ҚАСТЕЕВ ӨРНЕКТЕГЕН ТАРИХ

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің Әбілхан Қастеев мемориалдық залында суретшінің 115 жылдығына арналған «Дөңгелек үстел» болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты тұлғалар галереясын жасау қажеттілігін атап өткен болатын: «Мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет». Және Әбілхан Қастеевтің қылқаламынан туындаған Кенесары хан, Шоқан Уәлиханов, Абай, Амангелді Иманов, Жамбылдың және басқаларының портреттері, сондай-ақ Әбілхан Қастеевтің портреті де осы галереяда лайықты орынға ие.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Әбілхан Қастеевтің есімі Қазақ­стандағы ең ірі көркемсурет – Өнер музейіне 1984 жылы берілген, бүгіндері оның коллекциясы 25 мың жәдігерді құрайды. Әбілхан Қастеев ұлттық кескіндеме мектебінің пайда болуы мен қалыптасуына негіз болды. Кедей отба­сынан шыққан бала әкесінен ерте айырылып, мал бағуға мәжбүр болады, кейіннен Түрксібтің құрылысына қатысады. Өміріндегі қиыншылықтарға қарамастан біртуар дарынның еңбекқор­лығының арқасында алдымен Алматыға, сосын екі жылға Мәскеуге суретшілік оқуға барады. Шығармашылық жылда­рында Қастеев қазақ халқының әрқилы өмірін бейнелеген 2000-нан аса кескін­демелік және графикалық туындыларды жарыққа шығарды. «Мақта жинау», «Түрксіб», «Егін ору», «Ұжымшар тойы», «Ескі және жаңа тұрмыс» топтамасы, «Жас Абайдың портреті», «Биік таудағы Медеу мұз айдыны», «Талас өңірі» сияқты суреттері өткен мен бүгіннің көркемдік шежіресі іспетті, кеңес өкіметі жылдарындағы республикадағы өзгеріс­терді кеңінен көрсетеді. Музейдің ғылыми қызметкерлері Әбілхан Қастеев­тің шығармашылығын зерттеуде тынбай еңбектену үстінде. Жыл сайын қазан айында музейде қазақ сәндік-қолдан­балы өнері мен бейнелеу өнерінің зерт­теулеріне арналған «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы өткізіледі. 2004 жылы музеймен Әбілхан Қастеевтің барлық туындысының ката­логі шығарылды, кейінірек суретші­нің фотомұрағаты жинақталды және оның шығармашылығы бойынша ғылы­ми мақалалар жинағы әзірленді. Сурет­ші­нің туғанына 115 жыл толуына арнал­ған суретшілер, өнертанушылар, коллек­ционерлер, жоба жетекшілері қатысатын «Дөңгелек үстелде» Әбілхан Қастеев шығармашылығының табиғаты мен феномені, оның Қазақстан бейнелеу өне­рі­нің дамуына қосқан үлесі жайын­да мәселелер қозғалды. Ұзақ жылдар сурет­шімен жақын араласқан Ізгілік Дабаев пен суретшінің қызы Гүлдария Қастеева­ның естеліктері тартымды болды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *