АСЫЛ АҒАЛАРДЫҢ ҮЙЛЕРІНДЕГІ АРУЛАР

Қай тақырыпқа қалам тартса да байыбына барып, жан-жақты қамтып, келелі сөз қозғай­тын авторла­рымыздың бірі, марқұм Ғазизбек Тәшімбай еді. Түрлі мәдени шаралар мен қоғам­дық істердің бел орта­сында жүрген жанашыры­мыз редакция­мызға жиі хабарласып, жазған-сызғандарын элек­тронды пошта арқылы да жіберіп тұрды. Өзі бар кезде жария­ланып үлгер­мей қалған осындай мақаласының бірін өзде­ріңізге ұсынғанды жөн көрдік.

Біз көбіне өмірден өткен атақты ағаларымызды еске аламыз да олардың орнын жоқтат­пай, отын өшірмей, түтінін түзу шығарып, бала­ларына бас-көз болып отырған жеңгелерімізді ұмыта береміз. Бір өкініштісі, жылдар өткен сайын осынау асыл жандардың да қатары сиреп барады. Бұл әңгіме сондай аяулы кісілердің бір-екеуі жайында болмақ. Екеуі де ардақты кісілерге жақсы жар болған, өмірлері өнегелі жандар.

  1. БАЛҒАБЕКТІҢ CАПУРАСЫ

«Бассыздар туралы бұр­қырата жазып, сықақ балға­сымен сазайын беретін Балға­бек те …арамызда жоқ»,  деп мұ­ңаяды қырғи тілді сатирик ағамыз Мыңбай Рәш от ауызды, орақ тілді қаламдас сатирик ағасы Балғабекті елжірей еске алып.

Балғабек Қыдырбекұлы ағаның үйіндегі Сапура жең­гей­мен сонау 70-жылдары алғаш кездейсоқ танысқаным бар. Ол кезде Сапура жеңгеміз Алматыдағы №56 мектептің директоры болатын. Тұңғыш ұлым Тимур мектеп жасына жеткен соң алып барғанмын. Бірақ орын жоқ екен. Өйткені, Коммунистік партияның бізге «тартқан сыйы» бойынша Қазақстандағы қазақ мектеп­тері жабылып қалған болатын КСРО кезінде И.Сталиннен кейін билік басына келген сауатсыз, әпербақан, ұрда-жық шовинист Н.С.Хрущевтің тұсында бір кездегі алып империя халқы ол орнынан түскенше киерге киім таппай, ішерге тамақ таппай суы шы­ғып тұрған қара нан жеуге мәжбүр болды. Онысымен қоймай, ол Кеңес адамдары­ның қазіргі ұрпағы комму­низмде өмір сүретін болады, ол үшін жаппай орыс тілін үйренуіміз керек, сонда 1980 жылдары коммунизм орнайды деп көкіді. Соның салдарынан кейбір деректер бойынша Қазақстанда 700-ден астам қазақ мектебі жабылды.

Қазақтар амалсыздан бала­ларын орыс мектептеріне бере бастаған-ды. Алматыдағы №56 мектеп қаланың ортасындағы орыс мектебі болғандықтан мұнда кілең ығай мен сығай­дың балалары оқиды екен. Мұны Сапура жеңгей түсінікті етіп айтты. Мен ол кезде жоғары оқу орнын жақында ғана бітіріп, еңбекке енді ғана араласа бастағанмын. Қалада қазақ мектебі екі бастан жетіс­пейді. Жалғыз №12 қазақ мек­тебі кімге жетсін! Оның үстіне ол мектепке негізінен облыс­тардан келген малшылардың балалары қабылданатын. Балға­бек ағаның жазғандарын оқып жүргенім болмаса, өзін таны­маймын. Сондықтан ұлымды басқа мектепке – соғыстың алдында қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова оқыған мектепке беруге тура келген-ді.

 

***

Сапура жеңгейге қатысты мына бір жәйтті айта кеткім келіп тұр. Бір жазушы «Со­циалистік Қазақстан» газетінде бір бөлмеде Балғабек ағамен бірге отырып қызмет атқа­рып­ты. Көп сырласатынын айтып­ты. «Менің төрімде сегіз өрім қамшы ілулі тұр, жеңгеңді са­бап алуға», – дейді екен ағамыз.

Мен осы әңгіме жайында жеңгеміздің өзінен сұрадым. Ол кісі өтірік деді. Ендеше болған жайды өз аузыңыздан естиік деп қолқаладым. «Бір көрген адамға сұсты, қатал көрінге­німен, өмірде одан жұмсақ жан табу қиын, – деп бастады сөзін жеңгеміз. 41 жыл отастық. Шәй дескен емеспіз. Бір жолы маған: осы сен бір таяқ жемей-ақ кеттің-ау, дегені бар. Мен: арманың сол болса, арманда кетпей тұрып ұрып ал, дедім. Ол өзіне тән жайдары күлкісімен күлді де қойды. Міне, қарағым, ол кісінің мінезі осындай еді. Әсіресе, балаларға өте жақсы қарайтын. Ешқайсысын маңда­йынан шерткен емес. Мүмкін­дігінше олармен жиі әңгімеле­сетін. Тәрбиенің үлкені бала­лармен үлкендерше сөйлесу, – деп отыратын.

– Түсінікті. Бізді жеңге­міздің өмірбаяны қызықты­рады, Қай жерде дүниеге кел­діңіз, қайда оқыдыңыз, Бал­ғабек ағамен қалай таныс­тыңыздар? Енді сол жайында айтсаңыз.

 

***

– Менің туған жерім – Ресейдің солтүстігіндегі Влади­мир облысының Владимир-Суздаль қаласы. 1932 жылы дүние есігін сол жақта ашып­пын, – деп бастады ол кісі. Сонан соң менің таңырқаған түрімді көріп, себебін айта бас­тады. – Менің әкем Сейдуалы Оразалин Әлихан Бөкейханов басшы болған ұлт зиялы­лары­ның басын қосқан Алаш Орда партия­сының мүшесі болғандықтан 1928 жылы 7 адамның бірі болып түрмеге отырғызылған. Әкеме сондағы таққан кінәлары мынадай болыпты:

  1. Халық соңынан ереді;
  2. Коммунистік партияға қарсы әрекет жасайды;
  3. Алаш Орданың мүшесі болған.

Содан жоғарыда мен айтқан қалаға жер аударылған. Қаладан ешқайда шығармай қойыпты. Жұмыс бермеген. Сөйтіп, анам қолындағы кішкентай қызы Амансұлтанмен Ресейге барыпты. Ал әкеміз ұсталғанға дейін 1925 жылы туған бауырым жастай қайтыс болыпты. Содан кейін 1932 жылы мен өмірге келіппін. Әкеміз оңтүстік жаққа ауысты­руын өтініп, жоғары жаққа арыз жазып, шағымданып жүріп,1933 жылы Орын­борда тұруға рұқсат алыпты. Кейін Орск қаласында тұрып, 1936 жылы қайтыс болыпты.

Осы арада мен:

– Жеңгей, сөзіңізді бөлейін, Мұның бәрін қайдан білесіз? Ол кезде сіз бала болдыңыз ғой, – дедім.

– Дұрыс айтасың, мен онда баламын. Ал біз мұның бәрін 1997 жылы архив ашылғанда барып бір-ақ білдік қой. Архивте сарылып отырып таны­сып шықтық.

– Бәрекелді, мектепті қайда бітір­діңіз?

– Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тұратын анамның сіңлісінің үйінде жатып бітірдім де, 1950 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогика институтының физика-математика факуль­тетіне оқуға түстім. 1954 жылы Балғабек ағаларыңмен тұрмыс құрдым. Тағдырыма ризамын. Ағаларың әкеден қалған жалғыз тұяқ екен. Содан да болар, ерте есейді. Өмірде талай қиын­шы­лықтарды көрсе де көтере білді. Әттең, өмірден ерте озды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде қанға боялып жатқан қазақтың жастарын көргенде қатты күйініп, жүрек талмасы­на ұшырады ғой. Содан оңалып кете алмады. Ол сырқат қайталаған кезде жүрегі шыдамады. Қайтейін, тағдырдың жазуы да.

– Еңбек жолыңызды қалай және неден бастадыңыз?

– №36 мектепте мұғалім болып бастадым да, кейін оқу ісінің меңге­рушісі болдым. 1968 жылы №56 мектеп­ке оқу ісінің меңгерушісі болып ауыс­тым. Келесі жылы республикалық физика-математика мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болып ауысып, үш жылдай қызмет атқардым. Кейін ол мектеп 1975 жылы Жәутіков атындағы мектеп болып бөлек шыққанда №56 мектеп директор­лығына тағайындалдым. Осы қызметтен зейнетке шықтым.

– Мен сіздің алдыңызда болғанмын, – дедім мен. Жеңгеміз таңырқай қарады. Мен жоғарыда болған жәйді айттым.

– Иә, ол кезде жағдай солай еді ғой, – деп ауыр күрсінді.

 

* * *

Қазір Сапура Сейдалықызы «Қазақ­станның еңбек сіңірген мұғалімі». Дербес зейнеткер. Балғабек ағамыздың перзенттері Балнұрды, Алғабекті, Алмат­бекті, Дулатбекті мәпелеп өсіріп, олардан немерелер сүйіп отырған бақытты әже. Қызы Балнұр – Компо­зиторлар одағының төрайымы, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері, ұлдарының бәрі ғылым докторлары. Соған шүкір­шілік етіп отырған жайы бар.

Сапура жеңгемізбен қимай қоштас­тық. «Келіп тұрыңдар, қарақтарым, жасым болса келіп қалды. Қара жерге қашан шақырарын Алла өзі біледі ғой. Сонда да…» деп көзіне жас алды. Сыры кетсе де, сыны кетпеген, өзі әлі де тың, айтқан әңгімелері тұшымды, зердесі мен зейіні мұқала қоймаған, көздері мейірімді шуақ шашып тұрған ашаң жүзді, осынау кейуанаға денсаулық тілегеннен басқа біз сияқты пенденің қолынан басқа не келеді.

  1. ЖҰМЕКЕННІҢ НӘСІБІ

Жұмекенмен сонау 80-жылдары Алматыдағы алты баспа Абай даңғылы мен Гагарин даңғылының қиылы­сындағы жаңадан салынған баспалар үйіне орналасқан кезде таныстым. Ол «Мектеп» баспасында, мен «Қазақстан» баспасында едім.

Сол бір жылдары майданнан аман-есен оралған ағаларымыздың біразы соғыстағы ерліктері жайлы жазып, баспаларға бас сұғып, естелік кітаптар шығара бастаған болатын. Сондай бір қолжазба Жұмекеннің қолына да түседі. Оқып отырса әлгі майдангер ағамыз қолжазбаның бір жерінде 700 немісті жайратып салдым деп жіберсе керек. Редактор болған соң азын-аулақ түзету­лер енгізілетіні белгілі. Сондықтан Жұме­кен: «мына ағамыз қызды-қызды­мен артықтау кеткен болар, 70 неміс те тақиясына тар келмес» деп бір нольді қағып тастайды.

Баспалардан шығатын әскери-патриоттық тақырыпқа жазылған қол­жазбаларды, әсіресе екінші дүние­жүзілік соғыс жайындағы хикаяларды батыр партизан ағамыз Қасым Қайсенов сүзгіден өткізетін. Содан әлгі қолжазба алдына келгенде ол кісі өз көзіне өзі сене алмапты. «Мына батыр оның бәрін қалай санап қойды екен?» деп таңға­лыпты да, тағы бір нолін қағып тастапты. Сонымен, кітап жарыққа шыққанда 700 немістен жеті-ақ неміс қалады!

Әлбетте, шыққан кітапты алдымен автордың өзі оқиды ғой. Майдангер аға­мыз 700 немістен жеті-ақ неміс қалғанын көре сала алдымен баспадағы редакторға келеді. Сонда Жұмекен: аға, өлтірген немісіңіздің қарасы тым көптеу болып кеткен соң бір нолін алып тастағаным рас еді, қалғанын Қасекеңнен сұраңыз, деп құтылады. Майдангер ағамыз салып ұрып Қасекеңе барады. Ол кісі келген шаруасының мән-жайын ұққан соң аз-кем әңгімеден кейін: ау, бауырым, бері қара. Мен төрт жыл бойы партизан отрядында жаумен атысып-шабысып, қолма-қол қоян-қолтық айқаста пышақ­тасып жүріп қаншасын жер жастандыр­ғанымды білмеймін. Ал сен қанша неміс өлтіргеніңді қайдан білесің? Егер де сен сияқты әрбір жауынгер жеті жүз неміс­тен өлтіре берсе, немістен тұқым да қал­мас еді ғой. Саған жеті неміс те жетеді, одан артық бірде-бір немісім жоқ, көнсең осы, көнбесең өзің біл, деген екен. Мұны баспадағы жігіттер көпке дейін жыр қылып айтып жүрді. Айта кететін бір жәйт, осыдан кейін соғыс­тағы ерен ерліктері жайлы жазатындар қатары азайды.

 

***

Енді Жұмекеннің Нәсібімен қалай танысқаным жөнінде. 2000 жылдың басында Ұлттық банктің Басқарма қызметі басқармасына қарайтын аудар­ма бөлімінде бөлім бастығы болып қызмет істеп жүргенімде бір күні Нәсіп жеңгеміз телефон шалды. Ол кісіні сырттай білгеніммен, жүзтаныс емес едім. «Қалқам, Ғазизбек, мен Жұмекен Нәжімеденовтің зайыбымын. Сені жақсы азамат деп естимін сыртыңнан. Бір өтінішім бар еді», деді. Мен: таныс­қаныма қуаныштымын, бұйымтайымы­ңызды айтыңыз, дедім. «Қарағым, Жұмекеннің кенжесі Саида қызымыз Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітірген еді. Экономист мамандығын алып шыққан әпкесі мен ағасы Ұлттық банкте қыз­метте. Саиданың мамандығы басқа ғой. Сондықтан аударма бөлімінде істегісі келеді. Басқа еш жерге барғысы жоқ. Мүмкіндік болса бөліміңе аласың ба?» деді. Мен: Нәке, Жұмекендей асылдың бір баласын қызметке ала алмасақ, біздің кім болғанымыз. Келсін дедім.

Содан Саиданы конкурстан өткізіп, жұмысқа қабылдадық. Кейін өзім зей­нетке шыққанда орныма қойып кеттім. Әкесі Жұмекенге тартып алғыр да ақыл­ды болып өскен Саида бөлім жұмысын жақсы меңгеріп алды (Бұл әңгімеге шүбәланатындар болса, Жұмекеннің жары Нәсіп Мұстахқызының өзінен немесе оның қызы Саидадан сұрауына болады. Ол әлі күнге Ұлттық банкте). Міне, содан бері Жұмекеннің отбасымен араласып кеттік. Жұмекенге қатысты іс-шаралар өткен сайын Нәкең бізді қалдыр­майды. Өткен жылы Нәкеңнің 80 жылдығы тойланғанда, зайыбым Гүлмар­жан екеумізді арнайы шақырды. Сонда Нәкең: 80 жылдығымды тойлау ойымда жоқ еді, бірақ балаларым: сіз атақты ақынның жарысыз, есіміңізді біраз жұрт біледі, атап өтейік деп қойма­ды, — деді Нәкең.

Дастарханды Есенғали Раушанов пен Мереке Құлкенов жүргізді. Кезегі кел­генде бізге де сөз берілді. Нәкең маған: Ғазизбек, мені қойшы, Жұмекен жайын­да айтқаныңды қалар едім, деді. Мен сонда жоғарыда жазғанымдай, Жұме­кеннің баспада редактор болған кезін­дегі сол бір қызықты оқиғаны айтып бердім. Нәкең разы болды. Біздің осынау адами достыққа ұласқан қарым-қатына­сымызды көре алмайтындар да кездесіп қалып жүр. Ондай сұрқыл­тайлар қай кезде де болған ғой. Әлі де бола береді. Ондайларға сөз шығын­даудың қажеті жоқ. Тек реті келген соң айтып жатқа­ным ғой.

 

***

Енді Нәсіптің өмірбаянына үңіліп көрелік. Оның өмірі – алыстағы ауылда өскен қарапайым қазақ қызының жүріп өткен жолы.

Нәсіп 1937 жылғы 17 сәуірде Аты­рау облысының Құрманғазы ауданын­дағы Қошалақ ауылдық кеңесіне қарасты «Жаңа жол» колхозында дүниеге келген. 1955 жылы «Нұр­жау»  орта мектебін бітіріп, еңбек жолын «Орлы» ауылында кітапхана меңгеру­шісі болып бастаған.

1957 жылғы 14 тамызда ақын Жұмекен Нәжімеденовпен отау құрған. Қазір Жұмекеннің ошағын сөндірмей, түтінін түзу шығарып, асыл жар болған, бұл күнде Жұмекеннің артында қалған перзенттері Әйкенді, Қарлығашты, Мағжанды, Тоғжанды, Саиданы біреу­ден ілгері, біреуден кейін дегендей ел қатарлы тәрбиелеп өсіріп, немерелер сүйіп отырған ардақты әже.

Еңбек жолының қалай жалғасқа­нына келер болсақ, 1957 жылдан бастап Алматы қаласындағы В.Терешкова атындағы кілем тоқу фабрикасында кілем тоқушы болып еңбек етті. Сөйтіп, қолөнерінің қыры мен сырына қанықты.

1985 жылы Жұмекеннің аяулы бейнесін кілемге түсірді. Алматы қала­сын­дағы жоғары оқу орындарында және мектеп оқушыларымен өткізген кездесулерде қазақ қолөнеріне қатысты өз тәжірибесін ортаға салумен болды.

Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ­стан Республикасы Мемлекеттік Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің мұраларын құрасты­рып, отызға жуық кітап шығарды. Соның ішінде ақынның екі томдық, үш томдық шығармалар жинағын, сондай-ақ жеті томдық толық шығармалар жинағын баспаға дайындады. Бұқара­лық ақпарат құралдары өкілдерінің Жұмекен Нәжімеденов туралы зерттеу сауалдарына әрдайым мәліметтер дайындап, ақынның өмірі мен шығар­машылығы туралы сұхбаттар беріп, кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» өлеңінің жазылу тарихын көпшілікке алғаш рет ұсынды.

«Біз достықты құрметтеп есейдік, – дейді Нәсіп Мұстахқызы – Жұмекен­мен бірге тұрғалы бірде-бір рет рен­жісіп көрмеппіз. Ол балажан, жүрегі жұмсақ, ешкімге дауыс көтеріп, қатты сөйлемейтін. Сондықтан мен асау ағысты өмір арнасында Жұмекендей жанға жар болғанымды шексіз бақытым деп білемін».

Нәсіп Мұстахқызы Жұмекен мен Шәмшіге арналып ескерткіш ашылса екен деп армандайды екен. Сол арма­нының орындалуына біз де тілектеспіз.

 

***

P.S.

Бүгінде осынау екі айым – Сапура Сейдуалықызы мен Нәсіп Мұс­тахқызы сексеннің сеңгірінен асып, тоқ­санның төріне аяқ басып отыр. Көрген­дері көп, көңілге түйгендері мол, ең бастысы, Балғабек Қыдыр­бекұлы мен Жұме­кен Нәжімеденов сынды ардақты асылда­рымыздың жансеріктері болған аяулы жандарға Алла Тағала ұзақ ғұмыр бергей.

 

Ғазизбек ТӘШІМБАЙ,

Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның құрметті журналисі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close