен  өнегелі тағылымнан, қайталанбас  ерліктен  тұрады. Бүгін  біз осынау халықтық  мереке қарсаңында қоғам  қайраткері, Қазақстанның  еңбек сіңірген  қайраткері, профессор Асылы  Османды  әңгімеге  тартып  отырмыз.

– Асылы  Әлиқызы,  Сіз  қоғам қайраткері, елге танымал тұлғалардың бірі  ретінде әрдайым  мемлекеттік шаралардың басы-қасында жүресіз. Тұңғыш  Президент  күнін  белгілеу  қандай  ниеттен  туындады деп ойлайсыз?

– 1 желтоқсанда Қазақстанда  Тұңғыш Президент күні аталып өтіледі. Президент күні – бұл тарихи таңдау, халық бірлігі мен келісім күні, Президенттік институт – елдің конституциялық құрылымы, мемлекеттілігіміздің қалыптасуы мен алдағы дамуының негізі.

1991 жылы 1 желтоқсанда алғаш рет  жалпыхалықтық Президент  сайлауы өтті. Онда  Нұрсұлтан  Назарбаев халықтың 98,7 пайыз дауысын алып, Қазақстанның  тұңғыш жалпы халық сайлаған Президенті  болып сайланды. 2011 жылы 1 желтоқсан – Қазақстан Республи­касы Тұңғыш Президенті күні  – мемлекеттік мереке  ретінде белгіленді.

Өз елінің әрбір азаматы мен патриоты үшін аға буынның, оның ішінде Президентіміздің атқарған қызметі мен еңбегін атап өту абырой мен парыз болып саналады. Мемлекет басшысы халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат  құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылады. Біз бүгін Тәуелсіздік  жылдарында  ел мен жер мұраты, оның кемел келешегі үшін сара жол салып, асқан көрегенділік  таныта білген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты тарихи тұлға ретінде мақтан етеміз. Олай болса, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін белгілейтін мемлекеттік мерекенің болуы зандылық.

Біз – адамзаттың бүгінгі тарих көшінде Мәңгілік Ел болуды мұрат етіп отырған елміз. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  сол  бір қиын  кезеңдерде  елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау  жолындағы   қайраткерлік  істері мен   өрлігін  ұмытпауымыз  керек.  Демек,  Тұңғыш Президент  күні  мерекесінің  аталып өтілуі  ерлікке  толы Елбасы  еңбегіне  берілген  шынайы  баға деп  білемін.

Нұрсұлтан Назарбаев өз елінің бүкіл қиын-қыстау және шарықтау кезеңдерін бастан өткерді. Сол кездердің бәрінде де оның  жоғары адами қабілеті, ұшқыр ақылы, жігерлілігі мен табандылығы, адамдардың   тілін таба білуі өз биігінен  көрінді. Елбасымыз  нені  айтса да  ашығын  айтады. Бүгінде бұл  мереке – қазақ  мемлекетінің  тарихи  дамуына  жол ашатын үлкен  мерекеге  айналып  отыр.

– Қазақстан  Президентінің  еліміздегі,  халық­ара­лық қауымдастықтағы  бастамаларын  қалай сипаттар едіңіз?

– Қазақстан  Президентінің  саяси стиліндегі ең  маңызды  сипаттарының бірі – практика  мен теорияны  ұш­тастыру. Бұған Елбасымыздың  жаңа  бастамалары  дәлел  бола  алады.

Адамзаттың алдындағы ұлы жауапкершілікті Қазақстан және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтай сезіне білу керек деген ой-пікірімізді Елбасының жаһандық саясаттағы ұстанымы мен кемел көрегендігі айғақтай түседі  деп  ойлаймын.  Қазақстанның «Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік» ұранымен өткізген Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық  Ұйымындағы абыройлы төрағалығы неге тұрады! Еліміздің, Тұңғыш Президентіміздің әлемдік қоғамдастықтың кез-келген ұйымының төрінде отырып, бастама көтере алатын ақылы мен парасатын, кемеңгерлігі мен кеңдігін, даналығы мен даралығын әлем  мойындаған.

Қазақстан – Шығыс  пен Батыс,  өркениеттер мен мә­де­ниеттер арасындағы  жаһандық  үнқатысуларға  бас­тамашы  болған, әлемдік және дәстүрлі діндердің, басқа да маңызды халықаралық  форумдардың  өткізілер  нүктесіне  айналған  мемлекет.

Бүгінде  Қазақстанды  бүкіл әлем біледі. Елордамызда ЕҚЫҰ-ның Астана  саммиті, ЭКСПО  көрмесі, Азиада, Универсиада  ойындары, Әлемдік және дәстүрлі  діндер  көшбасшыларының   съезі және  басқа да ірі  халықаралық  іс-шаралар Қазақстан Президентінің  басшылығымен  табысты  әрі  жоғары  деңгейде  өткізілді. Демек, Тұңғыш Президентіміздің әрбір  бастамасы, әрбір  қадамы өшпес­тей  өнеге.  Нұрсұлтан Назарбаевтай көшбасшысы бар Қазақ  Елі бүгінде іргесі  берік, ынтымағы жарасқан, эко­номикасы қалыпты, саяси жүйесі  сараланған,  өз  жолын, өз болашағын  айқындаған,  әлемдік қауымдастық алдын­дағы беделі  биік  мемлекет.

Жалпы, Қазақстанның  Мемлекет басшысы  көтерген кез-келген  жаһандық  бастамалардың  барлығы да әлемнің  қай  қиырында  өмір сүрмесін, адамзат  баласының  игілігі үшін  қызмет  ететіні  айқын.

– Еліміздің тағы бір ең ұлық, ең  мәртебелі  мере­кесі – Тәуелсіздік күні. Бұл  мереке де 1991 жылдың 16 жел­тоқ­санынан,  яғни  «Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік  Тәуелсіздігі  туралы» Конституциялық  Заңынан бастау алады. Еліміздің  арман-мақсаты орындалған сол күн  Қазақ  елі  үшін қастерлі де қасиетті саналады.

– Тұжырымыңызбен толық келісемін. Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Сандаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздік халқымыздың басына бақ болып қонды.  Елбасымыз: «Бүгінгі біздің  тәуелсіздігіміздің  қайнар  көзі – қазақ халқының сан ғасырлар бойы  күресінде,  азат­­­тыққа ұмтылған  қайсарлығында»  деуінде үлкен мағы­на  бар.  Еліміз бүгінде  өзінің  көк байрағымен,  бай  әде­биет-мәдениетімен,  бабаларымыз қалыптастырып кеткен  сан салалы  салт-дәстүрлерімен,  көк  күмбезіне  қалық­та­ған  әуезді  әнұранымен халықаралық  қауым­дас­тықтың ең  ықпалды, өркениетті елдерінің  санатына  қосы­лып отыр.

Ұлы Дала – ұлт рухының шарайнасына, бақ-дәулетіне  айналып  отыр.  Орманбет  ақынның: «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі» деп жыр­лауы  тегіннен-тегін емес  болса керек. Қазақстан  Прези­денті – тәуелсіз Қазақ елін тарих сахнасына шығарып, әлемге танытқан тұңғыш қайраткер! Ол –  тәуелсіз Қазақ елінің   сан  алуан  халқын бір тудың астына топтастыр­ған – бірлік пен татулықтың  символы.

Бүгінде Тұңғыш Президентіміз – қазақстандықтардың барлық қиындықтарды жеңудегі  тірегі,  демберушісі. Тұңғыш   Президент күнін тойлау болашақ ұрпақты жеңіс пен жасампаздық рухында тәрбиелеу,  Қазақстанның әрбір  азаматының жүрегіне  ертеңгі  күнге  деген  сенім отын ұялату үшін қажет. Мемлекет басшысының дәуірлік салмағы бар ірі шешімдері мен тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы орасан зор табыстары тап осы сөздермен тығыз байланысты.

Қазақстанның  өзге жұртқа үлгі болатын тағы бір игі бастамасы – ұлтаралық және дінаралық қатынастарды реттеу мәселесі бойынша теңдессіз қадам жасауы. Бүгінде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері, сондай-ақ, 46 діни конфессия өкілдері Қазақстанның бірлігі жарасқан бейбіт халқын құрап отыр. Бұл да Президентіміздің ел тұтастығы жолында сіңірген өлшеусіз еңбегі  деп білеміз.

Туған елін шексіз сүйген, оның бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарай алмайтын Қазақстан Республикасының   аза­маты  ретінде бұл мерекенің ел тарихындағы маңыз­ды­лығын терең түсінеміз, сондықтан әр жыл сайын Тұңғыш Президент күнін айрықша салтанатпен атап өтетін боламыз.

Елбасымыз жүргізген сындарлы саясаттың нәтижесінде Қазақстан жаһанға танылды. Бүкіл әлем Президентімізді Қазақстан Тәуелсіздігінің негізін қалаушы әрі бүкіл халыкаралық  қоғамдастықтың алдында зор беделге ие болған сұңғыла саясаткер ретінде таниды.

– Қазақстан  Мәңгілік Ел жолына  нық қадам басып отыр. Ел астанасын  байтақ Сарыарқаға  көшірді. Күн сайын ажары нұрлана түскен Астана бүгінде әлемдегі ең көрікті де асқақ қалалар сапында аталады…

– Астана – Елбасымыздың   ғажайып үздік  туындысы.  Ол жаңарудың, халықтың өз күшіне деген сенімінің,  жетіс­тіктеріміздің мақтан  тұтар  символы.  Астана  ұлттық  рухымыздың  өршілдігін,  тереңдігі мен  тұңғиығын өз бойы­на сіңірді. Астана – біздің Көшбасшымыз бен  халқымыздың тарихи  көрегендігі  мен жасампаздық  күш-қуатының көрінісі.

Жалпыұлттық көшбасшының басты қасиеті – ол ең батыл мақсаттарды жүзеге асыру жолында азаматтарды жұмылдыра алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қойған мін­деттер кейде бір қарағанда тым батыл, өте ауқымды көрінеді, бірақ олар үнемі жүзеге асырылады, нәтижесі тіпті кейде ойлағаннан да әлдеқайда артық болып шығады.

– Қазақстан  Президентінің   жалпыұлттық көшбас­шылық  тұлғасын сараласақ. 

– Тағы  қайталаймын, ол – Қазақстанды, қазақ халқын  әлемге  танытқан  тұлға. Демек,  ол Тәуелсіз  Қазақстан­ның негізін  салушы  дара қайраткер.

Қазақстандық мемлекеттілікті дамытудың барлық негізгі элементтері соңғы онжылдықта «Назарбаев феноменінің» ықпалында болғанын мойындауымыз  керек. Ұлт  Көшбасшысы – өткен мен болашақтың еншісіндегі жетістіктердің символы ғана емес. Президент қазақ­стандықтар үшін болашақтағы дамуымыздың идеялық шабыт берушісі.

Елбасы биылғы Жолдауда барша халықты елдің игілігі, мемлекеттің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге шақырды. Байлық пен мансапты басты  орынға  қою – бақыт  әкелмейтінін ескерте  келе,  бүкіл  игілік  атаулының  бәрін  ұрпақ  қамына  жұмсауды  тапсырды.

Әлемнің данышпан, кемеңгер тұлғалары адамның дәулеті мен билігі халықтың игілігіне жұмсалса қайырымды амалы арқылы жалпы жұрттың алғысына бөленсе, ол сонда ғана бақытқа қол жеткізетінін айтып кеткен. Мемлекет басшысы осы мәселені  ұғынықты түрде түсіңдіріп  берді.

– Тұрақтылық. Бірлік.  Жаңғыру – Қазақстан  дам­уы­ның  негізі  десек, елімізде  жүргізіліп  жатқан «Дос­тық­тың  жол  картасы»  туралы  не  айтасыз?

– Мемлекет  басшысының елдегі ішкі саяси тұрақты­лықты күшейтуге бағытталған маңызды бастамаларының бірі – ұлтаралық және дінаралық келісімді сақтауға бағытталған бірегей құрал – Қазақстан халқы Ассамб­леясының құрылуы.

Елбасының стратегиялық жоспары бойынша, ұлт­аралық келісім тетігінің негізгі элементі болып табылатын Ассамблея қазақстандық қоғамды мықты, бәсекеге қабілетті мемлекет құру жолында біріктіретін маңызды факторға айнала алды. Қазақстан Президентінің елдегі қоғамдық келісімнің моделін «Бірлік – көп ұлттылықта, көп дінділікте» деп бағалағаны да тегін болмаса керек. Елбасы: «Ұлтаралық келісім – кез-келген мемлекет пен халықтың жүйке жүйесі. Біздің барлық жетістіктеріміз – бейбітшілік пен келісімнің арқасы. Бейбітшілік пен келісім өзінен-өзі туындай қалған нәрсе емес. Біздің тәуелсіздік жылдары құрғанымыз – мемлекет пен біздің қоғамы­мыздың ұлы жұмысы. Бұл – біздің ортақ байлығымыз, біз оны сақтауымыз керек», – деген  болатын.

Қалыптасқан тәжірибелерді бекітіп, саяси тұрақтылық пен Қазақстан халқының бірлігін ары қарай сақтап қалу мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында Ұлт бірлігі доктринасы қабылданды.  Онда қазақстандық мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жүйенің негізгі элементтері айқындалып, болашаққа қарай ілгері қадам басудың   негізгі  идеялық  мәні анықталды.

Ұлтаралық және дінаралық келісім жүйесін тек сақтап қана емес, оны күшейту – тәуелсіз Қазақстанда  шешімін  тапқан  мәселе. Бұл мақсат қазақстандық қоғамды жүйелі түрде модернизациялау жөніндегі ел  Президенті  жария­лаған жаңа стратегиялық даму бағыты аясында да басым тақырып  ретінде  көрініс  тапқан.  Сыйластық пен өзара  төзімділіктің,  әрбір  топтың мүддесін  ойлайтын бұл  модель қазақ  мәдениетінің  тарихи бастауымен, салты мен  дәстүрімен  толыға  түсіп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен – Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *