АСЫҚ АТУ ДӘСТҮРІ ЖАҢҒЫРЫП КЕЛЕДІ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және  «Ұлы  даланың жеті қыры» атты бағдарламалары аясында,  №184 мектепте  қазақтың көнеден келе жатқан  «Асық ату», «Асық қаршу» (бес тас) сынды ұлттық  спорттық  ойыны түрлерінен  Алатау ауданы мектептерінің оқушылары арасында ХХІІ спартакиададан жарыс  өткен еді. 

Аталмыш  жарысқа ауданы­мыз­дан 18 мектептің оқушылары қатыс­ты. Мұндағы басты мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріп­теу, ұмыт бола бастаған асық ату, бес тас, тағы басқа  да  көне спорт түрлерін жастар ара­сында насихаттау. Жарыстың  ашылу салтанатында Алатау  ауданы білім бөлімінің бас маманы А.Байтасов  келген қатысушы­лар­ды құттықтап,   «Асық ату – қазақ халқының ұлттық ойын­дарының бірі. Бүгінгі өткізіліп отырған іс-шараның негізгі мақсаты балаларды салауатты өмір салтын ұстануға баулу, ұлттық сана қалыптастыру болып табылады. Асықты әр қазақтың баласы ойнай білуі керек. Асық ату – бұл  ойын ғана емес, мер­гендік пен  көшбасшылық  қасиет­ті дамытатын спорт түрі, логикалық  ойлау қабілетіне жа­ғымды әсер етеді. Негізгі мақсат, міне, осы», – деп командаларға сәттілік тіледі.

«Теректі» ықшамау­данын­дағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ша­лабаев: «Асық ату – қазақтың ықы­лымнан  келе жатқан,  қазақ халқы­ның төл дәс­түрімен  ұштасқан, қазақ бала­сының   қанына біткен ұлт­тық ойыны. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде пайдала­нуымыз керек», – дей отырып,  ойын­ға қатысушыларға сәт-сапар тіледі.

Осындай кең көлемде өткі­зіліп отырған  қазақтың  ұлттық  спорттық  жарысында жеңімпаз мектеп оқушы­лары анықталып, Алғыс хат пен  мара­патқа ие болды. «Асық ату» ойыны бойын­ша І орынды №169 мектеп коман­­­дасы иеленсе, ІІ орынға   №178 мектеп-гимназиясының коман­дасы, ІІІ орынға №41  мектеп  командасы  ие  болды.

«Бес тас» ойыны бойынша І орын­ды №184 мектептен А.Сәр­секова  ие­ленсе, ІІ орынға №180 мектептен  А.Нү­сіпбекова, ІІІ орын­ды №196 мек­тептен А.На­зарбек   иеленді.

«Кубик-рубик» ойыны бойын­ша  І-ІІ орынды  №196  мектеп  оқушылары Р.Ибра­гимов  пен Ғ.Ниязов иеленді, ал ІІІ орынды   №169  мектептен   А.Мах­мет иеленді.

Мектебіміздің  өнерпаз оқушы­лары  Н.Мейлібеков пен М.Жеңіс­хан әуезді әндерін   тарту етіп, мек­теп оқушылары   келген қатысушы командаларға «Қара жорға» биінен  флешмоб ұйым­дастырды.

Кезінде қазақтың қаhарман баты­ры   Бауыржан Момышұлы: «Асық – үлкен халықтық  тәрбие. Ұлтымыздың дәстүрі мен мәде­ниетінің бастауы» деп баға берген болатын.

Халқымыздың  ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мәдениетін, салт-дәстүрін  жас­тарға жеткізу, ұлық­тау, сақтау  мақса­тында ұлттық ойындар жарысын  ау­дан көле­мінде  ұйымдастырып, өткіз­ген мектебіміздің  денешынық­тыру пә­нінің мұғалімдері Б.Досболова, А.Ман­сұров, Т.Көбеев, А.Жал­мырзаев, Д.То­ба­қабылов пен С.Беріков және Р.Са­паровқа  мек­теп директоры Р.Да­йыр­­бае­ва  алғы­сын білдіріп,  мектепте  бала­лар мен жасөспірімдерді дені сау азамат етіп тәрбиелеуге бағыт­талған осындай іс-шаралар үнемі  өткізіліп тұратынын  атап  өтті.

 

К.ОМАРОВА,

Алатау ауданы,  №184 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *