АСЫЛ АНА АҚТЫҚ САПАРҒА АТТАНДЫ

Алматыдағы «Достық» спорт кеше­нінде қала жұртшылығы батыр ана, ардагер ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәрзия Айтбай­қызы Тұрлыханованы ақтық сапарға шығарып салды.

Асыл анамен қоштасуға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, ҚР Парла­менті Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, еліміздің барлық өңірлерінен арнайы келген қонақтар, қала жұртшылығы жиналды.

Мәрзия Айтбайқызы 1940 жылы 16 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданына қарасты Таскескен ауылында дүниеге келген еді.

1971 жылы Семей қаласындағы педагогикалық институттың мате­матика факультетін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Аягөз ауданындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Мектеп директорының орынбасары, директор сынды қызметтерді абырой­мен атқарып, кейін өзінің жекеменшік «Болашақ» мамандандырылған орта мектебінің басшысы болды. Осынау білім саласындағы  үздіксіз жылдар өз жемісін беріп, қазақ білімінің өркендеуіне, даму жолдарына еселеп үлес қосқан еді. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Мәрзия Айтбайқызының мыңдаған шәкірті еліміздің өркен­деуіне өз үлестерін қосуда.

Отбасында он перзентті дүниеге әкелген батыр ананың ұрпақтары да тәрбиелі, өнегелі болып, қазақ отба­сының үлгісін көрсетті.

Мәрзия Айтбайқызының өмірлік жолдасы Болат Тұрлыханов елімізге танымал палуан, ҚР еңбек сіңірген бапкері болды.

Ұлдары Қайрат пен Дәулет Қазақ­стан спортының мектебін қалыптас­тырды. Ұлы Дәулет Тұрлыхановтың есімі төрткүл дүниеге танымал. Грек-рим күресінен КСРО-ның сегіз дүркін,  әлемнің екі дүркін чемпионы, Олим­пиада ойындарының жүлдегері.

Шәмша БЕРКІМБАЕВА,

мемлекет және қоғам қайраткері:

– Дүниеден керемет жақсы адам өтті. Мінезінің көркемдігі сонша, тіпті көңіл-күйі түсіп келген адамның өзі апамыздың қасынан көңілі көтеріліп шығатын. Ол кісінің жан жылуы бар­шаға жетіп-артылатын. Сондықтан да болар, қоштасу рәсіміне қаншама адам жиналды. Барлығы да қимастықпен қоштасып жатыр.

 

Гүлмира ЕСІМБАЕВА,

ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері:

– Мәрзия Тұрлыханованың ұстаз ретіндегі еңбегі орасан зор. Адами қасиеті басым осынау жанмен мен ұзақ жылдар бойы жақын араласқан едім. Қызмет бабында Талдықорғанға қоныс аударып, Алматыны сағынып жүргенде артымнан іздеп келген бір жан болса, ол осы Мәрзия апай еді.

Дүниеге сәби әкеліп, ауруханада жатқанымда да артымнан күнде келіп, үйдің дәмді тағамын алып келетін. «Сіз сырттасыз, мен іштемін, кіргізбейді ғой. Неге әуре боласыз» десем, «сені әйнек­тен бір көргенімнің өзі керемет емес пе?» – деп қағазға жазып жібере­тін Мәр­зиядай ананың кеңдігін, дархан­дығын, ақылдылығын енді әркез айтып, сағынып отыратын боламыз.

Ұстаздың ұлылығы шығар, ақтық сапарға аттанар күні де мектеп түлек­терінің қоштасу рәсімімен тұспа-тұс келіп отырғандығы.

 

Баталы Ана, бақұл болыңыз!

Көзіңізге мақтамайтын ем, сыртыңыздан датта­майтын ем. Мен үшін және елі үшін ұрпақ тәрбиесінде темір­қазықтай бағдар болған, ұлылығыңызға орайын тауып, ақыл-кеңесіңізді естуге құштар бас иетін сіңлілеріңіздің бірі болғаныма шүкіршілік етуші едім. Алланың жазуына амал бар ма, енді міне, ұрпақта­рыңызға, жақындарыңызға, елім деген азаматтарға көңіл айтуға қаламым да ауыр тартып, жан дүниемнің өзіңізге деген ыстық ықыласын, қоштасарда айтар бір ауыз сөзін жеткізе алмай отырмын.

Сіздей Аналарды халқымыз «баталы» дейді. Өзіңізден бата алғандар бақытына ие болғандардың жолы әркез ашық еді. «Қазақстанның Еңбек Ері» атанып, Астанадан Алматыға оралған дүбірлі шағымда алғаш құттықтаушы батагөйім болғаныңыз үшін де «тәубе» дейтінмін.

Өзім де педагог болғандықтан, мүмкіндігінше ел тұлғалары туралы білуге, оны шәкірттерге үлгі етуге тыры­сатынмын. Сондайда іздеп таппас өнеге деп өзіңізді таны­дым. Сіз халық санасында отбасылық бақытты, әулеттік бақытты, қоғамдық бақытты, адами бақытты шебер үйлестірген Ана мәртебесінде үлгі болдыңыз. «Отан – отбасынан басталады» деп Бауыржан Момышұлы айтқа­нындай, сіздің отбасылық әлеміңізді халқыңыз Қазақ елі дейтін, Ұлы дала дейтін, Мәңгілік ел дейтін. Отанымыздың бастау көзінің моделі деп бағамдайды, мен де солай деп білдім. Сіздің отбасыңыздың даму жолынан Тәуелсіз Қазақ­станның әлеуметтік инновациялық дамуын, этикалық-құқықтық ұстанымдарының жүзеге асқанын көрген едік. Фариза Оңғарсынованың әкені білекке, балаларды саусаққа, ананы солардың бәрін тұтастырып, нәр беріп тұратын қан тамырына балап айтқан әулиелігін сіздің отбасыңыздан да көрдік. Аяулы жарыңыз Болат Тұрлыханов КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері болса, отбасындағы балалары үшін Ұлы әке бола білді. Ұлдарын спортқа баулып, әлем чимпионы, олимпиада жеңімпазы, республика­мыздың айтулы тұлғасы деңгейіне көтерудің негізін салып кетті. Әке тіккен тудың құламай, аласармай, нығайып, биіктей түсуі – сіздің ұлылығыңыздан, сіздің еңбегіңізден, сіздің қадір-қасиетіңізден еді. Мен үшін аса қымбат құндылығыңыз ол – Республикадағы қазақ тілін­дегі жекеменшік мектеп типінің негізін қалаушы болға­ныңыз. Сіздің ашқан және абыроймен басқарып келген «Болашақ» жекеменшік қазақ мектебі еліміздегі жаңашыл­дықтың алдыңғы қатарынан орын алды. Дәстүрлі класси­калық және ұлттық мектептің педагогикасының, психоло­гиясының, білім мазмұнының, техноло­гиясын шебер мең­геруіңізбен бірге, өзіңіз­дің новаторлық қабілетте­ріңіздің арқа­сында мектептің жаңа типінің педагоги­касын, психоло­гиясын, білім мазмұнын, технологиясын үлкен ізденістермен игердіңіз. Өз тәжіри­беңізге енгізе отырып, жол салған жаңашылдығыңыз ерекше. Сондықтан да еліміздегі көптеген педа­гогикалық ғылыми-әдістемелік баспасөз редак­циялары өздерінің алқа мүшелігіне сізді арнайы шақырып жататын. Сондық­тан да респуб­ликалық, қала­лық білім және ғылым саласындағы басқосулар өзіңізді құрмет­теп шақыратын, пікіріңізді тыңдай­тын. Айта берсем, сіздің елі­ңізге, білім мен ғылымда сіңірген еңбегіңіз қай жағынан да толымды, өнегелі, баршаға үлгілі. Мен  осы көңілімді өзіңізге талай рет ақтарыла айттым да. Сонда да ізіңізден ерген ұрпақ­та­рыңыз бен жақында­рыңызға аз да болса жұбаныш бола ма деп, қайғы­ларына ортақтастығымды білдіріп отыр­мын.

Аналардың Анасы, ел Анасы, баталы Ана — Мәрзия Айтбайқы­зының бақилығы жарық, жайы жұмақ болғай. Өнегесі – шәкірттерінің ісінде, бейнесі – мәңгі жүрегімізде. Ару ана, асыл әже, ұлағатты ұстаз, бақұл бол! Алла алдыңыздан жарылқасын!

Тұрлыхановтар әулетіне, күллі қазақ халқына қайғырып, көңілімді білдіремін.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

Алматы қаласының Құрметті азаматы.

 

Алматы қалалық Білім басқармасы Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, батыр ана, ҚР білім беру ісінің үздігі, қоғам қайраткері, педагогика ғылымының кандидаты, профессор

Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыханованың

өмірден өтуіне орай отбасына, балаларына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

 

Қазақстандық «Динамо» дене шынықтыру спорт қоғамы Орталық кеңесінің ұжымы және филиалдардың жетекшілері КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Болатұлы Тұрлыхановқа және барлық жақындарына орны толмас қайғысы  –   анасы, Қазақ КСР еңбек сіңір­ген мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республиканың білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымының кандидаты, профессор

Мәрзия Айтбайқызы Тұрлыханованың

қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақ­тасып, көңіл айтады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *