АСТАНА ТУРАЛЫ ЗИЯЛЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

 

Өмірзақ АЙТБАЙ,

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик:

«Елорданың Өркендеуі – Қазақстанның Өркендеуі»

Қазақ елі Тәуелсіздігінің тұғыры іспеттес Елорда биыл 20 жасқа толып отыр. Әлбетте, бұл жас бір мемлекеттің астанасы үшін қас-қағым сәт секілді. Алайда, осынау аз ғана жыл ішінде Астана дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһан­дағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. Күн санап өсіп жатқан Астана қазіргі таңда Шығыстың да, Батыстың да айшық­тарын өн бойына үйлестірген байтақ қала атанды.

 

20 жылда Астана үлкен мегаполиске айналды. Статистика мәліметтеріне қара­ғанда, қала халқының саны миллионнан асты. Қара шаңырақ астында дүниеге келген қазақ көк әлеммен тілдескен үйлер­ді құтты қонысқа айналдырып, қысы­лып-қымтырылмай жаһан халықта­рымен иық тірестіріп тұратындай дәрежеге жетті. Үшінші мыңжылдық табалдырығын ұлт болып ұйып аттаған қазақ елі бола­шаққа нық қадам басып, алыс қияңдарға жанарын жіті қадайды. Қазақстанды асқар асуларға бет алған керуен десек, Астана оның адастырмас темірқазығы іспетті.

Бас-аяғы жиырма жылда бәйтеректей биіктеген Астананың сұлу күйі әлем назарында. Елорданың түлеу мен түрлену кезеңі әлі алда. Елбасының «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі», – деген терең тұжырымдамасын қағида етіп ұстанған жасампаз күш иелері қала келбетін одан әрі сұлуландыруда. Еуропа­ның сәні мен шығыстың нәзік нақышы қатар өрілген, өркениеттің сәтті қабысуы нәтижесінде ажарланып, абаттана түсетін асқақ Астана ұлтымыздың мақтанышына айналмақ. Елордада бой түзеген «Астана-Бәйтерегі», тәуелсіз Қазақстанның бейнелі белгісі іспетті. Франция еліне Париж қаласына барған жан ең алдымен Эйфиль мұнарасын іздейді. Бәлкім,  Бәйтерек болашақта Астанамыздың бейнелі белгісі  болар.

Экономикалық және саяси-әлеуметтік маңызы зор елорданы осы заманға сай үлгіде абаттандыру – әлемге еліміздің жаңа­шыл үрдісте дамығандығын, жаһан өркениетінен қалыс қалмағандығын танытады. Қалай дегенмен де, Астана Қазақстанның бет пердесі. Сол себепті, Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі.

Астанамыздың абыройы асқақтап, беделі биіктеп, бүкіл әлем көз тігетін, қызыға қарайтын, қазақстандықтар шат-шадыман сезімге бөленетін шаттық шаһарына айналды. Арқаның ажарына, Азаттықтың айғағына баланды.

Айта берсек, Астана шежіресі туралы шертілер сыр аз емес. Бүгінде төрткүл дүниеге танылған Еуразия кеңістігіндегі ғажайып Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы. Ажары ақ сәулемен жарқыраған, назары күн нұрын­дай сарқылмаған, алтын күмбезді Аста­намыздың әр даңғылы гүл ашып, баянды болашаққа жол ашып келеді. Ендеше, айбарымен алаштың арқасын қоздырып тұрған Астанамыз асқақтай берсін!

 

Асанәлі ӘШІМОВ,

ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері:

ұлттық рух та, адуынды айбат та бар

Астана жас қала болғанымен, оның орналасқан жері – киелі Сарыарқаның тарихы тереңде жатыр. Кез-келген қала бейне бір тірі ағза тәрізді дүниеге келу, өсіп, өркендеу кезеңдерінен өтетіні белгілі. Астана қаласы да қысқа мерзімде өзінің қалыптасу, өсу, өркендеу сатыларына абыроймен көтеріліп келеді.

 

Елордамыз аз уақыттың ішінде адам айтса сенгісіз, көздің жауын алар әдемі шаһарға айналды. Біз Астананың қалай салынып, көркейгенін көзбен көрдік. Астананың келбеті күн сайын емес, сағат сайын жаңарды, көркейді. Астана – хал­қымыздың мақтанышы, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің нышаны. Бір кездері шет аймақтағы қала аз уақыттың ішінде сан мыңдаған тұрғындары бар саяси, эконо­микалық және мәдени өмірдің орталығына айналды. Мұнда қазір қызмет ету де, білім алу да – бақыт, арман. Бар әлемнің наза­рында тұрған Астанада ұлттық рух та, адуынды айбат та бар. Бас қаланың мәдени өміріндегі толайым табыстары да аз емес.

Бүгінде Елордамыз ұлттық идеяның темірқазығы, ұлттың рухани түлеуінің қозғаушы күші. Жас қала еліміздің күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті орда. Қазіргі Астананың көз тоймастай көркіне,  жылдан-жылға әсемденіп өсіп келе жатқанына әрбір адам қызыға қарайды. Бас қала бүгінде айрықша сәулетімен ғана ерекшеленіп қоймай, сондай-ақ, бау-бақшалы қалаға айналды. Астананың Астана болуында Елбасымыз Н.Ә.Назар­баев­тың еңбегін айтпай кетуге болмас. Ол кісі Астананы жаңаша гүлдендірді. Ертеректегі Ақмола, бүгінгі Астана адам танымастай өзгерді. Иә, астанамызды салуда Елбасының ерлігі ерен.

Жиырма жылдың ішінде елордада көптеген білім, денсаулық сақтау және мәдени нысандар бой көтерді. Астананы әлем таниды, мойындайды. Астанамен бірге Қазақ елін де дүниежүзі танып, білді. Қазір елдегі басқа аймақтар Астанаға қарап бой түзейтін болды.

Бұдан былай Астана елдің экономика­лық, әлеуметтік  қана емес, мәдени дамуын алға сүйрейтін локомотиві болуға тиіс.

 

Смағұл ЕЛУБАЕВ,

жазушы, кинодраматург, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

келешектің қаласы

Мен өзім қазір Астанада жүрмін. Елорданың 20 жылдық мерейтойына орай ХІV Халықаралық «Еуразия» кинофести­валіне қонақ болып қатысып отырмын. Астана қазір бұрынғыдай емес, күннен-күнге көркейіп, өсіп-өркендеп келеді. Тіпті, бір жылдың ішінде қала адам танымастай өзгеріп кетіпті. Сырт көзге бұл бірден бай­қалып тұр. Небір әсем, зәулім ғимараттар салынған. Қаланың еңсесі көтерілген. Қала тап-таза, көшелері гүлмен көмкерілген.

 

Бұрын біз Астананы Қазақстан қалала­рымен теңестіріп, солардың алдын орап келе жатқан қала ғой деп қарайтын едік. Қазір Астана, шын мәнінде, Қазақ­станның еңселі Елордасына айналыпты. Мен өзім Еуропаның көптеген қалаларын аралағанмын. Енді Астананы әлемнің бас қалаларымен теңестіруге болады екен. Олардың ешқайсысынан еш кем түспейді.

Астана – әлем назар аударатын қала­лардың біріне айналған. Қалаға туристер көптеп келе бастаған. Мен өзім кеше Бәйтеректің түбінде жүріп, қаншама турис­терді көрдім. Олар қайта-қайта суретке түсіп, қаланы тамашалап жүр.  Біз өзіміз осында жүрген соң, барымызды көп бағалай білмейміз ғой. Әйтпесе, шындығына келгенде, Астана – ерекше қала. Небәрі жиырма жылдың ішінде осындай сәулетті қала бой көтерді. Басқа шаһарларға тіпті де ұқсамайды. Бітімі бөлек. Ерекше. Мақтаныш етесің, марқая­сың. Түбі Астана тек сәулетті қала ғана емес, сонымен бірге Еуразия кеңіс­тігіндегі құлашын кең жайған, іскерлік пен мәдениеттің, ғылымның қыз-қыз қайнаған орталығына айналады.

Осы орайда, елдің өзі «Бас қаланың бас архитекторы» деп бағалаған Елбасы­мызды келе жатқан туған күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әлемде астана­сын көшірген ел көп емес. Соның бірі – Қазақстан. Астананы ауыстыру туралы әңгіме қозғалғанда, бұл бастамаға күмән­мен қарағандар көп болды. Бірақ мойын­дайтын бір шындық бар – Назарбаев арманы ақиқатқа айналды. Сарыарқаның төрінде бүгінде жарқырап, жайнап, жас қала бой көтерді. Астананың аты әлемге әйгілі болды.

Бір сөзбен айтқанда, Астана қанаты кеңге жайыла береді. Астана – келешектің қаласы. Елорданың болашағы зор болады. Бүкіл ел алдағы уақытта бас қаланың өсіп-өркендей беретініне кәміл сенеді. Жасай бер, жайнай бер, Астана!

 

Бексұлтан Нұржекеев,

жазушы,

Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

алты Алаштың айбынына айналды

Шыны керек, әсем Алматыға бауыр басып, тіпті кіндігі байланып қалған көп адам астана­мыздың Арқаға көшуін алғаш­қыда құптай қой­ма­ды. Ал негізінде бұл қадамның мақса­ты тым әріде жатқан болатын. Осы орайда Астананың көшуін әде­биетшілер қауы­­мы ішінен ең алғаш қолдаған «Қазақ әдебие­ті» газеті болғанын да айта кетейін. Мен де құптағандардың бірімін.

 

Ұмытпасам, Астананың он жылдығы мерей­тойы болуы керек, бізді де шақырды. Қаланың қақпасынан енгеннен-ақ оң өзгерістерді бірден байқадым. Бұрын іссапармен барып жүргендегі Целиноград кезіндегідей емес, қазақылана бастаған. Орта өзгерген. Көше атаулары да қазақ­шаланған. Сонда естігенмін, бір мезгілде қаланың 300-ден астам көшесінің атауы ауыс­тырылыпты. Қоғамдық көлік ішіндегі жолаушы­ларға да аялдамалар қазақша хабарланатын болған. Тіпті, көшеде таксиге қол көтеріп отыра қалған сәттен-ақ жүргізу­шісінен «Аста­намыз қалай?» деп сұрай кететінмін. Сонда білгенім, балабақ­ша ішіндегі шағын топтарға шейін «құлын­шақ», «ботақан», «айналайын», «қарақат» сынды құлаққа жылы естілетін сырлы сөздермен атала бастапты. Әрине, солай болуы тиіс еді. Өйткені, Астана – жай емес, қазақтың кіндік қаласы.

2001 жылы Сәбит Мұқановтың, одан соң Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық тойла­рына жол түсті. Бардық. Дүбірлі тойға жиналған ағайынға арнап жергілікті азаматтар тоғайдың ішіне киіз үйлер тігіп тастаған екен. Алдымызға табақ-табақ ет тартылып, қызмет көрсетіп жүрген жігіт­тер де мәз. Қолға су құйып, зыр жүгіріп жүрген жастар да тойдың сәнін кіргізіп, бір жасап қалдық. Сол сапарда бір серпі­лістің, қуаныштың бар екенін көрдім, сезіндім. Иә, жердің иесі қазақ болған соң, ондағы бар тірлік ұлттық реңгке боялуы заңды да. Сөйтіп, тағы да қуанып, мерейіміз өсіп қайттық.

Астана – тоғыз жолдың торабы. Бүгінде жолаушылаған кез-келген адамды Елордаға тасжол да, шойынжол да еш кедергісіз жеткізіп салады. Жол – ол халықты біріктіретін, ұйыс­тыратын, ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жег­жатты жақындасты­ратын дәнекер-тілекші. Ал бір-бірімен араласпаған, біліспеген ағайын бір-бірін сыйламайды. Оларда ауызбіршілік те болмайды. Міне, осы жағынан келгенде, төрт құбыламызды жақындатқан қара жол да саяси жағынан да, тіршілік жағынан да аса маңызды инфрақұрылым.

Бүгінде Астана төріндегі Керей мен Жәнібек ханнан бастап, Кенесары, Бөген­бай, Бауыржан, Абай, Жамбыл бабалары­мыздың ескерткіштері де менмұндалап, шоқтығы биік ел еңсесін асқақтатып тұр. Бұл – жердің иесі де, киесі де қазақ екенін айғақтайды. Сондықтан Арқаға көшу сапары Елбасының өте сәтті қадамда­ры­ның бірегейі болды деп санаймын. Бүгінде Астана алты Алаштың айбынына айналды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *