Астана – ғылым мен білімнің эпицентрі

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Олжас Сүлейменов атындағы әлеуметтік гуманитарлық және тәрбие беру институтының директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор Есенгелді  МЕДЕУОВ мырзамен сұхбат

 

– Есенгелді Өміржанұлы, осыдан 20 жыл бұрын елімізде дәуірлік маңызы бар ірі оқиға болды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің астанасын ауыс­тыру туралы  Жарлық  шығарып, ол тарихи ше­шім жүзеге асырылды. Сол бір тарихи шешім туралы не айтар  едіңіз?

– Иә,  ол оқиға тарихи сәт болатын. Себебі, адамзат жылнамасында мұндай мысалдар аз кездеседі. Батыл қадамға барып, соқпақсыз жолмен жүріп нысанаға жеткен елдер саусақпен санарлықтай.

Жаңа астананы салу шешімін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан  Назарбаев жас мемлекетіміздің іргесін қалаудың күрделі кезеңінде жариялағанын ұмытуға болмайды. Қазақстан ол шақта ескі мен жаңаның арасындағы алмағайып сәтте, аса қиын әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси жағдайда өркениетті нарыққа, ағартушылық демократияға бет бұрған кезең  еді. Сондықтан да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа, тіпті кейбір үзеңгілес серіктерінің өзі сын көзбен қараған осынау өршіл жобаның бастамашысы болып, оны жүзеге асыру жауапкершілігін өз иығына артуына тура келді.

Елінің стратегиялық мүдделерін кең ауқымда көре білетін, қайтпас қайратты нағыз көшбасшы ғана өзге орындаушылардан ерекшеленетіні айқын. Бүгінде, арада 20 жыл өткенде, еліміздің азаматтары және бүкіл халықаралық қауымдастық нағыз  саясаткерге тән биік қасиеттерді іс жүзінде таныта білген Нұрсұлтан  Назарбаевты қуана қостайды. Соның арқасында бүгінде Астана мен біздің мемлекеттігіміздің болашағы егіз ұғымға айналып отыр.

Біздің астана әлемге қайталанбас нысан­дарымен танылып отыр.  Олардың ішінде сәулет өнерінің бірегей туындысы  – «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Хан шатыры», «Мәңгілік ел» монументі, «Бәйтерек» ғимараты ғаламды таңқалдыруда. Оларды салу бастамасын Мем­лекет басшысының өзі көтергенін айта кеткен жөн. Ол барлық басты құрылыстардың тікелей жауапкершілігін өз міндетіне алып, сәулетшілер мен құрылысшыларды және кәсіпкерлерді сарқылмас қуатымен,  ерен ерік-жігерімен және жасампаздығымен жігерлендіріп отырды. Онсыз болмайтын еді.

– Қазақстан Президентінің сол кезде халықаралық қауымдастықта «Қазақстан жолы» деген атауға ие болған тұжырымдамасы жайында арнайы тоқталып өтсеңіз?

– Қазақстан лидерінің есімі «Назарбаев моделі» ұғымымен астасуы оның шын мәнінде прогресшіл реформалардың талассыз табысына саятын ірі бастама болатын. Бұл – әр қимылына сақтықпен қарайтын шетелдік лидерлер мен танымал саясаттанушылардың Қазақстан Президентін халықаралық ауқымдағы  мемле­кеттік ірі қайраткер деп тануына ашылған жарқын жол  болды. Демек, Астананың бой көтеруінде Қазақстан Президентінің есімі оның тарихи жылнама­сының бастауынан орын алуының басы деуіміз сондықтан. Бұл оның тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасын салуымен де байланысты екені айқын.

Осы бір тарихи мәні бар оқиға туралы естеліктер айту  мен үшін аса қымбат сәт. Ая­зы ашуға мініп, бораны асау мінез көрсеткен сол бір күндердің өзі Астанаға алғашқы көшіп келушілердің өр рухымен астасып кеткендей. Бүгінде  Астана біздің қуанышымыз бен мақтанышымызға айналып, «Арман қала» ретінде жүрегіміздің құндағына бөленді.

Елорданы ауыстыру – шын мәнінде дәуірлік сипатқа ие. Ол – тарихи болашағымыздың өзгеруі, өркениетті өз жолымызды таңдаудың бастамасы болды. Алматы  – Қазақстанның бас қаласы ретіндегі толық міндетін атқарды, оған ешкімнің өкпесі болмауы тиіс. Алматы – өткен шақтың ең іргелі міндеттерін айқындап берді.  Алайда, демографиялық факторды және жаңа геостратегиялық жағдайларды ескере отырып, мемлекетіміздің бас қаласын еліміздің геогра­фиялық орталығына, көлік және коммуника­цияның негізгі қан тамырлары өтетін жерге ауыстыру туралы түбегейлі шешім қабылдау қажеттігі туды.

Осылайша аңызға айналған Сарыарқа төсінде  Қазақ елінің жаңа тұрпатты астанасы бой көтерді.  Ол – шаһар бүгінде Орталық Азия­ның інжу маржаны аталып отыр.  Бүгінде Аста­нада біздің Отанымыздың жүрегі соғады, дәл осы арада тарихи шешімдер қабылданады. Астана – болашақ  ғасырларға ұмтылған қазақ халқының ұлттық жаңғыруының, рухани өр­леуінің рәмізі. Астана – қазақстандықтардың азаттық пен тәуелсіздік алуға ұмтылған асқақ ар­ма­нының,  мәңгілік  гүлденуінің айқын нышаны.

Бүгінде жаңа Астана халықаралық белсен­діліктің ірі орталығына айналып отыр. Астана – бітімгер қала. Әлем біздің бас қаламыз  арқылы елімізді жаңа қырынан таныды. Соңғы жылдардың өзінде Астанада ірі халықаралық форумдар, ЭКСПО көрмесі мен ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭК, сондай-ақ, ҰҚШҰ саммиттері өткізілді. Аста­нада Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекші­лерінің съездері өтті.  Астана – білім мен ғылыми ортаның эпицентріне айналды.

Астананың алғашқы мерейтойы – Қазақ­станның серпінді дамуының, елдің халықаралық беделінің артуының, халқымыздың әл-ауқа­тының жақсаруының жарқын бейнесі. Алда Қазақстан астанасы бұдан да жасарып, жайнай түсетін болады. Президентіміз бүгінгі қол жеткен табыстармен тоқтап қалуға болмайты­нын, жеңістерге масаттану тоқырауға ұрынды­ратынын үнемі айтып келеді. Алдымызда Астананы одан әрі гүлдендіру бағытында  көптеген жұмыстар күтіп тұр.

– Мемлекетіміздің қол жеткізген табыстары Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Бұл – мойындалған ақиқат.  Әлемнің белгілі саясаткерлерінің барлық жағымды қасиеттерін бойына сіңіре отырып, Қазақстан Президенті жарқын жолдармен жүріп, мемлекеттік құрылыс сынды қиындығы көп істе табыстың жаңа формуласын таба білгенін қалай бағалар едіңіз?

– Ел үшін ең қиын кезеңдерде Президент таңдап алынған жолдың дұрыстығын, рефор­малардың жемісіне сенімін жоғалтқан емес. Өткен жүз жылдықтың соңында бүкіл Азияны шарпыған ауыр қаржы дағдарысы тұсында Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстан ешқашан құламайды» деген көрегендік сөз айтты. Сол арқылы мемлекетіміздің жарқын болашағына деген халықтың сенімін нығайтты. Ол осы жолда   кездескен күрделі кедергілерді, тосын табиғи апаттарды, консерватизм мен көлеңкедегі жасырын қарсылықтардың бәрін  бұзып-жарып өтті. Мемлекет басшысы елдің көпұлтты халқын нық бастай білді. Адамдарға реформалардың ішкі мәнін төзімділікпен түсіндірді және олардың жүзеге асуын өзінің қуатты беделімен қамтамасыз етті.

– Бүгінге Астананың бойынан не көресіз?

– Кез-келген  мемлекеттің әл-ауқаты  оның халқының  өсіміне сай бағаланады екен. 1997 жылы Ақмола елордаға айналғанда тұрғын­дардың саны 225 мың адам болатын. Ал қазір 1 миллионнан асып  жығылып отыр. Мұның өзі қаланың қарқынды өсіп келе жатқанын аңғартса керек.

Жалпы, әлемде қалыптасқан тәртіп бойын­ша белгілі бір қаланың астана атануы үшін ол 32 талапқа сай болуы керек екен. Ақмола осы өлшемдердің түгеліне лайық болып шығуымен де мазмұнды болып отыр.

Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан Назар­баевқа тағдырдың өзі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ғана емес, жаңа елорда – Астананы салуды бұйыртты. Бүгін біздің Отанымыз бұрынғы кеңестік кеңістікте, жалпы түркі әлеміндегі барынша табысты мемлекет деп танылып отыр. Қазақстандықтар өз Отанымен, оның астанасымен  мақтана  алады. Қазақстан азаматы болу – үлкен құрмет, әрі зор артық­шылық. Сондықтан менің ойымша, еліміздің әрбір тұрғынының  ұлттық һәм әлемдік тарихқа  Реформатор және Жасампаз Президент ретінде енген өзінің көшбасшысына деген қалтқысыз құрметі болғаны абзал.

– Астанасына қарап елін таны деп жатады, қазақтың бас шаһары қандай болу керек, әлі де ескерілер нендей  мәселелер бар деп ойлайсыз?

– Жалпы, ел орталығы болу үшін қалада үш нәрсе болуы шарт: су көзі, кірпіш және тамаша табиғат. Бізде соның бәрі бар! Демек,  Аста­наның әлемнің көрікті шаһарлары қатарынан көрінетін мүмкіндігі жеткілікті.

Елбасы бастамасымен қала айналасындағы жасыл белдеу аумағы жыл сайын кеңейтіліп келеді. Бүгінгі таңда ол негізгі  фактор болуы шарт. Көшеттерді көптеп егу бір жағынан жазда шаң, қыста қар бораған қала эколо­гиясын сақтауға, қорғауға бағытталса, екін­шіден, жап-жасыл көркінің өзі тамаша емес пе! Дегенмен, көше бойы мен үйлер арасында жасыл желек әлі де аз. Сондықтан ағаштарды, саябақтарды көбейту керек деген пікірді қолдаймын.

– Әңгімеңізге  рахмет!

Әңгімелескен – 

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *