Қастеев музейі Алмастың «Дебютін» ұсынды

Таяуда Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде жас суретші Нұрғожаев Алмастың «DEBUT» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды

Бұл Алмастың алғашқы жеке шығармашылық көрмесі болғанымен, оның қатысқан көлемді көрмелер тізімінен аса белсенді әрі айтарлықтай тәжірибелі суретші екенін аңғарамыз. Экспозицияға автордың соңғы екі жылда орындалған үлкен форматтағы 15 кескіндемелік туындысы қойылған.

Алмас Нұрғожаев – бүгінгі қазақ бейнелеу өнеріндегі белсенді жас суретші­лердің бірі. Суретшінің туын­дылары – оның ішкі әлемі мен жан-толғаныстарының көрінісі. Оның шығармаларын тамашалаған кезде бірінші болып көзге түсетіні – күрделі қозғалыс пен ракурсқа құрылған экспрес­сияға толы композициялар. Қылқалам шебері натураны жалпылау мен монументали­зациялауға жақын. Ол негізгі бейнені шынайы жазу үшін ғана емес, сонымен қатар, оның жасырын ішкі мағынасын көрсетуді мақсат етіп қояды.

Суретші тақырыптарының желісі кең. Әке мен бала, махаббат, қоғамдағы өткір мәселелер, сондай-ақ, ең бастысы адам және оның өмірмен немесе өзімен күресі. Бұл бейнелердің әрқайсысы ғаламдық тебіреніс­пен көмкерілген. Олар өткір жағыстар мен монохромды түстер үйлесімінде күрделі ракурста шешіліп, дене-бітімдеріне ерекше мән беріле, бейнебір мүсінші секілді саз балшықпен емес, түс арқылы сом­далады.

Әке мен бала демекші, Алмас бала күнінен сурет салудан бұрын ермек­сазбен жұмыс істегенді жақсы көрді. Кейін әкесі Төлегеннен естіген ертегілер желісімен өз қиялындағы батырларды ақ қағазға түсіре бастады.

Нұрғожаев Алмас өзінің кескін­демелік туындыларында детализациядан саналы түрде алшақтап, компози­цияның монументал­дығына ұмтылады. Ол өзі мен кенептегі бейненің арақашықтығын сақтай отырып, жалпылыққа қол жеткізеді. Яғни суретші сыртқы тұрмыстық суреттеуден гөрі философиялық ойлауға талпынады. Оған автордың «Әке қанаты», «Диалог», «Көктен», «Ауыз бекіту», «Сырласу», «Келісі малдында» композициялары жақсы мысал бола алады. Мұнда қылқалам шебері басты бейнені ауқымды етіп көрсетсе, жазықтық бетіндегі заттар мен фигуралар үшін кенеп көлемі әрқашан тарлық ететіндей әсер қалдырады. Ал «Автопортретінде» әр кезеңде де өз дәуірінің қаһарманы болып табылатын суретші бейнесін күрделі қозғалыста барынша айшықты етіп жазады. Мұндағы суретшінің басты қарулары – қылқалам мен палитра. Сонымен қатар, «Ояну», «Қызыл кітап», «Жаңа әуен», «Суретшінің жолы», «Шарықтау» кенептері тұрмыстың шиеле­нісін, шығармашылықтың тынысын, сезім мен ойдың драмалық диалогын көрсетеді.

Алмас Нұрғожаев – Алматы облысының Кеген ауылында дүниеге келген. 2007 жылы О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжін, 2012 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясын Ж.Қайрамбаев, Ө.Жұбания­­зовтардың шеберханасында тәмамдады. 2017 жылы осы академияның магис­тратурасын тәмамдады. 2012 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Бүгінде О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде ұстаздық қызмет атқарып жүр.

Көрменің ашылу салтанатында жас суретші ата-анасына және ұстаздарына алғысын білдірді.

 

  Шұғыла ОЛЖАС.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *